Қоғам

Қайрат Сатыбалдыға қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды

© Sputnik / Болат ШайхиновҚайрат Сатыбалдыұлы
Қайрат Сатыбалдыұлы - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.08.2022
Жазылу
Тергеу барысында 240 млрд теңгеден астам қаражат мемлекетке қайтарылды, сондай-ақ жақын арада елде және шетелде анықталған жылжымайтын мүлік, автомобильдер мен ақша қайтарылады
НҰР-СҰЛТАН, 24 тамыз – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалды мен басқа да тұлғаларға қатысты "Қазақтелеком" АҚ және "Көліктік сервис орталығы" АҚ қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.
Іс бойынша бес күдікті өтіп жатыр, олардың біреуі қамауға алынған, екеуі – үйқамақта отыр.
"Тергеу барысында фигуранттардың жалпы сомасы 240 миллиард теңгеден немесе 500 миллион АҚШ долларынан асатын заңсыз сатып алынған активтері мен ақшасы мемлекетке қайтарылды", - делінген Антикор хабарламасында.
Сондай-ақ Қайрат Сатыбалдыға қатысты салық пен кедендік төлемдерден жалтару, қылмыстық кірістерді заңдастыру фактілері бойынша қосымша қылмыстық істер тергеліп жатыр.
Айыпталушылардың басқа да заңсыз активтерін іздеу белсенді түрде жалғасуда.
Елде және шетелде қосымша жалпы сомасы 400 миллиард теңгеден немесе 900 миллион АҚШ долларынан асатын жылжымайтын мүлік, автомобильдер мен ақша анықталды. Олар жақын арада мемлекетке қайтарылады.
Еске салсақ, биыл 13 наурызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдының ұсталғанын хабарлады. Ол "Қазақтелеком" АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде жымқырды деген күдікке ілінген. Сондай-ақ мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатқаны айтылған еді.
Қайрат Сатыбалды – тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі.
Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды да қамауға алынды. Ол Универсиада-2017 нысандарын жөндеуге бөлінген ақшаны ұрлады деп айыпталып жатыр.
Жаңалықтар
0