Экономика

Жыл басынан бері Қазақстан экономикасы 3,3% өсті

© Photo : Пресс-служба акима Алматы архив
архив - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.08.2022
Жазылу
Салалар арасында құрылыс, ақпарат және байланыс, сауда, көлік және қоймалау, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, тау-кен өндіру өнеркәсібі оң өсім көрсетті
НҰР-СҰЛТАН, 16 тамыз – Sputnik. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жеті айда Қазақстанның жалпы ішкі өнімі қалай өскенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Биыл қаңтар-шілде айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,3%-ті құрады. Негізгі трендтер бойынша есепті кезеңде нақты сектордағы жоғары өсім, қызмет көрсету секторындағы өсімнің жеделдеуі, оң сауда балансының сақталуы байқалуда", - деді министр үкімет отырысында.
Айтуынша, нақты сектордағы өсім 3,4%-ке жеткен. Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 2,5%-ке дейін ұлғайды.
Салалар арасында құрылыс, ақпарат және байланыс, сауда, көлік және қоймалау, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, тау-кен өндіру өнеркәсібі оң өсім көрсетті.
Жыл басынан бері сыртқы сауда тауар айналымы 39,4%-ке өсіп, 63,7 млрд долларды құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 56,3%-ке өсіп, 42,2 млрд долларға дейін жетті. Тауарлар импорты 21,5 млрд доллар болды. Жалпы, оң сауда балансы 20,8 млрд долларды құрады.
Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде оң өсу қарқыны сақталды. Жеті айда өндіріс көлемі 4,9%-ке өскен. Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 1%-ке ұлғайды. Есептік кезеңде құрылыс жұмыстарының көлемі 8,6%-ке артты. Жоғары өсім Алматы, Ақмола және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында байқалып отыр. Ал Маңғыстау, Абай және Жетісу облыстарында бұл көрсеткіш төмендеген.
Осы жылғы қаңтар-шілдеде 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 0,8%-ке төмен.
Жаңалықтар
0