Жаңа оқу жылы қарсаңында 300 мыңнан астам балаға қаржылай көмек көрсетілді

© Sputnik / Тимур БатыршинОқушылар
Оқушылар - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.08.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 22 тамыз – Sputnik. 300 мыңнан астам оқушы мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алу үшін "Жалпыға міндетті білім беру" қорынан қаржылай көмек алды, деп хабарлады оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Жалпы қаржылай көмек 475 мың балаға көрсетіледі.
Оқу-ағарту министрі білім басқармаларының басшыларымен кездесуде төлемдерді 23 тамызға (қоса алғанда) дейін аяқтауды тапсырды.
"Биылдан бастап оқу-ағарту министрлігі қаржылай көмек көрсету ережелеріне өзгерістер енгізді. Егер бұрын өңірлерде бөлінген сома 17 мыңнан 40 мыңға дейін болса, биыл бұл сома ұлғайтылып, кемінде 37 389 теңгені құрайды", - делінген хабарламада.
Көмек беру тетігіне де өзгерістер енгізілді. Енді ата-аналарға қаржы балаларымен бірге мектеп формасын, аяқ киімін, кеңсе тауарларын және т.б. өз бетінше таңдай алуы үшін банктегі шотына аударылады. Бұған дейін мұның барлығын әкімдіктер сатып алатын және тауардың өлшеміне, сапасына, т.б. қатысты мәселелер туындайтын.
"Енді ата-аналар өздерінің банктегі шотына ақшаны тікелей алып, балаларына мектеп формасын, кеңсе тауарларын және аяқ киімін өз бетінше таңдай алады. Мұның артықшылығы - бала ата-анасымен бірге таңдаған киіммен мектепке бара алады. Бұған дейін сатып алумен әкімдіктердің қызметкерлері айналысатын. Кейде киімнің өлшеміне, сапасына қатысты проблемалар туындайтын. Қазір әкімдіктер қаражат аударуды аяқтап жатыр. 37 389 теңге – ең төменгі сома", - деді оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев.
Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар көрсетілген көмек көлемін көбейте алады, бірақ оны азайтуға құқығы жоқ.
"Кейбір әкімдіктер бұл сомадан артық қаржы бөліп жатыр, мысалы, Алматы 43 мың теңгеден. Біз мұны құп көреміз", - деп толықтырды Дулат Жекебаев.
Қор қажысы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ АӘК алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, төтенше жағдайға тап болған оқушыларға және т.б. беріледі.
Жаңалықтар
0