Ғалымдар Алтайдағы ежелгі қорымнан бірге жерленген жасөспірімдердің сүйегін тапты
© Photo : Виолетта СайбертАфанасьев заманындағы қорғанды аршу жұмыстары
© Photo : Виолетта Сайберт
Жазылу
Түркі қорғандарының жанынан Афанасьев дәуіріне жататын "Ромео мен Джульетта" табылды
НҰР-СҰЛТАН, 2 тамыз – Sputnik. "Үлкен Алтай: түркі мұрасы. Сентелек-2022" халықаралық археологиялық экспедициясының қатысушылары ежелгі қорымнан ерекше олжа тапты. Бұл туралы Қазақстаннан экспедицияға қатысушы, Ә. Х. Марғұлан атындағы біріккен археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының директоры Виктор Мерц хабарлады.
Бұған дейін РИА Новости хабарлағандай, түркі қорымдары табылған Алтай өлкесінің Чарыш ауданындағы үлкен жерлеу кешенін қазу барысында ғалымдар 10-12 жастағы жасөспірімдердің, болжам бойынша ұл мен қыздың жерленген жерін тапты.
© Photo : Виолетта СайбертАфанасьев дәуіріндегі "Ромео мен Джульеттаның" моласы
Афанасьев дәуіріндегі "Ромео мен Джульеттаның" моласы
© Photo : Виолетта Сайберт
Ғалымдардың айтуынша, бұл ерекше олжа үш жыл бұрын қазыла бастаған Афанасьев заманындағы қорымнан табылған болатын. Енді археологтар оған "Үлкен Алтайдың Түркі әлемі" жобасы аясында қайта оралды.
"Афанасьев мәдениеті – Орталық Азияның ежелгі тарихындағы өте қызықты және таңғаларлық құбылыс. Оның пайда болуы Шығыс Еуропа халқының Қазақстан және Орталық Азия аумағы арқылы Алтайға, мүмкін, Орталық Қытайға қоныс аударуымен байланысты. Бұл Еуразия даласы тарихындағы әлі де аз зерттелген ерекше дәуір", - деді тарих ғылымдарының кандидаты, Торайғыров атындағы университеттің профессоры Виктор Мерц.
© Photo : Виолетта СайбертАфанасьев дәуіріндегі қорғанды аршу жұмыстары жүргізіліп жатыр
Афанасьев дәуіріндегі қорғанды аршу жұмыстары жүргізіліп жатыр
© Photo : Виолетта Сайберт
Археологтар қазба орындарында биіктігі бір жарым метрге жететін үлкен тас тақталардан жасалған мегалиттік жерлеу құрылымын тапты. Сарапшылар жерлеуден ер адамның, Афанасьев қоғамындағы элита өкілінің немесе қандай да бір діни көшбасшының сүйегін табамыз деп күткен көрінеді. Бірақ ойламаған жерден олар шамамен 10-12 жас аралығындағы жасөспірімдердің, болжам бойынша, ұл мен қыздың жұп ретінде жерленген жерін тапты.
Ресей Ғылым Академиясының Тарих және материалдық мәдениет институтының Орталық Азия және Кавказ археология бөлімінің аға ғылыми қызметкері Алексей Фрибустың айтуынша, жерлеу орны жасөспірімдер үшін әдетте мұндай үлкен жерлеу құрылымдары жасалмағанымен ерекшеленеді.
© Photo : Петр СухачёвЖас түрколог ғалымдар
Жас түрколог ғалымдар
© Photo : Петр Сухачёв
"Бұл жағдайда ғимараттың үлкендігінен осы жұпқа деген ерекше көзқарасты байқауға болады. Олар кімдер? Бұл сұраққа әлі жауап табылмады. Бұл екі қыз болуы да мүмкін. Өйткені сүйектермен бірге моншақтар табылды. Мүмкін тіпті егіздер болса керек, сол себептен олардың өліміне деген көзқарас ерекше болды. Өйткені ежелгі қоғамда егіздерге табынған. Оны Таяу Шығыс, Балқан, Жерорта теңізі өнерінен байқауға болады", - деп атап өтті Виктор Мерц.
Дәл қазіргі уақытта ғалымдар табылған сүйек қалдықтарының туысқан болғанын немесе шынымен де ер мен әйел екенін айта алмайды. Мұны алдағы уақытта антропологтар және генетиктер анықтайды.
© Photo : Петр Сухачёв Афанасьев дәуіріндегі қорым
Афанасьев дәуіріндегі қорым
© Photo : Петр Сухачёв
Сондай-ақ қорғандардан қазба жұмыстары кезінде тұрмыстық заттар, құралдар мен жебе ұштары табылды.
Экспедиция шілде айының басында Алтай өлкесінің Чарыш ауданында Алтай мемлекеттік университеті, РҒА материалдық мәдениет тарихы институты (Санкт-Петербург) және Торайғыров университеті (Қазақстан Республикасы) ғалымдарының қатысуымен өтті. Оның мақсаты Теплая өзені сағасындағы ежелгі қорымның әртүрлі кезеңдерінің қорғандары арасында Түркі дәуірінің жерлеу орындарын табу болды.
© Photo : Виолетта СайбертСкиф дәуіріндегі жебенің ұшы
Скиф дәуіріндегі жебенің ұшы
© Photo : Виолетта Сайберт
Экспедиция мүшелері іздеуді бір жылдан кейін қайта жалғастыруды жоспарлап отыр. Ал биыл Үлкен Алтайдың ежелгі түріктерінің ізі бойынша археологиялық жұмыстар Шығыс Қазақстанда жалғасады, онда орта ғасыр дәуіріндегі осыған ұқсас жерлеу орындарын табуға үлкен мүмкіндік бар.