Премьер-министр ауыл шаруашылығы министрлігі жіберген кемшіліктерді атады

Бидай - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.08.2022
Жазылу
Yandex newsTelegram
НҰР-СҰЛТАН, 5 тамыз – Sputnik. Ауыл шаруашылығы министрлігі атқарылып жатқан жұмысты дұрыс түсіндірмейді. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов бизнес өкілдері, "Атамекен" ҰКП және орталық мемлекеттік органдар басшылары қатысқан Отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысында айтты, деп хабарлады үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Отырысқа қатысушылар үкіметтің орта мерзімді кезеңге арналған жаңа экономикалық саясатының жобасын қарады. Ол едәуір экономикалық еркіндікті қамтамасыз етуді, экономиканы әртараптандыруды, экспорттық әлеуетті және еңбек өнімділігін арттыруды, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуді, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғауды дамытуды көздейді.
"Біз үшін экономикалық өсімнің арқасында азаматтардың әл-ауқатының артуы, табысының өсуі маңызды. Бұл орайда экономикалық өсу тұрақты болуы керек. Осыған байланысты бірінші кезекте кәсіпкерлікті дамытуға баса назар аударғымыз келеді. Сонымен қатар барлық басқа салалар да құрылымдалып, осы құжатта көрсетілген. Егер бизнес өкілдерінің нақты ұсыныстары болса, оларды ескеруге дайынбыз", — деді премьер-министр.
Сондай-ақ ол бизнес-қауымдастық пен азаматтық қоғамды талқылауға белсенді түрде қатысуға шақырды.
Сонымен қатар отырыста агроөнеркәсіп кешенін, тау-кен металлургиясын, көлік саласын, энергетиканы және салықтық әкімшілендіруді дамыту мәселелері қаралды.
Атап айтқанда, бизнестің проблемалық мәселелерін "EPG Education" ЖШС директоры Досым Бесбай, "Олжа Агро" ЖШС директоры Айдарбек Қожаназаров, "Атамекен" ҰКП төралқасының Геология саласы, тау-кен, көмір өндіру және металлургия өнеркәсібі комитетінің төрағасы Николай Радостовец және "Визор Қазақстан" инвестициялық компаниясының серіктесі Алмас Чукин көтерді.
Ауыл шаруашылығын реттеу мәселелерін талқылау аясында Премьер-министр салалық министрлік тарапынан жіберілген кемшіліктерге назар аударды.
"Ауыл шаруашылығы министрлігі атқарылып жатқан жұмысты дұрыс түсіндірмейді. Сондықтан кәсіпкерлерде не болып жатқаны туралы қате түсінік қалыптасады. Бидайды шығаруға ешқандай тыйым салынған жоқ! Біз квота түрінде шектеулер енгіздік, бірақ оны әдеттегі экспорт көлемінен жоғары қойдық", — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, егер Қазақстан айына шамамен 350 мың тонна астық экспорттап отырған болса, квота биылғы қыркүйек айының соңына дейін қолданыстағы экспорттық келісімшарттарды шектемей, азықтық астықты бақылаусыз жаппай шығарудың алдын алуды қамтамасыз ету үшін айына 500 мың тоннадан жоғары деңгейде белгіленді.
Сондай-ақ Әлихан Смайылов АӨК субсидиялау жүйесін реформалау тақырыбын қозғады.
"Біз барлық бюджет шығысын олардың тиімділігін арттыру бөлігінде, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша қайта қарап жатырмыз. Қаржыны ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін ынталандыруға бағыттағымыз келеді. Бұл инвестициялық субсидиялар, несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені арзандату, оларды одан да қолжетімді еткіміз келеді", — деп толықтырды премьер-министр.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемін қысқарту жоспарланып отырған жоқ.
"Керісінше, оны ұлғайтқымыз келеді. Алайда одан экономика үшін, жалпы ел үшін пайда болуы керек, әрбір бюджеттік теңгенің қайтарымын арттырғымыз келеді", — деп түйіндеді ол.
Жаңалықтар
0