Оқытуды компьютерлендіруден оқушылардың көру қабілеті нашарлаған

© Photo : Пресс-служба акима Алматы Балалар компьютерде сабақ оқып отыр
Балалар компьютерде сабақ оқып отыр - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.08.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 7 тамыз – Sputnik. Оқытуды компьютерлендіру оқушылардың көру қабілетін нашарлатты. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов депутаттық сауалға жауап бере отырып айтты.
Оның айтуынша, 2021 жылы жалпы білім беретін мектептердің 2 911 777 оқушысы тереңдетілген медициналық тексеруден өтті, оның ішінде 2 480 540 бала (85%) қаралды.
"Оқушыларға жүргізілген медициналық тексерулердің талдауы көрсеткендей, көру органдарының патологиясы бірінші орында. 2021 жылы 60 490 оқушы, 2020 жылы – 22 795 оқушы", – деп жазды Ералы Тоғжанов өз жауабында.
Оның айтуынша, оқушылардың көру қабілетінің нашарлауына оларды ақпараттық технологиялармен таныстыру, оқытуды компьютерлендіру негізгі себеп болған. Атап айтқанда, гаджеттер мен ұялы телефондарды белсенді қолданумен байланысты оқу жүктемесінің артуы, шамадан тыс ақпараттық жүктемелер, көру гигиенасының бұзылуы, көру режимінің сақталмауы.
Екінші орында – 2020 жылмен салыстырғанда 2,7 есе өскен жүйке-психикалық аурулар (2021 жылы – 15 946, 2020 жылы – 5 872).
Көрсеткіштің артуына себеп болған жайттар:
психоэмоционалды жағдайлардың жоғарылауы;
әлеуметтік желілер арқылы шамадан тыс ақпараттық жүктеме;
телефон мен гаджеттерге психологиялық тәуелділік;
күнделікті режимді сақтамау.
Үшінші орында – дене бітімі патологиясы. 2021 жылы 6 112 балада сколиоз (арқа омыртқаның қисаюы) анықталды (2020 жылы – 2 517).
Дене бітімінің бұзылуына ықпал ететін себептер:
қозғалыс белсенділігінің жеткіліксіздігі;
оқушылардың бой, жас ерекшеліктерін ескерместен мектеп жиһазына отыруы;
отыру кезінде дененің дұрыс орналаспауы;
үстелге дұрыс отыру ережесін сақтамау;
патологияның алдын алу жаттығуларын орындамау немесе тұрақты негізде орындамау.
Жаңалықтар
0