Павлодар облысында бруцеллез өршіп кетті

© Sputnik / Варвара Гертье / Медиабанкке өтуАрхивтегі фото
Архивтегі фото   - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.08.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 18 тамыз – Sputnik. Павлодар облысында бруцеллезбен ауырғандардың саны артты. Биыл жеті айдың ішінде 26 адам ауруханаға түскен, деп хабарлады Pavlodarnews.kz.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өткен жылы 20 адам бруцеллезге шалдыққан. Биыл бұл көрсеткіш алты адамға артып отыр. Бүгінде Павлодар мен Екібастұз қалаларында, сондай-ақ Ақтоғай, Ертіс, Май, Успен және Аққулы аудандарында ауруға шалдығу оқиғаларының өскені байқалады.
"Эпидемиологиялық тексеріс кезінде барлық жағдайда жұқпаның көзі – ауыл шаруашылығы жануарларымен байланыс және тұрмыстық себептер. Бруцеллез – ауыр инфекциялық сырқат, онда тірек-қимыл аппараты, жүйке, жыныс жүйесі және басқа да органдар зақымданады. Алғашқы күндері науқастың қызуы көтеріліп, қалтырап, терлейді, әлсіреп, тәбеті нашарлайды. Содан кейін бас ауруы, ұйқысыздық, дене қызуы пайда болады. Бруцеллез кезінде буындар жиі зардап шегеді. Уақтылы емделмеген жағдайда бруцеллез созылмалы түрге өтуі мүмкін, мүгедектікке әкелу қаупі бар", - дейді мамандар.

Ауру қалай жұғады?

Қоздырғыш зақымдалған теріге, ауыздың, мұрынның және көздің шырышты қабықтарына оңай енеді. Тыныс алу жолдарының шырышты қабықтары арқылы бруцеллалар ауруды жұқтырған малы бар үй-жайды жинау кезінде, олардың жүні мен терісін бөлшектеу кезінде шаң жұтқан кезде ағзаға түсуі мүмкін. Ауруды жұқтырған жануарлар түсік түсіру және бұзаулау кезінде, сондай-ақ сыртқы ортаға микробтардың көп мөлшері шыққан кезде адамдар үшін анағұрлым қауіпті. Сондықтан жануарларға күтім жасағанда сақтық шараларын сақтау, жеке қорғаныс құралдарын – қолғап, респиратор, арнайы киімді пайдалану қажет, ал жұмыс аяқталғаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуу керек.
Сонымен қатар жыл сайын ірі қара малдың бруцеллезіне қарсы вакцинация жүргізген дұрыс. Үй жануарларына күтім жасайтын ауылшаруашылық қызметкерлері жұқпалы аурулардың болуына үнемі медициналық тексеруден өтуі керек.
Павлодар облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары ет және сүт өнімдерін қатаң белгіленген орындарда, яғни рұқсат етілген базарларда, дүкендерде немесе супермаркеттерде сатып алу қажет екенін еске салады.
"Ет немесе сүт сатып алғанда, өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарды талап етіңіз, сондай-ақ шикі сүтті, нашар пісірілген немесе қуырылған етті, бабы келмеген ірімшіктер мен сүзбе ірімшігін тұтынбаңыз", - дейді санитарлар.
Жаңалықтар
0