Дизель отыны өндірісі ішкі нарықтың қажеттілігін өтейді – министрлік

© Sputnik / Павел Лисицын / Медиабанкке өтуАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.08.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 25 тамыз – Sputnik. Қазақстанның энергетика министрі Болат Ақшолақов ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге байланысты жағдайды түсіндірді.
"Елімізде қор жасалғанына қарамастан, кейбір өңірлерде дизель отыны тапшылығы байқалып отыр. 24 тамыздағы жағдай бойынша қорда 212,4 мың тонна дизель отыны бар", - деді Болат Ақшолақов баспасөз конференциясы кезінде.
"Бұған дейін бұл көлем 13 күнге жетеді деп айтқан болатынбыз. Бірақ қор туралы сөз болғанда, төтенше жағдайда қажет болатын қорды айтатынымызды нақтылай кетейін. Жалпы, барлық зауыт пен мұнай өңдеу зауыттары қазір жұмыс істеп тұр, дизель отыны да, бензин де күнделікті өндіріліп жатыр", - деп түсіндірді ол.
Қазақстанның энергетика министрінің мәліметі бойынша шілдеде шамамен 380 мың тонна дизель отыны өндірілді, ал тамызда 491 мың тонна өндіру жоспарланып отыр, тамыз айының соңында болжамды қалдық 288 мың тоннаны құрайды.
"514 мың тонна тұтынылады деп болжанған жағдайда дизель отынының жалпы көлемі 797 мың тоннаны құрайды. Бұл тамыз айының басындағы қалдық, ықтимал өндіріс тағы бар. Осылайша қазіргі өндіріс жанармайдың барлық түрін, соның ішінде дизель отынын қоса алғанда, ішкі сұранысты толығымен өтеп отыр", - деп сендірді энергетика министрі.
2022 жылдың жеті айында өндіріс көлемі 3 миллион тоннадан сәл асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 110%-ті құрады.
Болат Ақшолақов жыл сайын күзде дизель отынын тұтыну көлемі артатынын ескертті. Себебі шекаралас елдерден Қазақстан арқылы жүк тасымалдайтын транзиттік вагондар саны ұлғаяды. Сондай-ақ бұған ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің тұтыну көлемін арттыратыны әсер етеді. Ақшолақов күзгі дала жұмыстарына 423 мың тонна дизель отыны бөлінгенін мәлімдеді: шілдеде – 111 мың тонна, тамызда – 161 мың тонна, қыркүйекте – 124 мың тонна, қазанда – 28 мың тонна.
"Қазақстандық арзан дизель отынын транзиттік автокөліктердің тұтынуын қысқарту және оны елден шығаруды болдырмау мақсатында министрлік Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, 22 тамыздан бастап жедел түрде бұйрық қабылдады. Құжатқа сәйкес, дизель отынының шекті бағасы 450 теңге деңгейінде белгіленді. Бұл ретте қазақстандық үлгідегі жүргізуші куәлігін және техникалық құжатты көрсеткенде, жүргізуші өңірге байланысты бір литрін 230-265 теңге шамасында сатып ала алады. Жеке көлігі бар жеке тұлғалар үшін бұл бағадағы лимит тәулігіне 100 литр, жүк көліктері үшін 300 литрді құрайды", - деп еске салды Болат Ақшолақов.
Дизель отынын сату кезінде ықтимал айла-амалдарды жою үшін қазіргі уақытта Энергетика министрлігі басқа да мемлекеттік органдармен тұтынушыларды тіркеуге арналған модуль құру бойынша техникалық шешімдерді әзірлеп жатыр. Бұл модуль қыркүйек айының ортасында барлық жанармай құю бекетінде іске қосылады.
Жаңалықтар
0