Өскемен іргесіндегі ауылда бөгеттегі су азайып кетті

© Photo : Пресс-служба министерства по чрезвычайным ситуациям КазахстанаАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.08.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 27 тамыз – Sputnik. Өскемен қаласының маңындағы елді мекен тұрғындары Опытное поле ауылына жақын маңда орналасқан су қоймасының тайыздануына байланысты дабыл қақты. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Noks.kz.
Тұрғындардың айтуынша, тоғандағы су күн санап таязданып барады. Тұрғындар суаттағы балықтар қырылып қалуы мүмкін деп секемденіп отыр. Сонымен қатар бұл аймақтағы жүзуге және балық аулауға болатын жалғыз орын.
Тоғандағы су деңгейі реттеледі. Алайда тұрғындар суды реттеуге арналған арнайы ысырманы біреулер жарамсыз етіп тастағанын байқаған.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Жуковка бұлағындағы бөгет-қойма "Шығыс су қоймалары" МКК теңгерімінде екенін хабарлады.
"2018 жылы гидротехникалық құрылысқа көпфакторлы зерттеу жүргізіліп, сараптама қорытындысы берілген. Қорытындыға сәйкес, кейбір элементтер апатты жағдайда тұр, сол себепті гидротехникалық нысан күрделі жөндеуді қажет етеді. Алайда жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бюджеттен қаражат қарастырылмағандықтан, тоғанға күрделі жөндеу жүргізілген жоқ", - деді басқармадағылар.
Кәсіпорын гидротехникалық нысанның жағдайын ескере отырып, су қоймасындағы суды қазіргіден көбейте алмай отыр. Егер су қоймасын толтырса, бөгет жарылып кетуі мүмкін және оның салдарынан төтенше жағдай туындайды.
26 тамызда Опытное поле ауылдық округінің әкімі мен басқарма қызметкерлері бөгет ысырмаларының жарамсыздығы туралы ақпаратты тексерді. Белгісіз біреулер ысырмадағы редукторларды бұзып тастағаны белгілі болды. Олар ысырмаларды ашық қалдырып, бұл тоғандағы судың бірден азаюына әкелген.
Редукторлардың ұрлану фактісі бойынша ведомство полицияға шағым түсіреді.
Жаңалықтар
0