Тұрмыстық техника сатып алмақ болған ерлі-зайыпты оңбай алданды

© Sputnik / Владислав ВодневИллюстративті фото
Иллюстративті фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.08.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 8 тамыз – Sputnik. Алматыда сайт арқылы тұрмыстық техника сатып алғысы келген ерлі-зайыпты бір миллион теңгесінен айырылды. Алаяқ сатушы бір тауармен шектелмей, үстінен тағы бірнеше техника ұсынған. Оған сенген алматылықтар ақшаны үш рет жіберген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.
Жас отбасының үйінде тоңазытқыш бұзылып қалған. Содан интернеттен жаңасын іздеуге кіріседі. Сайттардың бірінде үлкен әрі заманауи тоңазытқыштың видеосын көреді. Бағасы да тиімді болған. Ерлі-зайыпты бірден тауар иесіне мессенджер арқылы хат жазады. Хабарландырудың авторы көп ұзамай, жауап беріп, тоңазытқыштың жаңа екенін, тіпті кепілдік талоны бар деп сендіріпті. Сосын қай қаладан хабарласып тұрғанын сұраған.

"Біз Алматыданбыз дедік. Ол Таразданмын деді. Дәл қазір заттарды тиеп жатқанын, тоңазытқышты бірнеше сағаттың ішінде жеткізіп беретінін айтты. Өзім әскери адаммын, үйді және барлық затты жаппай сатып жатырмыз дегеннен кейін сеніп қалдық", - дейді жәбірленуші.

Ер адам жиһаз, ойын приставкасы және басқа да тұрмыстық техниканы сатып алуды ұсынған. Құжаттарын да көрсетіпті. Оған сенген алматылық ерлі-зайыпты әрбір тауар үшін ақша аудара бастайды. Осылайша, бір миллион теңгеге жуық ақша жіберген. Ал сатушы көлікке салынған тауардың фотосын жібереді де, өзі жоқ болып кеткен.
"Біз бірден полиция бөліміне арыз түсірдік. Банк аударымдарын және мессенджердегі хат алмасуды көрсеттік. Бір қызығы, ол бізбен тек WhatsApp арқылы ғана сөйлесті, ал телефоны үнемі өшіп тұрды", - деп атап өтті жәбірленуші.
Полицейлер ондай қылмысты бірден ашу қиын деп отыр. Себебі алаяқтар жалған телефон нөмірлерінің сервисін пайдаланып жатады. Ішкі істер органдарында арнайы құрылымдар бар. Бірақ алаяқтарды анықтау үшін біраз уақыт керек.
Жаңалықтар
0