Алматыда билетке ақша таппаған жолаушы пойыздың төбесіне жатып алды – видео

© Sputnik / Тимур БатыршинЖолаушылар пойызы, архивтегі фото
Жолаушылар пойызы, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.08.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 5 тамыз – Sputnik. Алматы қаласында билетке ақша таппаған жолаушы пойыздың төбесіне мініп, Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласына дейін тегін барғысы келген. Пойызды шұғыл тоқтатуға тура келді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әлеуметтік желіде Тальгоның төбесіне жатып алған ер адамның видеосы тарады. Перонда тұрған видео авторы пойызға біреудің мініп алғанын айтып, одан қайда бара жатқанын сұрайды. Төбеде жатқан жігіт қолын көтеріп қояды.
Желілік полиция департаменті "Алматы-Орал" бағытындағы пойыздың төбесіне ер адамның мініп алғанын растады. Бұл оқиға 24 шілде күні болған. Сол кезде "Алматы 1" станциясының желілік полиция бөліміне кешкі сағат 20:20-ның кезінде біреу пойыздың төбесіне мініп алғаны туралы хабарлама түскен. Машинист "Алматы-2" станциясында пойызды тоқтатты. Ал полицейлер соңғы вагонның төбесіне шығып алған ер адамды жерге түсірді. Сосын әкімшілік хаттама рәсімдеді. Оған 15 900 теңгенің айыппұлы салынды.
"Ұсталған азамат Батыс Қазақстан облысының 47 жастағы тұрғыны болып шықты. Билетке ақшам болмады деді. Содан пойыздың төбесіне шығып, Қазақстан станциясындағы үйіне дейін жетіп алмақшы болған", - дейді тәртіп сақшылары.
Айта кетері, Қазақстан станциясы Ақсай қаласында орналасқан. Алматы мен Ақсайдың арасындағы теміржолдың ұзындығы 2 мың шақырымды құрайды.
Жаңалықтар
0