Қазақстан БҰҰ шешімінен кейін тәлібтердің билігін мойындау мәселесін қарастырады – СІМ

© AFP 2024 / KARIM SAHIBТалибан содыры
Талибан содыры - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.08.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 15 тамыз – Sputnik. Қазақстан Ауғанстандағы "Талибан"* қозғалысының билігін мойындау мәселесін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тиісті шешімінен кейін қарастырады, деп хабарлады РИА Новости Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
"Ауғанстанның жаңа билігі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тиісті шешімінен кейін ғана мойындалуы мүмкін деген ұстанымға сүйеніп отырмыз", - дейді министрлік қызметкерлері.
Осы орайда министрлік Ауғанстанда тәлібтер* билікке келгеннен кейін ол жаққа бірнеше қазақстандық делегацияның барып келгенін еске салды. Олар гуманитарлық көмек көрсету және сауда-экономикалық ынтымақтастықты қалпына келтіру мәселелерін талқылады.
Мәселен, 2021 жылы қазан айында Қазақстан президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыханның сапары кезінде ауғандарға 5 мың тонна астық жеткізілді. Ал желтоқсан айында сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бастаған делегация барып қайтты. Құрамына QazTrade және жекеменшік компаниялардың өкілдері енді. Олар да сауда байланыстарын дамыту және Қазақстан экспортын ұлғайту жайын пысықтады.
Осы орайда министрліктің баспасөз қызметі Кабулдағы Қазақстан елшілігінің штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын да жеткізді.
"Республика елшілігі студенттер, бизнесмендер мен этникалық қазақтарға виза беріп жатыр. Сондай-ақ Қазақстандағы туған-туыстарына шығатын визалар рәсімделеді", - делінген ресми хабарламада.
Екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар да тоқтаған жоқ. Атап айтқанда, бұған дейінгі меморандум аясында ауған жастарын оқыту, сондай-ақ халықаралық бағдарламалар бойынша ауған қыздарына білім беру шаралары жалғасып жатыр.
Айта кетері, 2021 жылы тамыздың басында тәлібтер* шабуылды үдетіп, екі аптаның ішінде Кабулға кірді. 16 тамызда соғыстың аяқталғанын мәлімдеді. Осы айдың аяғына дейін әуежай арқылы Батыс елдерінің азаматтарын жаппай эвакуациялау шаралары атқарылды. Ал 31 тамызға қараған түні АҚШ әскері ауған жерінен толығымен шықты. Қыркүйекте Ауғанстанның уақытша үкіметінің құрамы жарияланды. Оны Мохаммад Хасан Ахунд басқаруға кірісті.
* террористік әрекеті үшін БҰҰ санкциялары салынған қозғалыс
Жаңалықтар
0