Ресейліктер - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.02.2022
Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы

Украина экономикасы тоқырай ма?

© Sputnik / Алексей ФурманКиев
Киев - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.08.2022
Жазылу
Украина билігі ел бюджетіндегі ай сайынғы тапшылық жақын уақытта бестен тоғыз миллиард долларға жететіні туралы дабыл қағып жатыр. Батыс кредит ұсынуға құлшынып тұрған жоқ. Қаражат бюджет қызметкерлеріне жалақы беруге де, әскери шығындарға да жетпей отыр. Киев одақтастары қол ұшын созуға неге асықпай отырғаны және Украина экономикасын қандай болашақ күтіп тұрғаны туралы РИА Новости тілшісі жазды.
Украина президенті Владимир Зеленский "Еуроодақтағы кейбір көшбасшылар" сегіз миллиард доллар беруді бұғаттап отырғанын мәлімдеді. Ол осы қаражат болмаса, мұғалімдер, зейнеткерлер, босқындар мен басқа да санаттағы азаматтар бюджет төлемдерін ала алмайтынын айтты. Өз кезегінде президент кеңсесі басшысының орынбасары Игорь Жовква Германияны аударымды бұғаттады деп айыптады.
Украина қаржы министрі Сергей Марченконың айтуынша, бюджетті тұрақтандыру үшін ел Батыстан ай сайын шамамен 5 миллиард доллар алып отыруы керек. Ал президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Олег Устенко 2022 жылдың соңына қарай қажетті сома тоғыз миллиардқа жетеді деп есептейді.
Ақпан айынан бері республикаға 12,7 миллиард доллар көлемінде шетелдік қаржылай көмек көрсетілді. Жыл соңына дейін Киев тағы 15 миллиард доллар алуды көздеп отыр. Украина резервінде 12,9 миллиард доллар бар, бірақ Батыстың қолдауынсыз бұл ақша небәрі бір-екі айға ғана жетеді. Содан кейін экономика толық күйрейді.
Украина Ұлттық банкі қосымша 240 миллиард гривен (6,5 миллиард доллар) басып шығару арқылы жағдайды түзетуге тырысты. Кейбір украиндық қаржы мамандары баспа білдегін өшірмеуді қолдаса, енді біреулері осылайша билік инфляцияны одан әрі үдететінін ескертеді. Балама ретінде үкімет қосылған құн салығын арттыру, жанар-жағармайға салынатын акциздерді қайтару және импортқа әскери салық салуды талқылап жатыр. Заң жобасы ретіндегі соңғы ұсынысты Жоғарғы Рада қарауы керек: ол импорттық тауарлар мен қызметтерді сатып алу үшін валюта айырбастауға он проценттік салық енгізуді қамтиды.
Дегенмен, Марченконың айтуынша, жыл басынан бері кедендік баж салығынан түсетін пайда бір жылмен салыстырғанда 50 процентке жуық қысқарған. Есесіне қосымша салық дүкендердегі бағаға әсер ететіні сөзсіз. 2022 жылдың соңына қарай олар қазірдің өзінде 30 процентке, ал 2023 жылы тағы 20 процентке өсуі керек, деп жазады Forbes. Бұл ретте жанармай құны 40-50 процентке қымбаттаса, қыс мезгіліне қарай баға 100 процентке өседі деген болжам бар.
Киев экономика мектебінің есебі бойынша, Украинаның соғыс қимылдарынан жанама шығыны шамамен 128,8 миллиард долларды құрады. Тікелей шығындар – 108,3 миллиард. Атап айтқанда, кем дегенде 388 кәсіпорын, 43 мың ауыл шаруашылығы техникасы, 2 мыңға жуық дүкен, 18 әуежай, 28 мұнай базасы зақымданған немесе жойылған.
"Бұған қоса, Украина қорғаныс шығындарын 250 миллион доллардан 3,5 миллиард долларға дейін арттырды. Бұл ретте Батыс бөлген ақшаны әскери қажеттіліктерге жұмсауға болмайды. Марченконың айтуынша, еуропалықтар мұны жіті бақылап отыр. Киев Украина Қарулы күштерін тек салық түсімдері арқылы қаржыландырады. Әскерге айына шамамен 130 миллиард гривен (3,5 миллиард доллар) қажет, бірақ Украина 90 миллиард гривенге (2,4 миллиард доллар) әрең жетіп отыр. Оның үстіне, арнайы операцияның алғашқы айларында бұл сома бірнеше есе аз болды", - деп жазды автор.
Украина үкіметіндегілер жыл соңына дейін бюджет тапшылығы рекордтық 50 миллиард долларды құрайды деп күтіп отырғанын мәлімдеді. Бұл өткен жылғы ЖІӨ-нің 35 процентін құрайды. Батыс сарапшылары 2022 жылы нақты ЖІӨ төмендеуі 45 проценттен асуы мүмкін деп есептейді. Елдегі ең ірі кәсіпорындар – "Нафтогаз", "Укрэнерго" мен "Укравтодор" қазірдің өзінде банкротқа ұшыраудың қарсаңында тұр.
Аналитиктердің есептеуінше, осы жағдайдан кейін қалпына келуі үшін Украинаға кем дегенде он жыл қажет және бұл ел Қара теңізге шығу мүмкіндігін сақтап қалғанда ғана орындалады.
Автор жазғандай, экономист Александр Дудчак республикадан ресурстардың барлығы шығарылғанға дейін Киевті әрі-сәрі күйде ұстау жалғаса береді деп есептейді.
"Ресурс таусылғанда, Батыс қаржылық қолдаудан бас тартады да, мемлекет күйрейді. Оған дейін көп уақыт қалған жоқ. Сонымен бірге (он миллион босқынды есепке алғанда) Украина халқы жарты жылда шамамен 20 миллион адамға дейін қысқарды", - деді сарапшы.
Айта кету керек, Ресейдің арнайы операциясына дейін де Украина экономикасы өте әлсіз болды. Соңғы бірнеше жылда республика үкіметі дефолтқа жол бермеу үшін көп күш жұмсады, дейді экономист Михаил Беляев. Ол кезде тұрақтылыққа Донецк пен Луганск Халық Республикаларына қарсы күрес шығындары кедергі келтірсе, Ресейдің қатысуымен әскери операцияларға жұмсалған шығындар Киев үшін тым ауыр болып шықты.
"Алғашында жылдам жеңіске қол жетеді деп үміттенген Батыс Украинаға белсенді түрде көмектесті. Алты айдан кейін Киев Донбастан, Херсон облысынан және кейбір басқа аймақтарынан түгел дерлік айырылып, қаржылық қолдауға деген сұраныс артты", - деп атап өтті Беляев.
Теориялық тұрғыдан алғанда, Еуроодақ Украинаның инвестициялық келешегін болжап білсе, оған көбірек қаражат бөле алар еді. Бірақ мұндай қомақты қарызды жабу үшін қажет бірнеше ондаған жылдарды айтпағанда, украин жерінде бір жылдан кейін не болатынын ешкім болжап айта алмайды. Сонымен қатар, Еуропа мемлекеттері қазір өз экономикаларын қайта құру үстінде тұрғандықтан, оларға өздеріне инвестиция салу әлдеқайда тиімдірек.
"Еуропалықтар Украина жылдың соңына дейін дефолтқа ұшырамауы үшін Зеленскийге қанша ақша қажет болса, сонша қаражат береді. Оған қоса олар кеспе, консерві өнімдері, жаялықтар түрінде гуманитарлық көмек те жеткізеді", - дейді Беляев.
Экономистің пікірінше, Вашингтон Ресейдің әлсіреуін көздеп отырғандықтан, АҚШ Киевке мейлінше ұзақ қолдау көрсете алады. Алайда ол көмек жағдайды өзгертуі екіталай.
Сонымен бірге, Беляев атап өткендей, егер Батыс кенеттен Украинаны қаржыландыруды тоқтатса, 2022 жылдың соңына қарай оның экономикасынан толығымен құлдырайды.
"Бюджеттік қызметкерлер жалақысынан айырылады, мемлекеттік кәсіпорындар жабылады. Ал егер Украина Ұлттық банкі баспа білдегін іске қосса, бұл инфляцияның үдеуіне әкеледі", - деп түсіндірді сарапшы.
Жаңалықтар
0