Халықаралық армия ойындары: қазақстандық әскерилер тағы үздік атанды – видео

Жазылу
Қазақстандық жауынгерлер Халықаралық армия ойындары аясында өз жерінде өтіп жатқан жарыстарда ешкімге дес бермей келеді. Олар тағы бірнеше сайыста топ жарды, деп хабарлады қорғаныс министрлігі.
Щучинск қаласындағы "Амандық" полигонында "Меридиан" сайысының екінші кезеңі - "Азимут" жарысы өтті. 8 елдің әскери топографтары 12 шаршы шақырым жерде өз бағытын тауып, тактикалық тапсырма орындады.
Қазақстан командасы барлық тапсырманы 41 минут 53 секундта орындап, үздік нәтиже көрсетті. Екінші орында - Қытай (46 минут 36 секунд), ал үшінші орынды Беларусь әскерилері (49 минут 26 секунд) иеленді.
Ал Қарағанды облысының "Спасск" оқу-жаттығу полигонында "Тактикалық мерген" жарысының "Жауынгер екеу" деп аталатын екінші кезеңі өтті. Әскери қызметшілер ғимаратты шартты қарсыластан азат ету тапсырмаларын орындады.
"Аталған жаттығуды орындау кезінде оқыс оқиғаларды болдырмау үшін төрешілер ғимарат ішіндегі атқыштардың жанында болып, қауіпсіздік техникасының сақталуын бақылайды. Мұнда жауынгерлер бірге жұмыс істей отырып, екеуі де барынша мұқият және сақ болуы керек", – дейді сайыстың төрешісі майор Ғалым Садықов.
Қазақстан командасы осы жарыста да жеңіске жетті. Екінші орында – Қытай, үшінші орында – Өзбекстан.
Халықаралық армия ойындары аясында Әзербайжанның теңіз полигонында "Теңіз кубогы" сайысының екінші кезеңі өтті. Қазақстандық әскерилер 87 ұпаймен екінші орынға ие болды. Ал бірінші орынды 90 ұпай алған ресейлік және әзербайжандық әскери қызметшілер өзара бөлісті.
Айта кетері, биыл Халықаралық армия ойындары аясында Қазақстанда үш байқау өткізіледі. Олар – "Артиллериядан оқ ату шеберлері", "Меридиан" және "Тактикалық мерген". Соңғы екеуі Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Елімізде өтетін сайыстарда барлығы 26 команда бағын сынайды. Олардың ішінде Әзербайжан, Армения, Беларусь, Венесуэла, Вьетнам, Зимбабве, Қытай, Қырғызстан, Мали, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның әскерилері бар.
Жамбыл облысының Гвардейск гарнизонындағы оқу-жаттығу полигонында минаатқыш есептоптарының үздіктерді анықталса, Ақмола облысының Щучинск қаласындағы "Амандық" полигонында әскери топографтардың сайысы өтеді. Ал Қарағанды облысының "Спасск" оқу-жаттығу орталығында мергендер жарысады.
Жаңалықтар
0