Өңірлер

Жамбылда әскери қоймалар қалай жарылды – бұрынғы командир ашық сұхбат берді

© PhotoКоймалар аумағы
Коймалар аумағы  - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.08.2022
Жазылу
Оның айтуынша, жарылыс болған күні жаңадан қойылған өрт қауіпсіздігі датчиктері сигнал бермеді
НҰР-СҰЛТАН, 12 тамыз – Sputnik. Байзақ ауданындағы жарылыстар кезінде әскери бөлімнің бастығы міндетін атқарған Аслан Бақытжанов қоймаға қасақана өрт қойылғанын мәлімдеді.
Офицер басында жәбірленуші болған. Енді, күдікті ретінде жауапқа тартылып отыр. Осыдан кейін ол бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беруге шешім қабылдады, деп хабарлайды КТК арнасы.
Осы айда Байзақ ауданындағы трагедияға бір жыл болады. Сол кезде әскери қоймадағы өрттің салдарынан бірнеше жойқын жарылыс болды. Жүзден астам адам жарақат алды, 17 өрт сөндіруші мен әскери қызметші қаза тапты. Бір адам әлі табылған жоқ.
Қайғылы оқиғаның нақты себебі жарияланған жоқ, көп нәрсе құпия қалып отыр. 35 жастағы Аслан Бақытжанов барлығын ашық айтуға бел буды.
Сол кезде ол уақытша әскери бөлімнің бастығы міндетін атқарған. Оның айтуынша, өрт қауіпсіздігі жүйесі дұрыс істемеген. Асланның өзі сегіз рет арыз жаздым дейді. Министрлік те, әскери прокуратура да бәрін білген. Бірақ тиісті шара қолданбады.
"Мен жіберген өтініштің бәрін уақытында орындағанда өрт болмайтын еді. Ол жерде, шамамен, 170 бейнебақылау камерасы, 30 қозғалыс датчигі, 40-50 өрт қауіпсізідігі датчигі болған. Сосын 30 күзет дабылы орнатылған еді. Бұның барлығы бірден істен шыққан жоқ, біртіндеп істемей қалды", - дейді Бақытжанов.
Оның айтуынша, жарылыс болған күні жаңадан қойылған өрт қауіпсіздігі датчиктері сигнал бермеді. Қалың қара түтінді қарауыл көрген. Асланның өзі басында жәбірленуші болған. Қазір күдікті ретінде жауапқа тартылып отыр. Оны қызметіне салғырт қарағаны және қару-жарақты сақтау тәртібін бұзғаны үшін айыптап жатыр.
Бұдан бөлек, тағы бес адам тергеуге алынды. Олардың ішінде екі сарбаз бар. Екеуі шүберекті өрттеп, қоймаға лақтырды дейді.
"Қоймаға өрт қойған адамдар кінәлі, солар жасады ғой. Иә, оны қасақана істеген. Куәгерлер бар. Өрт қойған әскери қызметші өз кінәсін мойындады. Қазір Тараз қаласының тергеу изоляторында отыр", - деп атап көрсетті Бақытжанов.
Офицердің сөзіне қарағанда, әскери бөлімде түбегейлі өзгерістер болды. Бірақ соның бәрін тек жарылыстан кейін ғана жасап отыр.
"Жарылыс болды, бірден бәрін жасап қойды. Байланысты орнатты, штатты да берді. Бәрін жасады. Сонда міндетте түрде бір төтенше жағдай керек пе?", - дейді Бақытжанов.

Әскери бөлімдегі жарылыс

2021 жылдың 26 тамызы кешке Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймада өрт басталып, бір сағаттан кейін оқ-дәрілер жарылды. Кем дегенде 10 жарылыс болған. Жақын маңдағы ауылдардың 1 200-ге жуық тұрғыны қауіпсіздік мақсатында Таразға көшірілді.
Оқиғадан кейін қорғаныс министрі болған Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетті, оның орнына Мұрат Бектанов тағайындалды. Қайғылы оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Жарылыс салдарынан 17 адам қаза болды. Бір адам жоғалды.
34 жастағы сержант Бауыржан Дәуітбаев әскери бөлімде қызмет еткен. Оны іздестіру жұмыстары әлі күнге дейін жүргізіліп жатыр.
Жаңалықтар
0