Жеті облыстың прокурорлары тағайындалды
10:54 27.07.2022 (жаңартылды: 11:01 27.07.2022)
© SputnikҚР Бас прокуратурасы
© Sputnik
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 27 шілде – Sputnik. Президенттің келісімі бойынша Бас прокурордың бұйрығымен бірқатар облыстың прокурорлары тағайындалды, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Жаңадан құрылған Ұлытау облысының прокуроры қызметіне Жарқынбек Кендірбекұлы Бақашбаев келді. Ол 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі.
Бақашбаев еңбек жолын 1985 жылы Целиноград қаласындағы Ленин аудандық прокуратурасында тағылымгер болып бастаған.
© Photo : Пресс-служба генеральной прокуратуры КазахстанаЖарқынбек Бақашбаев
Жарқынбек Бақашбаев
Басшылық лауазымдарда тәжірибесі мол. Арыс қаласының ауданаралық прокуроры, Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент және Түркістан қалаларының прокуроры, Қызылорда, Ақмола облыстары, Алматы қаласы прокурорының орынбасары, Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар департаменті және Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары болды.
2019 жылдан бастап Бас прокуратураның 2-қызмет бастығы лауазымын атқарды.
Прокуратура органдарындағы еңбек өтілі 35 жылдан асады.
Абай облысының прокуратурасын 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Ерлан Масғұтұлы Абаев басқарды.
Ерлан Абаев прокуратура органдарында 1992 жылдан бері қызмет етіп келеді.
Павлодар облысы прокуратурасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі, осы облыстың Ертіс, Успен аудандары және Павлодар қаласының прокуроры, елордада ҚСжАЕК басқармасының бастығы болып жұмыс істеді.
© Photo : Пресс-служба генеральной прокуратуры КазахстанаЕрлан Абаев
Ерлан Абаев
2016-2018 жылдары Бас прокуратура департамент бастығының орынбасары, департамент бастығы лауазымдарын атқарды.
2018 жылдың шілдесінен бастап Маңғыстау облысының прокуроры болды.
Прокуратура органдарындағы еңбек өтілі – 30 жыл.
Жетісу облысының прокуроры қызметіне аға әділет кеңесшісі Мадияр Бекенұлы Басшыбаев тағайындалды.
Басшыбаев еңбек жолын 2000 жылы Ақтөбе облысы прокуратурасында басқарма прокуроры болып бастаған.
Әр жылдары Ақтөбе облысы мен Алматы қаласы прокуратураларында құрылымдық бөлімшелерді басқарды. Медеу, Алмалы аудандарының прокуроры, Алматы қаласы прокуратурасының аппарат басшысы, Бас прокуратура стратегиялық даму департаменті бастығының орынбасары болды.
© Photo : Пресс-служба генеральной прокуратуры Казахстана Мадияр Басшыбаев
Мадияр Басшыбаев
Бүгінге дейін Батыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары ретінде қызмет атқарды.
Прокуратура органдарындағы еңбек өтілі – 20 жыл.
Батыс Қазақстан облысының прокуроры болып 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Серік Рысқалиұлы Шалабаев тағайындалды.
Серік Шалабаев прокуратура органдарында 1992 жылдан бастап жұмыс істейді. Қызмет жолын Ақтау қаласы прокуратурасында тағылымгер ретінде бастады.
Тергеу жұмысында және МТК-де мол тәжірибесі бар. Өңірлік деңгейде және орталық аппаратта да бірқатар басшылық лауазымды атқарды.
© Photo : Пресс-служба Генеральной прокуратуры КазахстанаСерік Шалабаев
Серік Шалабаев
Бас әскери прокурордың орынбасары, Батыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, бірінші орынбасары, Алматы облысы прокурорының орынбасары, Бас прокурор аппаратындағы басқарма басшысы, Бас прокуратура департамент басшысының орынбасары, Құқық қорғау органдары академиясының проректоры болды.
Осы қызметке тағайындалғанға дейін Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметін басқарды.
Құқық қорғау органдарында 30 жылдан астам еңбек өтілі бар.
Ақтөбе облысының прокуратурасын 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Халидулла Зиноллаұлы Дәуешов басқарды.
Халидулла Дәуешов прокуратура органдарындағы қызметін 1991 жылы Гурьев облысы Гурьев қаласы прокуратурасында тағылымгер болып бастады.
Әр жылдары Атырау облысының прокуратурасы мен Орталық аппаратында жұмыс істеді.
© Photo : Пресс-служба Генеральной прокуратуры КазахстанаХалидулла Дәуешов
Халидулла Дәуешов
2002-2019 жылдары Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының, Атырау облысының Жылыой және Мақат аудандарының прокуроры, Атырау қаласының прокуроры, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстары прокурорының орынбасары, Қызылорда облысының прокуроры қызметтерін атқарды.
Бүгінгі күнге дейін Атырау облысының прокуратурасын басқарды.
Прокуратура органдарындағы еңбек өтілі – 31 жыл.
Маңғыстау облысының прокуроры лауазымына аға әділет кеңесшісі Руфат Бауыржанұлы Құттықов тағайындалды.
Руфат Құттұқов еңбек жолын 2000 жылы Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы прокурорының көмекшісі болып бастаған.
© Photo : Пресс-служба Генеральной прокуратуры КазахстанаРуфат Құттықов
Руфат Құттықов
Әр жылдары Ақтөбе облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасын, Жамбыл облысы Жамбыл ауданының прокуратурасын және Атырау қаласының прокуратурасын басқарды.
2018-2020 жылдары Қарағанды облысы прокурорының бірінші орынбасары болды.
2020 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өтініштермен жұмыс және іс жүргізу департаментін басқарды.
Прокуратура органдарындағы қызмет өтілі – 22 жылдан астам.
Бауыржан Альбертұлы Жұмақанов Атырау облысының прокуроры болып тағайындалды.
Жұмақанов еңбек жолын 2001 жылы Ақтөбе облысындағы құқықтық статистика органдарында бастаған.
© Photo : Пресс-служба Генеральной прокуратуры КазахстанаБауыржан Жұмақанов
Бауыржан Жұмақанов
Әр жылдары Алматы қаласы Бостандық ауданы прокурорының орынбасары, прокуроры, Бас прокуратура арнайы прокурорлар қызметі аса маңызды қылмыстық істерді тергеу басқармасындағы Бас прокурордың көмекшісі лауазымдарын атқарған.
Осы күнге дейін Атырау облысы прокурорының орынбасары болды.
Сыныптық шені – аға әділет кеңесшісі.
Прокуратура органдарында 20 жылдан астам уақыттан бері қызмет етіп келеді.
Сондай-ақ, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Тимур Қайырбекұлы Сүлейменов Бас көлік прокуроры болып тағайындалды.
Тимур Сүлейменов қызметін 1997 жылы Алматы қаласы Алмалы ауданы прокурорының құқықтық статистика жөніндегі көмекшісі ретінде бастаған.
© Photo : Пресс-служба Генеральной прокуратуры КазахстанаТимур Сүлейменов
Тимур Сүлейменов
Алматы қаласының прокуратура органдарында әртүрлі лауазымда қызмет атқарды. Оның ішінде Әуезов ауданы прокурорының орынбасары, Түрксіб ауданы прокурорының орынбасары, Алматы қаласы және елорда прокурорының орынбасары, бірінші орынбасары болды.
Қостанай облысының прокуратурасын және құқық қорғау органдары академиясын басқарды.
Прокуратура органдарында 24 жылдан астам еңбек өтілі бар.