Қазіргі коронавирус балалар үшін несімен қауіпті – бас инфекционист кеңес берді
© Photo : pixabay.comиллюстративное фото
© Photo : pixabay.com
Жазылу
Шілденің басында балалардың ауруханаға түсу көрсеткіші 17 есеге өскен
НҰР-СҰЛТАН, 12 тамыз – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас инфекционисті Динагүл Баешева қазіргі коронавирус қалай өзгергенін және қандай балаларға қауіп төндіріп тұрғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Пандемияның басталғанда, көбінесе, 5-12 жастағы балалар ауруханаға жиі түскен. Қазір барлық жастағы балалар бірдей аурады.
"Бұл дегеніміз, вирус отбасының ішінде барлығына бірдей тарап жатыр. Бүгінде ауруханаға түскен 75 процент балалардың жағдайы ортша, 1 процент – ауыр, қалғаны жеңіл ауырып шығады. Мәселен, алғашқыда британдық штамм, "дельта" штамм болғанда балалар, көбінесе, орташа және жеңіл ауырып шығатын. Жөтел, тамақтың ауырсынуы, дене қызуы болған. Қазір аурудың клиникасы өзгерді. Балалар ауруханаға интоксикация синдромымен түсіп жатыр. Ол – жоғары температура, қатты жөтел. Негізі, балалар үшін, әсіресе, үш жасқа дейінгі балалар үшін жөтелдің болғаны қауіпті, ауа жетпей қалады", - деді Баешева орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан бері 7 205 ауруханаға түскен. Барлығында COVID-19 анықталды. Олардың 95,6 жазылып шықты. Шілденің басында балалардың ауруханаға түсу көрсеткіші 17 есеге өскен. Бірақ 11 тамыздан бастап азая бастады.
"Сосын кез келген инфекция орталық жүйке жүйесіне де әсер етеді. Ауруханаға түсіп жатқан балалардың арасында іші өтіп жатқандар да бар. Бұдан бөлек, мультижүйелі қабыну синдромын да ұмытпау керек. 2020-2021 жылдары 45 жағдайдан тіркелген. Биыл жыл басынан бері 6 жағдай болды. Бұл дегеніміз, қазіргі вирустан мультижүйелі қабыну синдромы сияқты асқыну көп бола бермейді", - деп атап көрсетті Баешева.
Осы орайда бас инфекционист қазіргі коронавирус қандай балаларға қауіп төндіріп тұрғанын айтты.
"Әрине, алдымен үш айға дейін жаңа туған нәрестелердің денсаулығын барынша қадағалау қажет. Коронавирустың өзі емес, оның салдары жаман, ауруды асқындырып жіберуі мүмкін. Сондықтан орталық жүйке жүйесі бұзылған, созылмалы, соматикалық және онкогематологиялық ауруы бар балаларды жіті бақылау отыру керек. Оларға ауру жұқпауы тиіс", - деді дәрігер.