Экономика

Қазақстанда 2023-2025 жылдары ЖІӨ өсімі 4% деңгейінде болжанып отыр

© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.08.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 25 тамыз – Sputnik. Қазақстан үкіметі "2023–2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын әзірледі.
Құжат мәтіні "Ашық нормативтік-құқықтық актілер" порталында жарияланған.
Заң жобасына сәйкес, ЖІӨ-нің нақты өсуі 2023-2025 жылдары 4,0-4,1% деңгейінде, 2026 жылы 3,2%-ке дейін (кен орындарының сарқылуына байланысты мұнай өндіруді қысқарту жоспарлануда) және 2027 жылы одан әрі 4,2%-ке дейін өседі деп болжанып отыр. Алдағы орта мерзімді кезеңге ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқыны 3,9%-ті құрайды.
Номиналды ЖІӨ 2023 жылы 120,7 трлн теңгеден 2027 жылы 176,6 трлн теңгеге дейін өседі.
Жан басына шаққандағы ЖІӨ 2027 жылы 18,3 мың АҚШ долларына дейін ұлғаюмен, 2023 жылы 13,2 мың АҚШ долларын құрайды.
Ұлттық банк жылдық инфляцияның нысаналы дәлізін 2023 жылы – 7,5-9,5%, 2024 жылы 4,0-5,0% шегінде айқындады. Кейіннен 2025-2027 жылдары 3,0-4,0%-ке дейін төмендейді деген болжам бар.
Елдің 2023-2027 жылдарға арналған макроэкономикалық көрсеткіштерінің болжамы 2021 жылғы ЖІӨ бойынша есептік деректерді және 2022 жылдың нақтыланған бағалауын, халықаралық ұйымдардың әлемдік экономиканың өсуі бойынша болжамдарын және тауар нарықтарындағы әлемдік бағалардың өзгеру үрдістерін ескере отырып қалыптастырылды.
2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын дайындау кезінде базалық сценарий негізге алынды, ол әлемдік экономиканың қалыпты өсу қарқынын, іскерлік белсенділіктің артуын, сыртқы биржалық нарықтардағы құбылмалы ахуалдың аз болуын және экономикалық саясаттың жаһандық дамудың жаңа ахуалына бейімделуін болжайды.
Үкіметтің болжамынша, Қазақстанда биыл ЖІӨ өсімі 3%-тен кем болмайды.
Осы жылдың қаңтар-шілде айларында ЖІӨ 3,3%-ке өсті.
Жаңалықтар
0