Алматыда алаяқтар кәсіпкерлерден ақша бопсалаған

© Photo : Пресс-служба МЧС Казахстана Архивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.08.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 3 тамыз – Sputnik. Алматыда бақылаушы органдар қызметкерлерінің атын жамылып, 24 кәсіпкерден тұрақты түрде ақша бопсалаған қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды.
"Алматы қаласы прокуратурасының мобильдік тобына бизнес субъектілерінен "Нұр-Сұлтан Пром безопасность" ЖШС жұмыскерлері өздерін төтенше жағдай органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, айыппұл саламыз және тексеріс жүргіземіз деп қорқыта отырып, кәсіпкерлерді өртке қарсы қауіпсіздік қызметтері үшін төлем жасауға мәжбүр еткендігі туралы дабыл түскен", - делінген прокуратураның хабарламасында.
Алаяқтар сөзінің дәлелі ретінде мазмұны жағынан мемлекеттік органдардың куәліктеріне ұқсас қызыл түсті қызметтік куәліктерін көрсеткен.
Тергеу мұндай қылмыстық схеманың жүйелі сипатқа ие екенін анықтады, Алматының Наурызбай және Әуезов аудандарында 24 кәсіпкер іс бойынша жәбірленуші болып танылды.
"Тергеудің бастапқы кезеңінде осы қылмысты жасады деген күдікпен 1991 және 1995 жылдары туған екі адам ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды", - деп толықтырды Алматы прокуратурасы.
Кейіннен 1995 жылы туған компания директоры орынбасарының да қатысы бары анықталды, оған ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы негізінде, яғни адамдар тобында бірнеше рет жасалған алаяқтық фактісі бойынша айып тағылды. Аталған қылмыс үшін 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қылмыстық іс қарау үшін сотқа жолданды.
Жаңалықтар
0