Экономика

Келесі жылы Ұлттық қордан қанша ақша тартылады

© Sputnik / Абзал КалиевТенге, монеты
Тенге, монеты - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.08.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 27 тамыз – Sputnik. 2023 жылы Ұлттық қордан 2,2 триллион теңге кепілдендірілген трансферт алынады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев үкіметте "2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын таныстыру барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, 2023 жылы түсімдер 17,8 трлн теңге, 2024 жылы – 18,2 трлн теңге, 2025 жылы – 19,0 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр.
"Келесі жылы Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт осы жылмен салыстырғанда 1,8 есеге азая отырып, 2,2 трлн теңге мөлшерінде тартылады", - деді Жамаубаев үкімет отырысында.
Айта кетері, биыл Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшері 4 трлн теңге болды. Бюджет тапшылығы 2023 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,7%-інен кезең-кезеңмен 2025 жылы ЖІӨ-нің 2,5%-іне дейін төмендейді деп жоспарланған.
Келесі жылы шығыстар кіріс пен тапшылықты ескеріп, 21 трлн теңгені құрайды.
"Егер бюджет шығыстарының құрылымын қарасақ, негізгі үлесі әлеуметтік салаға келеді. 2023 жылы әлеуметтік салаға 8,0 трлн теңге қаражат жоспарланды", - деді министр.
Ал 2024 жылы – 9,1 трлн теңге, 2025 жылы - 9,7 трлн теңге бағыттау көзделген. Шығыстар зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге, білім, денсаулық салаларын, мәдениет пен спортты дамытуға, жастарды ынталандыруға бағытталады.
Экономиканың нақты секторын дамытуды қолдауға 2023 жылға 2,1 трлн теңге көзделді (2024 жылы – 1,5 трлн теңге, 2025 жылы – 1,4 трлн теңге).
Аталған бағыттың басымдықтары: өңдеу өнеркәсібін дамыту; аймақтарда инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жалғастыру; кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамыту және қолдау; көлік және газ тасымалдау жүйесін дамыту.
Жаңалықтар
0