АрХО-2022: Қазақстандық әскерилер тағы бір сайыста жеңіске жетті – видео

© министерство обороны Республики КазахстанАрХО-2022
АрХО-2022 - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.08.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 25 тамыз – Sputnik. Қазақстандық әскери қызметшілер "Бейбітшілік жауынгері" зияткерлік сайысында үздік атанды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Арменияның Дилижан полигонында өткен жарыста аға сержанттар Дархан Аслан, Бектөре Назашов, Тұрар Тілегенов және қатардағы жауынгер Назира Әлбосынова Армения, Беларусь пен Ресей елінен келген қарсыластарын басып озып, жарыстың алтын жүлдесін жеңіп алды.
Сайыстың нәтижесі "Ратник" қорытынды кезеңінде шешілді. Қазақстандық әскери қызметшілер ерлер арасындағы әскери-қолданбалы пәндер жарысында да жеңіске жетті. Қатардағы жауынгер Назира Әлбосынова әскери-медициналық жарыста үздік нәтиже көрсетіп, атыс даярлығының жаттығуларын сәтті орындап шықты. Осының арқасында қазақстандық команда жоғары ұпай алды. Жалпыкомандалық есепте екінші орында – Ресей, ал Беларусь елінің өкілдері үшінші орынды қанағат тұтты.
Әзербайжандағы әскери теңізшілер арасындағы "Теңіз кубогы" байқауының сайыстары да аяқталды. Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша қазақстандық команда екінші орынға ие болды. Бірінші орынды Әзербайжан мен Ресейдің әскери қызметшілері өзара бөлісті.
Кабардино-Балкарияда өтіп жатқан "Эльбрус шеңбері" байқауы жалғасып жатыр. Қазақстандық әскери қызметшілер үшінші орынға тұрақтады. Ал Ресей мен Өзбекстан жауынгерлері алда тұр. Соңғы жарыс – Эльбрус шыңына шығу. Осыдан кейін сайыстың нәтижесі шығарылады.
Мәскеу маңындағы "Алабино" полигонында қазақстандық танкистер "Танк биатлоны" байқауының ақтық мәресіне өтпей қалды. Жартылай финалдық эстафета қызықты әрі тартысты өтті. Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасы мәреге жетер алдында Қытай командасынан қалып қойды. Сондықтан Халықаралық армия ойындарының жабылу күні өтетін финалға шықпайтын болды.
Айта кетері, Қазақстанда Халықаралық армия ойындары аясында өткен "Артиллериядан оқ ату шеберлері", "Меридиан" және "Тактикалық мерген" байқауларында қазақстандық әскерилерге тең келетін ешкім болмады.
Жаңалықтар
0