Қоғам

Мемлекет тарапынан қандастарға қандай жеңілдіктер беріледі

© Photo : Акимат Мангистауской областиАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.08.2022
Жазылу
Тәуелсіздік алғалы бері республикаға барлығы 1 млн 96,9 мың этникалық қазақ оралған
НҰР-СҰЛТАН, 19 тамыз – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қандастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек түрлерін атады.
Ведомство ақпаратынша, қандастарға қоныс аудару және баспананы жалдау шығындарын жабуға арналған субсидиялармен қатар, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары және басқа да жеңілдіктер беріледі.
Өңірлік квотаға енгізілген қандастарға көшуге (отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК-тен біржолғы төлем) және бір жыл бойы үйдің арендасы мен коммуналдық қызметтерді төлеуге (отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейін) субсидия төленеді.
Сонымен қатар қандас мәртебесін алған этникалық қазаққа мына қызметтер қолжетімді:
ҚР аумағына кіру кезінде көліктерді қоса алғанда, жеке пайдалануға арналған мүлікке кедендік төлемдерді төлеуден босату;
қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында тегін бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін қамтамасыз ету;
техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беретін оқу ұйымдарына оқуға түсуге квота аясында білім алу (Қазақстан азаматы емес ұлты қазақ адамдар үшін квота 4% мөлшерінде белгіленген);
Қазақстан азаматтарымен тең жағдайда жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтамасыз ету;
мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға өтініш беру мүмкіндігі.
Бұдан бөлек елде тұрақты тұратын қандастар жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алады.
Қандас мәртебесін алу немесе ұзарту, сондай-ақ қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы өтінішті жергілікті атқарушы органдарда, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы мен Қазақстанның шет елдердегі мекемелерінде беруге болады.
Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы ел үкіметі бекіткен өңірлерге – Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарына бөлінеді.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, 1 тамыздағы жағдай бойынша 9 077 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды. 1991 жылдан бастап республикаға барлығы 1 млн 96,9 мың этникалық қазақ оралған.
Жыл басынан бері қандастардың жартысынан астамы (69,9%) Өзбекстаннан, 10,3% – ҚХР-дан, 7,1% – Түркіменстаннан, 4,0% – Моңғолиядан және 8,7% – басқа елдерден келді.
Жаңалықтар
0