FlyArystan мен Air Astana қашан бөлінеді

© Sputnik / Владислав ВодневСамолеты на взлетно-посадочной полосе
Самолеты на взлетно-посадочной полосе - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.08.2022
Жазылу
Air Astana басшысы әуе компанияларын "мәжбүрлеп бөлген" жағдайда FlyArystan компаниясының экономикалық басымдылықтары жоғалатынын айтты
НҰР-СҰЛТАН, 5 тамыз — Sputnik. Air Astana компаниялар тобының президенті Питер Фостер бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің FlyArystan лоукостерін жеке компания ретінде бөлу туралы ұсынысына қатысты түсініктеме берді.
Оның айтуынша, бұл 2024 жылдың соңына қарай орындалуы мүмкін. Әуе компанияларын "мәжбүрлеп бөлген" жағдайда FlyArystan экономикалық артықшылықтарын жоғалтады және билеттер бағасы қымбаттайды.
"FlyArystan үшін жеке есеп саясатын жүргіземіз. Бірақ, Air Astana тобында бола отырып, FlyArystan өте үлкен экономикалық артықшылықтарға ие – белгілі бір қызметтерді бас компания көрсетеді. Мысалы, ұшақтарға сублизинг кезінде Air Astana әуе компаниясы лизинг берушімен келісімге келген мөлшерлеме бойынша орындалады", - деді Питер Фостер.
Ол әуе компаниясының ұшқыштары екі бренд үшін де жұмыс істейтінін айтты. Лоукостерге техникалық қызмет көрсетумен Air Astana инженерлері айналысады. Сондай-ақ, әуежайларда FlyArystan ұшақтарына жердегі қызмет көрсетудің басым бөлігін Air Astana әуе компаниясының жерде қызмет көрсету бөлімінің қызметкерлері жүзеге асырады.
"Егер екі әуе компанияны мәжбүрлеп бөлер болсақ, синергия мен экономикалық артықшылықтар жоғалады. Сәйкесінше, шығындар деңгейі, FlyArystan ұшағындағы бүгінде 4 АҚШ центін құрап отырған бір шекті жолаушы-километрге шаққандағы өзіндік құн бірден өседі. Бұл 48 доллар тариф туралы ұмытуға әкеледі де, саяхаттап жүрген қазақстандықтар үшін өте қолайсыз жағдай тудырады", - деді Питер Фостер.
Қазіргі уақытта FlyArystan флоты 11 ұшақтан тұрады. Әуе компаниясы басшысының айтуынша, 2024 жылға қарай FlyArystan өз бетімен жұмыс істеуге қабілетті үлкен және қуатты компанияға айналады.
"Біздің ойымызша, бұл FlyArystan флоты 20-25 ұшаққа жетке кезде болады. Қазіргі жоспар бойынша бұл кезең 2024 жылдың соңына қарай күтіліп отыр. Бөлу мәселесін талқылау кезінде біз осындай уақыт шеңберін қарастырып жатырмыз", - деді Air Astana компаниялар тобының басшысы.
Air Astana әуе компаниясын IPO-ға шығаруға қатысты айтар болсақ, бұл мәселе 2023 жылы талқыланады деп көзделіп отыр.
"Инвестициялық банктердің ақпаратына сәйкес, аймақтағы макроэкономикалық және геосаяси жағдайға байланысты 2022 жылы инвесторлар тарапынан әуе компанияларына қызығушылық күтудің қажеті жоқ", - деді Питер Фостер.
Жаңалықтар
0