"Қыркүйекте карантин жарияланады": министрлік ақпаратқа қатысты пікір білдірді
11:43 12.08.2022 (жаңартылды: 11:44 12.08.2022)
© Sputnik / Елена БережнаяВрач на карантинном блокпосте держит термометр
© Sputnik / Елена Бережная
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 12 тамыз – Sputnik. Telegram-да 2022 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстанда пандемияның жаңа толқыны басталып, локдаун жарияланатыны туралы ақпарат тарады.
Бұл ақпаратты денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жоққа шығарды.
"Бүгінде көріп отырғанымыздай, коронавируспен сырқаттанушылықтың төмендегені байқалады. Нұр-Сұлтан қаласы "сары", қалған облыстар "жасыл" аймақта орналасқан. Сырқаттанушылық аздап өсті, бірақ эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Біз баршаңызды вакцина алуға және ревакцинациядан өтуге, қоғамдық орындарда бетперде тағуға және мүмкін болса, COVID-19 жұқтырмас үшін шет елдерге сапар шекпеуге шақырамыз. Карантиндік шараларды күшейту немесе жеңілдету туралы шешімді Ведомствоаралық комиссия қабылдайды. Қазіргі кезде карантин жариялау туралы мәселе қарастырылып жатқан жоқ", – деді ведомствоның ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Баршаңызды әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған ақпаратқа сенбеуге шақырамыз. COVID-19 пандемиясы туралы ресми ақпаратты coronavirus2020.kz сайтынан, сондай-ақ COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram-каналынан алуға болады.