Оралдағы қанды оқиға: полиция күдіктілердің қалай ұсталғанын айтып берді

© Photo : Pixabay / 4711018Архивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.08.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 8 тамыз – Sputnik. Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин Оралда кәсіпкерді пышақтап өлтірді деген күдікке ілінген 31 жастағы Руслан Қожантаев пен 21 жастағы Тұрлан Амангелді қалай ұсталғанын айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Полицейлер қылмыс жасалған жерге жақын бау-бақшалар мен саяжайларды тексерген. Күдіктілер сол жерде жасырынған.
"Қылмыс жасалған жердегі барлық бейнебақылау камерасын қарап шықтық. Соның арқасында қылмыскерлердің қай жаққа кеткенін білдік. Бүгін сағат 10:30-дың шамасында Орал қаласының "Көктем" саяжайында екі күдікті құрықталып, полиция департаментіне жеткізілді. Олар полицейлерді көргенде қашты, бірақ қарсылық көрсеткен жоқ. Тергеу Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігі бойынша жүргізіліп жатыр. Онда 20 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған", - деді Жаншин арнайы брифингте.
Ішкі істер министрінің өзі тергеу шараларын жеке бақылауына алды. Полиция департаменті күдіктілердің марқұм кәсіпкердің қол астында жұмыс істегенін, я істемегенін растамады.
"Ондай ақпарат жоқ. Тергеу кезінде бәрін анықтап, сіздерге хабарлаймыз", - деп атап өтті Жаншин.
Сондай-ақ, бір қылмыскердің деструктивті ағымға қатысы бар-жоғы да тексеріліп жатыр. Ол қылмыс жасағаннан кейін полицияның көзіне түспеу үшін сақалын қысқартып тастаған.
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.08.2022
Оралда кәсіпкерді өлтіріп кеткендер ұсталды
Жаңалықтар
0