Нұр-Сұлтанда жаңа үйдің тұрғындары бір қатерден аман қалды

© Sputnik / Владислав ВодневНұр-Сұлтан келбеті
Нұр-Сұлтан келбеті - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.08.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik. Елордадағы көп қабатты тұрғын үйдің кіреберісінің төбесі опырылып түсті. Бастысы, зардап шеккендер жоқ. Бірақ мердігер компания оқиғаға қатысты жауаптан қашқақтап отыр, деп хабарлады Хабар 24.
Ал тұрғындар құрылыс кезінде кеткен қателіктің салдарымен күресуден шаршадық дейді.
Желіде жарияланған видеоны "Әулет" тұрғын үй кешенінің тұрғындары түсірген. Подъездердің бірінде гипсокартоннан жасалған төбенің опырылып түскені анық көрінеді. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.
Жарты жыл бұрын ғана баспана алған азаматтардың қуанышы ұзаққа созылмады. Жаз басталғалы жаңа кешеннің кем-кетік тұстары біліне бастапты. Қар ерігенде көлік тұрағын су басқан. Жаңбыр жауғанда жағдай тағы қайталанды.
"Осында көшіп келгенімізге 7 айдың жүзі болды. Бірақ НАК компаниясы бізге жоспардағыдай үйді тапсырған жоқ. Үйді қабылдап та алған жоқ. Өзімізге келісімшартты міне деп бере салды. Әлі құрылыс жұмыстары аяқталған жоқ. Үйдің бағасына сапасы сай келмейді. Бізге бұл үйді "Комфорт+" деп сатты", - дейді "Әулет" тұрғын үй кешенінің тұрғыны Нұрдәулет Кенжебай.
300-ден астам пәтері бар үйдің тұрғындары балалары мен өздерінің қауіпсіздігі үшін алаңдайды. "Мұндай жағдай үйдің басқа подъездерінде болмайтынына кім кепіл?" дейді олар.
"Менің кішкентай балаларым бар. Олардың өмірі үшін алаңдаймын. НАК басшылары осыны естісе деп отырмын. Өйткені оларға жазып, қоңырау шалып жатырмыз, қаншама шағым жаздық. Оның бәрі тек қағаз түрінде жауап беріледі. Бірақ істелініп жатқан нәрселерді көрмедім", - дейді "Әулет" тұрғын үй кешенінің тұрғыны Мадина Қожахметова.
Құрылыс компаниясының өкілдері осы жағдайға қатысты қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты. Сонымен жаңа салынған ғимараттардың сапасына кім жауап беретінін айту қиын. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы заң бойынша құрылыс компаниялары өздері салған нысандарды өздері пайдалануға беретінін айтты.
"Біз қадағалау органы ретінде тапсырыс берушіні бақылаймыз. Техникалық бақылау қабылдады. Ал тапсырыс беруші, яғни құрылыс компаниясы аталған ескертулерді осы жылдың 6 тамызына дейін жоюға міндеттеледі. Оларда кепілдік мерзімі бар. Тағы да қайталаймын, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау мекемесі (МСҚБ) нысандарды пайдалануға қабылдамайды, яғни құрылыс аяқталғаннан кейін тапсырыс беруші құрылыс компаниясы бұл объектіні өзі қабылдайды", - деп түсіндірді "Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының" ММ бас маманы Марат Тұңғышбаев.
Заң бойынша құрылыс компаниялары кепілдік мерзімі аяқталғанша кемшіліктерді жоя алады. Ал бақылау органдары жаңа объектілерді тек ресми шағымдардан кейін ғана тексере алатынын алға тартты. Өйткені бизнесті тексеруге мораторий енгізілген.
Жаңалықтар
0