Солтүстік Қазақстанда шаруалар жайылым жерлерінен айырылып жатыр

© Sputnik / Владислав ВодневЖайылым
Жайылым - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.08.2022
Жазылу
Жағдайдың түпкі себебі жайылымға арналған жерлердің тапшылығында болып отыр. Дегенмен, кәсіпкерлердің айтуынша, кейбір талапарыздарда халқы аз және қаңырап бос жатқан ауылдарға жақын орналасқан учаскелер көрсетілген
НҰР-СҰЛТАН, 11 тамыз – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында ондаған шаруа өздеріне көп жыл бұрын бөлінген жайылымдар мен шабындықтардан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер бірінен кейін бірі жер телімдерін беру бойынша он жыл бұрын жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы сотқа талап арыздар алып жатыр. Бұған жер телімдерін беру тәртібінде анықталған заңбұзушылықтар себеп болған. Ал жеке шаруа қожалықтарының малдары үшін жайылымның тапшылығы сылтау болған.
Бірақ, кәсіпкерлердің айтуынша, кейбір талапарыздарда халқы аз және қаңырап бос жатқан ауылдарға жақын орналасқан учаскелер көрсетілген. Шаруалар СҚО кәсіпкерлер палатасының көмегіне жүгінді.
Талапарыз ұсынылуына елді мекендер аумағында және конкурс өткізбей жер учаскелерін беру себеп болып отыр. Дегенмен, шаруалар бұл жағдайда өздерінің кінәсі жоқ екенін алға тартып, 10-15 жыл бұрын шенеуніктердің жіберген қателігінен бүгінгі таңда қомақты қаражат салып, табыс көзіне айналдырған бизнес зардап шекпеуі керек деп есептейді.
Осындай жағдайға тап болған шаруа қожалықтарының бірі – Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы "Возвышенка-СК" ЖШС. Директордың орынбасары Денис Посовец 2012 жылы жер телімін берудегі мақсат мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын жүзеге асыру болғанын айтады. Серіктестік АҚШ-тан 300 бас Абердин-ангус асыл тұқымды мал әкелген. Қазірдің өзінде ірі қара мал басы 1,5 мыңға жетті.
2019 жылдың соңынан бастап кәсіпорында жоспарланған қуаттылығы 1800 бас болатын сүт өнімдерін шығару бағытындағы мал шаруашылығы кешенінің құрылысы басталды. Бірінші кезеңнің құрылысы аяқталып, еуропалық құрал-жабдықтар жеткізіліп, малдың бір бөлігі сатып алынды.
"Бұл мал қорада ұсталады. Сондықтан оған ауқымды көлемде жем-шөп қажет. 2014 жылы бізге Возвышенка ауылының маңынан шабындық жер берілді. Бұл жерлерді етті мал шаруашылығы кешенінің жем-шөп базасының сапасын арттыру үшін пайдаландық. Ал биылдан бастап - сүт-тауарлы фермаға жем-шөп дайындау үшін де қолдандық. Бұл жер телімдерін тартып алу туралы талапарыздар мәселесі қиындық тудырып отыр. Өйткені біз қыруар қаржы жұмсадық. Бұл шамамен 648 гектар аумақтағы жер. Мемлекеттік органдар учаскелерді алып қоюға тұрғындар арасында мал басының көбеюі және норматив бойынша жайылымның жеткіліксіздігі негіз екенін айтты. Алайда біз халықты өз бағасы бойынша жем-шөппен қамтамасыз ету және мал жаюға арналған жерлер ұсыну бойынша іс-әрекетке белсене қатысып отырмыз", - дейді Денис Посовец.
Мағжан Жұмабаев ауданындағы "Атабай" шаруа қожалығында да дәл осындай проблема туындаған. Шаруа қожалығының өкілі Альфия Құлжабаева күйеуі екеуі отбасылық кәсіппен айналысып жүргеніне сегіз жыл болғанын айтты. Олар жер алғанға дейін мемлекеттік бағдарлама бойынша 44 бас ірі қара мал сатып алған.
"2014 жылы біз бұл жерді Бастомар ауылдық округінің шешімі бойынша алдық. Мал шаруашылығын жүршізу бойынша бірнеше мемлекеттік бағдарламаға қатыстық. "Маслодел" ЖШС-мен арада келісімшарт бар, сүт жеткіземіз. 600-ге жуық мал саны бар. Ал енді біз 485 гектар жер телімін қайтарып алу туралы ескерту алдық. Бірақ, ауыл халқы біздің учаскелерде емін-еркін малын жайып жүр", - дейді кәсіпкер.
Ол шаруа қожалығына тиесілі жерді тартып алса, онда малжаятын аумақ қалмайтынын айтты. Сонымен қатар, олар көлемді кредит алып, лизинг рәсімдеген.
"Бізге жерді ауылдық округтің шешімімен берілгенін, ал анығында конкурс өткізілуі қажет болғанын айтып жатыр. Бірақ біздің не кінәміз бар? Енді оның зардабын неге біз тарту керекпіз?", - дейді Альфия Құлжабаева.
Заңгерлік кеңесші Елена Пригоженконың айтуынша, бұл жүйелі сипаттағы проблема болып отыр. Мысалы, соңғы дерек бойынша, ауыл шаруашылығы бизнесінің субъектілеріне қатысты кемінде 35 талапарыз дайындалып, 16 іс экономикалық сотта қаралып жатыр.
Талапарыз облыстық прокуратураның ұсынысы негізінде ауыл шаруашылығы басқармасымен жолданған.
"Ауыл шаруашылығы басқармасы бақылаушы орган бола отырып, 2022 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жер пайдалану құқығын беруде заңбұзушылықтар болғанын анықтады. Жайылымдар мен шабындықтардың елді мекендер шегінде және конкурс өткізбей берілгені анықталды. Бақылау органы заңбұзушылықтарды тек 2022 жылы анықтаған. Ал мал шаруашылығы саласында жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар жер пайдалану құқығын 2010 жылдан бастап алған. Арада он жылдан астам уақыт өткен. Сондықтан ең алдымен, заң талаптарын сақтамай жер пайдалану құқығын берген жер қатынастары бөлімдерінің, сондай-ақ бақылаушы органдардың құзыретіне қатысты сұрақ туындайды", - деп атап өтті заңгерлік кеңесші.
Айта кетері, бірінші сатыдағы соттар жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы бірнеше талап арызды қанағаттандырған. Сотқа қатысқандардың пікірінше, сот процесі кезінде бұл мәселеге үстірт қарап, көптеген даулы тұстар ескерілмеген. Кәсіпкерлер осы тәжірибе жаппай қолданыла ма деп қауіптеніп отыр.
Елена Пригожеенко он жылдан астам уақыт ішінде шшаруалар ауыл шаруашылығын ғана емес, ауылдарды дамытуға да қомақты қаражат жұмсаған. Ал кейбір елді мекенде шаруа қожалықтары халықтың күнкөрісіне, табыс көзіне айналған.
Шаруалар жем-шөп базасына қатысты қожалық иелері мен халық арасында ешқандай дау туындап отырмағанын айтты. Кәсіпкерлердің айтуынша, кейбір талапарыздарда халқы аз немесе қаңырап бос қалған ауылдарға жақын орналасқан жер учаскелері көрсетілген. Ал шындығында да проблема бар аумақтарда мәселені сотқа дейінгі тәртіпте реттеу мүммкін болған. Бірақ шенеуніктер белгісіз себептермен бірден сотқа жүгінген.
Кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуге қатысушылар шағын шаруа қожалықтары жерінен айырылып қалса, мал санын азатуға, ал ірі кәсіпорындар жем-шөп сатып алуға мәжбүр болатынын, бұл жағдай облыста мал шаруашылығының дамуына кері әсер ететінін атап өтті. Мұның барлығы президенттің ауыл шаруашылығын дамыту маңызды рөл атқаратын елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі туралы айтқан кезде туынлап отырғанын да ескеру керек.
"Талапарыздар бірлесе жүргізілген жұмыс негізінде ұсынылады. Былтыр қараша айында жүргізілген талдау Жер кодексінің 26 және 48-баптары бұзылғанын көрсетті. 26-бапта халық пайдаланатын және халықтың қажеттілігіне арналған жер учаскелері жеке пайдалануға берілмейтіні жазылған. Талдау жүргізуге мемлекет басшысының жайылым тапшылығы мәселесін шешу туралы тапсырмасы негіз болды. Бір жағынан, біз кәсіпкерлердің өз ісін дамытуға ақша мен күш салғанын түсінеміз, бірақ бизнестің мүддесін қорғай отырып, халықтың мүддесін ұмытпау керек. Қазір шынымен де жайылым жетіспейді", - деді Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының прокуроры Санат Қабуллаев.
Ол әр мәселені жекелей қарастыру керек екенімен келісті. Себебі, ауылдың бос қалғаны, онда тұратын үш адамның дәл сол кәсіпкерге жұмыс істейтіні туралы қаулы бар жағдайлар да кездеседі.
"Бірақ заң тұрғысынан қарағанда, кез келген жағдайда заңбұзушылық бар, сондықтан біз барлық жер телімдерін назарға алдық. Екінші заңбұзушылық Жер кодексінің 48-бабына қатысты. Аталған бапқа сәйкес, жер телімдері міндетті түрде саудаласу арқылы ұсынылуы керек. Бұл норма басқа кәсіпкерлердің мүддесі сақталуын, бәсекелестік болуын көздейді", - деп түсіндірді прокурор.
Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер әділ талдау жүргізіп, оның нәтижелерін жариялау қажет деп есептейді. Ал шынында да жайылымдық жердің тапшылығы бар елді мекендерде барлық тарап ымыраға келе алатындай шешім табуға болады.
Кейінірек Кәсіпкерлер палатасындағылар Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры мен кәсіпкерлер арасында кездесу өткенін хабарлады. Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры Бағбан Тайымбетов елді мекендер шекарасындағы жайылымдық және шабындық жерлерді пайдалануды тоқтату мәселесі жіті қаралатынына сендірді.
Облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов елді мекендердегі жерлерді қайтару мемлекет басшысының тапсырмасы екенін, сондықтан олар талапарыздардың күшін жоя алмайтынын, бірақ әр іс жеке қаралатынын айтты.
"10 күн ішінде облыс әкімдігімен және кәсіпкерлер палатасымен жұмыс тобын құрамыз, оған шаруа қожалықтары да кіреді", - деді кәсіпкерлерге Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры Бағбан Тайымбетов. – Жері тәркіленгендерге балама жер телімін, мүмкін аумағы одан да көп жерді ұсынамыз. Яғни, бұл мәселені біржақты шешіп тастамаймыз", - деді облыс прокуроры.
Сондай-ақ Тайымбетов ұзақ уақыттан бері елді мекен мәртебесінен айырылған жерлер бойынша талапарыз қайтарылатынын атап өтті.
Жаңалықтар
0