2,5 проценттік кредит кімге беріледі – жоба өңірлерде жүзеге асырылады

© Sputnik / Наталья Селиверстова / Медиабанкке өтуПроцент
Процент - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.08.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 6 тамыз – Sputnik. Жамбыл облысында халықтың табысын арттыруға арналған пилоттық жоба оң нәтиже көрсетті. Соның арқасында біраз адам жағдайын жақсартып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Ал, ең бастысы, жәрдемақыға қарап отырғандардың саны азайды. Енді, осы жобаны республика бойынша жүзеге асыру мәселесі қаралып жатыр. Sputnik Қазақстан тілшісі пилоттық жобаның негізгі шарттарын зерделеп, 2,5 проценттік кредит қалай берілетінін білді.

Жобаның негізгі шарттары

Жамбыл облысында пилоттық жоба осыдан үш жыл бұрын басталған болатын. Негізгі бес бағыты бар. Олар:
өсімдік шаруашылығы үшін жеке учаскелерді пайдалану;
үй жанындағы аулаларды мал және құс шаруашылығына пайдалану;
жер ресурстарын елді мекендерден тыс жерлерде пайдалану;
кооперативтер құру және жасақтау;
ауылдағы шағын бизнесті қаржыландыру.
Пилоттық жобаға республикалық бюджеттен 7,2 миллиард теңге бөлінді. Осы ақшаға 10 ауданда тұратын ауыл халқына 2 489 кредит берілді.
Несие шарттары:
кредит/микрокредит мерзімі — 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін;
кредиттің/микрокредиттің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады;
номиналды сыйақы мөлшерлемесі - 2,5 процент; кепілмен қамтамасыз ету.
Бүгінде кредитті төлеуден түсіп жатқан ақшаны қайтадан жобаға салып жатыр. Соның арқасында тағы үш ауылдың тұрғындары жобаға қосылып, жеке кәсібін ашуға ақша алды.

Кредит алу тәртібі қандай

Жамбыл облысындағы пилоттық жоба кезінде барлық кредит "Тараз" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация арқылы берілді. Соның жанында шағын қаржы ұйымдары құрылған. Корпорацияның басқарушы директоры Ақтанәлі Ысмайылдың айтуынша, кредитті делдалсыз тікелей халыққа берудің арқасында проценттік мөлшерлемені азайтуға мүмкіндік бар.
"Осы жоба барлық аймаққа таратылғаннан кейін қандай тәртіппен берілетінін айта алмаймын. Бірақ біздегі механизм бойынша алдымен облыс әкімінің қаулысымен жобаға қатысатын ауылдар анықталды. Ал кредит алу үшін әкімдікке барып, құжат тапсыру қажет. Сол жерде адамдарға барлық ақпарат беріледі. Әкімдік құжат жинап, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияға өткізеді. Корпорацияның өз ішінде тиісті құрылымдар бар. Олар құжатты тексереді, кем-кетігі болса, кері қайтарады. Әкімдік оны түзетіп, тағы тапсыра алады", - деді Ысмайыл Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Барлық құжат кредиттік комитеттің қарауына шығарылады. Оған "Атамекен" палатасы мен әкімдіктің өкілдері де кіреді.
"Осы комиссия кредитті беру я бермеу туралы шешім шығарады. Сомасын да анықтайды. Оң шешім шықса, кредит алатын адаммен келісімшарт жасалады. Соның негізінде ақша беріледі. Кредит банктен емес, тікелей корпорациядан беріледі. Банкте тек есепшот ашу керек. Ақша соған аударылады", - деп атап көрсетті Ысмайыл.
Корпорация мамандары кредит ақшасы мақсатты пайдалану жағын да қадағалап отырады. Жыл сайын кеңейтілген бақылау шаралары жүргізіледі. Ал кредитті төлеу кестесін өзіңе ыңғайлы етіп құруға болады.
"Икемді график жасауға болады, әркім өзі таңдайды. Ай сайын төлесе болады, тоқсанда бір рет я болмаса, жылы бір-екі рет төлесе болады. Кредитке каникул береміз. Негізгі қарызға – бір жыл, ал сыйақысына жартыжылық каникул қарастырылған. Осылайша, төлем уақыты ұзартылады", - деді корпорацияның басқарушы директоры.
Оның сөзіне қарағанда, проблемалық кредитттер бар. Бірақ саны көп емес. Қазір жеті адам кредит төлеу жағынан қиналып жатыр. Біреудің малы уақытында семірмеді, енді біреудің өнімі дұрыс шықпай қалды.

Әкімдер дайындыққа кірісті

Биыл мамыр айында премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барып, пилоттық жобаның нәтижесімен танысты. Оны жаңадан құрылған "Қостөбе-2019" ауыл шаруашылығы кооперативіне алып барған. Барлық облыс әкімдерінің орынбасарлары да келді.
Ресми мәліметке сәйкес, пилоттық жоба аясында Қостөбе ауылдық округіне 1,6 млрд теңге бөлінді. Сол жерде 178 адам кооператив құрып, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Жерді игеруге кірісті. Бұдан бөлек, мал шаруашылығын дамыту бағыты бойынша жылқы мен ірі қараны сатып алды.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтың сөзіне сенсек, бүгінде Қостөбе ауылдық округіндегі бір отбасының табысы 4 есеге артқан. Ал мал басының саны да 53,8 процентке көбейді. 256 ауыл тұрғын жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 123 жаңа жұмыс орны ашылды. Осылайша, ауылда әлеуметтік көмек алатындардың саны бірден 86 процентке қысқарған.
Үкімет басшысының орынбасарына пилоттық жобаның нәтижесі ұнаған сияқты. Тоғжанов оны "Ауыл аманаты" деп атап, басқа облыстарға таратуды ұсынды. Ал шілде айында астанада арнайы жиналыс өткізді. Сол жерде жобаны республика бойынша тарату мәселесі қаралды. Бүгінде екі мыңнан астам әкім жобаны іске асыру тетіктерін меңгеріп шыққан екен. Енді барлығы бюджеттен ақша бөлінгенін күтіп отыр. Осы жұмыс келесі жылы басталады деген жоспар бар.
Жаңалықтар
0