Өскелең ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын қалай оятуға болады

© Sputnik / Тимур БатыршинКітап
Кітап - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.07.2022
Жазылу
АЛМАТЫ, 25 шілде - Sputnik. Күнделікті кітап оқитын, кітапқұмар отбасының өзінде баласының әдебиетке деген қызығушылығы жоқ болуы мүмкін. Психолог мамандар бұған заманауи техниканың әсерінен деуде. Яғни гаджеттер, әлеуметтік желі, түрлі бейнероликтер. Ал ұстаздар болса көркем әдебиетті оқитын өскелең ұрпақтың күннен күнге азайып бара жатқанын айтуда. Өйткені кітап оқу сөйлеу мәнерін ғана емес, сауаттылықты арттырады. Одан бөлек бұл білімді, оқыған-тоқыған адамның өмір салтының бір бөлігі дейді. Сонымен өскелең ұрпаққа кітап оқуға деген қызығушылықты қалай оятуға болады? Бұл мүмкін бе? Қандай әдіс-тәсілі бар? Осы сұраққа Sputnik Қазақстан тілшісі жауап іздеп көрді.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанна Қауранбекова өскелең ұрпақта кітапқа деген қызығушылықты ояту мүмкін дейді. Мүлде қызығушылығы болмаған оқушының көркем әдебиет сүйікті пәніне айналған жағдай ұстаздық тәжірибесінде кездесті.
Айтуынша, бала әріп танымаса да, оған кітап оқып берген дұрыс екен. Өйткені баланың сөздік қоры 10 айынан бастап дамитынын ғалымдар дәлелдеген, дейді ұстаз. Ал екі жастан бастап баяндау сөздерін қолданып, үш жасынан бастап әңгімелесе бастайды. Соның өзінде көп жағдайда ата-аналар баласына кітап оқымайды.

"Бәрібір түсінбейді. Оған оқып уақыт жоғалтқаннан не пайда деген пікірде болады. Бұл әсте олай емес. Баланың бір жарым жасқа дейінгі зейіні шамамен 4 минутты құрайды. Үш жасқа дейін ол 20 минутқа ұлғаяды. Тіпті осы 4 минут болсын балаға кітап оқып беру маңызды. Ол сізді көңіл бөліп тыңдайды. Осылайша сіз баланың бойында кітапқа қызығушылығын мектепке дейін оятасыз", - дейді Жанна Шаймұханқызы.

Екіншіден, шынайы өмірде кітап оқудың маңыздылығын көрсету керек. Ұстаздың пікірінше, бала әріп тани бастағанда кітап оқудың қызықты әрі пайдалы екенін көрсету қажет.
"Оқысаң – ақылды болып өсесің" деу бос әурешілік. Оқуды ойынға айналдырыңыз. Мысалы, дәмханаға тамақтануға барғанда балаға ас мәзірін өзіне оқытуға тырысыңыз "Сен ұнататын тағам бар ма, тапшы" немесе "Балмұздақтың қандай түрі бар екен? Саған ұнайтыны бар ма?" деген сияқты сауал қойған жөн. Ол болмай жатса, көше аттарына назарын аудартыңыз. "Балам, біздің көше Сейфуллин көшесінен кейін. Әжең Мақатаев көшесінде тұрады" деген сияқты", – дейді маман.
Үшіншіден, балаға таңдау еркіндігін сыйлау керек. Мысалы анасы балаға әдемі бір кітапты сатып алды делік. Бірақ ол кітаптың ішінде бала жатқа білетін "Алпамыс", "Бауырсақ" ертегісі ғана бар болып шықты. Балаға етене таныс ескі кітапты тығып тастап, жаңасынан қайта оқытқан дұрыс болады ма? Әлде дүкенге барғанда балаға кітапты өзіне таңдатқан тиімдірек пе?
"Бұл жерде қай ертегіні, оқиғаны оқитынын баланың өзіне таңдатқан дұрыс. Тіпті бұрыннан таныс ертегіні қайталап таңдаса да. Өйткені қайталап оқу – енді оқуды үйреніп келе жатқан бала үшін қалыпты жағдай. Бұл шамамен сегіз жасқа дейін жалғасады. Егер сіз балаға нені оқу, нені оқымау керек екенін таңдайтын болсаңыз, енді оянып келе жатқан қызығушылығын басып аласыз. Себебі түптеп келгенде кез келген кітап пайдалы емес пе? Қызығушылығы уақыт өте өзгереді. Ал кітапқа деген сүйіспеншілігі қалады. Ата-ана ретінде сіздің де қалауыңыз осы емес пе?", – дейді ұстаз.
Төртіншіден, өзіңіз кітап оқуда үлгі көрсетіңіз. Яғни оқырманға тән әдет қалыптастырыңыз. Әр адамның кітап оқудан екі есе рахаттанатын өзіне тән әдеті бар. Кейбіріне кітаптың әр бетін саусақпен парақтаған ұнайды. Өйткені бұлай анасы жасайтын. Сонысын өзіне үлгі ретінде қабылдап алды.

"Кейбірі кітапты бала күніндегідей ыстық шоколадсыз, тәттісіз елестете алмайды. Балаға өзіне ғана тән, өзіне ұнайтын әдетін қалыптастыруға көмектесіңіз. Мысалы, әр оқыған кітапты талқылауды әдетке айналдырыңыздар. Бос уақытында кітап оқуға дағды қалыптастырыңыз", – дейді Қауранбекова.

Соңғысы, өзіңіз кітап оқымасаңыз, оны баладан талап ету – уақытты жоғалту. Бала сіздің көркем әдебиетті оқып отырғаныңызды көрген сайын оның да қызығушылығы оянады. "Кітап беті парақталмайтын отбасында бала ерте жастан: "Ата-анам кітап оқымайды. Мен не үшін оқимын" деп ойлайды. Немесе "Анам мен әкем кітап оқыған емес. Оларда барлығы жақсы. Мен мектепке, қосымшаға, спорттық секцияларға барамын. Уақытым жоқ. Оқымай-ақ қойсам да болады" деген түсінік қалыптасады. Бала сізден үлгі алуға тиіс. Сол үшін күніне 15 минутқа болсын қолыңызға кітап алыңыз", – деген кеңесін жеткізді мұғалім.
Сондай-ақ бала бойына оқуға деген сүйіспеншілікті ояту кезінде қателік жіберіп алмаған абзал, дейді маман. Олардың қатарына:
Тым ерте бастау;
Дауыстап оқығанда мәнерсіз, түсініксіз оқу;
Психологиялық тұрғыдан қысым көрсету жатады.
Егер баланың оқуға деген қызығушылығын қалыптастырғыңыз келсе, уақытынан бұрын бастамаған жөн. Балаға 3-4 жасында тыңдаған қызығырақ. Оған мәнерлеп балалар ертегісін сіз оқып, ол тыңдағаны абзалырақ. Себебі әріп тануға оған әлі ерте.
Сондай-ақ, кейбір ата-ана балаға дауыстап оқыған кезде түсініксіз немесе мәнерсіз оқуы мүмкін. Сол үшін мәнерлеп, бар өнеріңізді салған тиімді. Бұл сіз оқып жатқан дүниеге баланың көңілін жоғалтып алмауға көмектеседі. Уақыт өте ол өзі де қызығып, оқуға деген ынтасы оянады.
Психологиялық тұрғыдан қысым көрсету арқылы сіз баланың қызығушылығын оята алмайсыз. Өзіне ұнайтынын оқып, ынтасы бар екенін сезген уақытта оқып бастағаны жөн. Тез нәтиже көргіңіз келіп, оған қысым көрсетуден еш нәтиже шығармайтыныңыз анық. Керісінше қызығушылығын басып, мүлдем кері әсер аласыз.
"Көріп тұрғандарыңыздай, баланың оқуға деген қызығушылығын ояту қиын дүние емес. Бастысы, оның әдебиетке деген қызығушылығын қолдап, өзіңіз үлгі көрсетіңіз", – деп қорытындылады ұстаз.
Жаңалықтар
0