Мектеп ауласында жартылай жалаңаш жүрді – видеодағы екі ер адам педагог болып шықты

© Photo : pixabayПодавленный человек
Подавленный человек - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.08.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 5 тамыз – Sputnik. Әлеуметтік желіде мектеп ауласында жартылай жалаңаш жүрген екі ер адам мен бір қыздың видеосы тарады. Бейнежазба авторы педагогтардың бойжеткенді зорлауға тырысқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан YK-news.kz порталына сілтеме жасап.
Өскемен қаласының білім бөлімі екі ер адамның №30 мектепте жұмыс істейтінін растады. Біреуі алғашқы әскери дайындық пәнінің педагогы болса, екіншісі – еңбек сабағының мұғалімі. Екеуі де жұмыстан босатылды. Оған қоса, күзетші жұмыстан қуылды.
"Иә, шынымен де ол жерде екі педагогымыз және бір қыз болды. Барлығы мас болған, анық көрініп тұр. Педагогтар мен күзетші қызметтен босатылды. Ал зорлау әрекеті болды ма, жоқ па, бейнебақылау жүйесінде тіркелген жоқ. Қазір ішкі істер органдары тексеріс жүргізіп жатыр. Видеодағы қыз сол мектепте оқи ма, жоқ па, нақты айта алмаймын. Бірақ бұрынғы түлегі дейді. Оны да тәртіп сақшылары анықтайды", - дейді бөлім басшысы Сәуле Алагөзова.
Оның айтуынша, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі бұрыннан бері жұмыс істейді. Еңбек және технология пәнінің педагогы одан кіші болса да, екеуінің еңбек өтілі 10 жылдан кем емес.
"Ол күні алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі түске дейін жұмыста болды. Осы оқиға бойынша түсініктеме бере алмады, есімде жоқ дейді. Ал күзетші жұмыстан шығарылды. Қазіргі таңда мектеп ауласын күндіз ғана емес, түнде де аралап шығу міндеті қойылды. Мектеп ауласы ашық, бірақ камера бар", - деп атап өтті Алагөзова.
Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті мектеп ауласында зорлау әрекетінің тіркелмегенін хабарлады. Сол себепті екі мұғалім ұсақ бұзақылық бабы бойынша жауапқа тартылды. Оған сәйкес, әрқайсы 5 АЕК (15 900 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі.
Жаңалықтар
0