"Ұрып-соғуға, айқайлауға болмайды": құтқарушы иттерді қалай дайындайды

Жазылу
АЛМАТЫ, 22 шілде – Sputnik. Елімізде құтқару қызметінде тауда немесе басқа апаттар кезінде жоғалған адамдарды іздеу үшін арнайы жасақ бар. Ол – кинология бөлімі. Бүгінде Алматы қаласындағы республикалық жедел құтқару жасағында 8 кинолог қызмет етеді. Әрқайсысына 2 иттен бекітілген. Адам өмірін аман алып қалатын жануарларды қызметке қалай дайындайтынын Sputnik Қазақстан тілшісінің материалынан оқыңыз.
Құтқару қызметіне төрт аяқты жануардың қалай дайындалатыны, таңдау критерийлері туралы кинология саласында 12 жыл еңбек етіп келе жатқан құтқарушы-кинолог Ерік Берлібеков айтып берді.
"Иттерді баптап, солармен бірге қызмет жасаймыз. Біздің міндетіміз - жоғалған адамдарға дереу көмектесу. Тауда немесе үйінді астында қалған адамды іздеу жұмыстарына қатысамыз. Ит адамның иісімен іздеп табуға машықтанады. Бізде 8 кинолог бар. Әрқайсысына екі иттен бекітілген. Иттің іздеу қабілетін әр күн сайын тексереміз", – дейді ол.
© Ертай СарбасовЕрік Берлібеков кинология саласында 12 жыл еңбек етеді.
құтқарушы иттер - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.07.2022
Ерік Берлібеков кинология саласында 12 жыл еңбек етеді.
Айтуынша, құтқару қызметіне негізінен малинуа (бельгия овчаркасы) алынады. Себебі олар басқа құтқарушы иттермен мысалы, лабрадор немесе неміс овчаркасымен салыстырғанда қабілетті, шағын әрі жылдам. Иттерді 9 бен 18 айдың арасында қызметке алады. Таңдау ережелері бойынша жасы, есту, иіс сезу мен ойын қабілеттеріне мән беріледі. Иттер жыл сайын аттестациядан өтіп, оқу-жаттығуға қатысады.
"Бізде оқу-жаттығу болған кезде арнайы нысандарға шығамыз. Көбінесе қала сыртына, таулы аймақтарға барамыз. Арнайы нысан дайындалады. Сосын қирандының астына 4-5 адам тығылады. Соларды іздеп табуға жарты сағат уақыт береді. Жарты сағатта екі адамды тапса орташа, үш адамды тапса жақсы, төрт адамды тапса тамаша деп бағаланады"- дейді ол.
Кинолог маман құтқару, тінту ісінде иттер 8 жасқа дейін тынымсыз еңбек ете алады дейді. Сосын "кәрі" иттің орнын күшік басады. Алайда қайта аттестациялаудан сәтті өтсе, денсаулық жағдайында еш ақау болмаса құтқарушы ит жұмысын жалғастыра береді.
© Ертай СарбасовҚұтқару қызметіне негізінен бельгия овчаркасы алынады.
құтқарушы иттер - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.07.2022
Құтқару қызметіне негізінен бельгия овчаркасы алынады.
"Жұмыста иттің тұқымы, тектілігі, сұлулығы маңызды емес. Бастысы – қабілеті. Егер ит ойынпаз, ұғымтал болса үйретуге тырысамыз. Өйткені іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу тиімділігі иттің сұлулығына емес, адам мен иттің өзара түсінісуіне байланысты. Сондықтан итті күшік кезінен алған дұрыс. Итке 2-6 айға дейін қарапайым командаларды үйретеміз. Сосын жаттығулар жасатып, іздестіру шарасына баулимыз", - дейді кинолог.
Ерік 12 жылдық кинологиялық тәжірибесінде 7 құтқарушы итті тәрбиелеген. Қазір Джек есімді бельгия овчаркасын тәрбиелеуде. Иті 6 жаста. Оны 3 айлық күшік кезінен бастап баптады. Әлі 2 жылдай қызмет етуге жарайды. Сосын денсаулық жағдайына байланысты еңбек демалысына шығу-шықпауы белгілі болады. Соған дейін тағы бір күшік алып, баулиды. Джекті толық тәрбиелеп, құтқару қызметіне қабылдануына 1-1,5 жыл уақыт кетті.
"Табиғат жағдайында арнайы 100 метр ұзындықтан басталатын жол дайындалады. Сосын екі жаққа басында 25 метрден тастайды. Содан кейін 50 метр, 70 метр деп көбейтіп отырады. Жолақтан оңға-солға. Кинолог тек қана жолмен жүрсе, ит екі жаққа қарай жұмыс істейді. Бұл есінен танып қалып, адасып кеткен жағдайда адамды іздеу-табуға үйретілетін әдіс. Жаттығу кезінде оңайдан қиынға үйретеміз", – дейді маман.
© Ертай СарбасовҚұтқарушы иттерді 1-1,5 жыл тәрбиелейді.
құтқарушы иттер - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.07.2022
Құтқарушы иттерді 1-1,5 жыл тәрбиелейді.
Құтқарушы жыл сайын қызметке жарамдылық сертификатын алу үшін аттестациядан өтеді. Ол кезде кинолог пен итке 100 метр ғана беріледі. Жан-жағына 30-50 метрге адамдарды тастайды. Техногендік үйіндіде 3 адам, табиғи кезеңде 3 адам болады. Екі кезеңнің шарттары екі түрлі. Осы тығылған 3 адамды табу үшін 20 минут уақыт беріледі екен.
"Тауда құтқару жұмыстарын жүргізген кезде өзімізбен бірге итті алып шығамыз. Топта 9-10 құтқарушы болады. Кезекшілікке түскенге байланысты құтқарушы, кинолог оқиға орнына шығады. Адам іздестірген кезде орман, тау-тас сынды рельефті жерлерге кетеміз. Сол кезде біз даусымызды шығарып айғайлаймыз. Сонда иттің мұрны ғана сезбейді, оның қозғалысына қарап кинолог түсінуге тиіс. Адам естімеген дыбысты ит естіп қоюы мүмкін. Мысалы біз айғайлаймыз, көмекке мұқтаж адам да жауап ретінде айғайлайды. Бірақ оның қай жақтан көмекке шақырып тұрғанын біле алмаймыз. Осы сәтте ит көмекке шақырған адамға қарай жүгіреді. Иттің бағытына қарай жоғалған адамдарды табамыз", - дейді Берлібеков.
Маманның сөзіне сүйенсек, иттер адамды тапқан кезде үріп белгі береді. Бірақ кейбір төрт аяқты жануар құйрығын бұлғаңдатып, қыңсылайды. Осылай иттің көмегімен мамыр айында жоғалып кеткен шетелдік турист табылды. Чарли есімді ақ лабрадор тұқымды іздеу иті қар көшкінінде қалып қойған адамды тапты. Жан-жақтан келген құтқару қызметі қарды қопарғанымен, еш нәтиже шығара алмаған екен. Ақыр соңында Чарлиді жібергенде, ол 5 минут ішінде жоғалған адамның мәйітін тапты. Турист бірнеше күн бойы күн суықта қар астында жатып қалған.
Маманның айтуынша, әрбір құтқарушы-кинологқа төрт аяқты досын адам іздеуге үйретуде "статист" көмектеседі. Бұл үшеуі біртұтас тандемді құрайды.
"Итті үйретуде көмекшінің рөлі зор. Кинологтың қызметі – итке бағыт көрсету. "Оңға, солға" деп бағыттап, "отыр, жат" деп бұйырамыз. Статист дегеніміз – жасырынатын адам. Оның қолында қандай да бір тәтті болады. Ит соны тапқанда қуаныш сезімін сезінеді. Себебі, тәттіге қол жеткізеді. Итте "адамды тапсам, тәттіге қол жеткізем" деген рефлекс қалыптасады. Осылайша иттерді адам іздеуге машықтандырамыз. Көмекші ретінде балаларды пайдаланамыз. Себебі ит балаларды, ал олар итті жақсы көреді", – дейді кинолог.
© Ертай СарбасовКүшік кезінен алынған ит 8 жылға дейін қызмет етеді.
құтқарушы иттер - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.07.2022
Күшік кезінен алынған ит 8 жылға дейін қызмет етеді.
Айтуынша, итке өз дегеніңді істету оңай емес. Табандылық пен шыдам қажет. Өйткені иттер тез шаршап қалады. Иттің 20 минут жаттығу жасағаны ересек адамның 3-4 сағат жұмыс істегенімен бірдей.
"Иттің дамуы 2 жасар баламен пара-пар. Ұрып-соғуға, айқайлауға болмайды. Мұндайда итте агрессия пайда болады. Сөйтіп тістеп алуы мүмкін. Итті де тура бала секілді алдап, тәттілер беріп, ойыншықпен үйретеміз. Яғни тамақтандыру және ойын әдістерін қолданамыз. Әрине оңай емес. Бірақ күн сайын жаттығуға 2-3 сағат уақыт бөлсең, 1 айда итті өз дегеніңмен жүргізуге болады", – дейді ол.
Оның сөзінше, тәрбиелейтін иттері тек төтенше жағдай кезінде адамды іздеп-табуға үйретілген. Олар жарылғыш зат, есірткі зат таба алмайды, өйткені бұған үйретілмеген.
"Негізінен адамдар қыс мезгілінде көп жоғалады. Әсіресе туристер. Қар көшкіні жүріп, соның астында қалып қояды. Тәжірибемде Веста есімді итіммен талай жағдайды басымыздан өткіздік. Шымбұлақта қар көшкіні кеткен уақытта адам жоғалып кетті. Содан кейін жоғалуы мүмкін деген аймақты белгілеп, іздеуге кірістік. Веста бірінші шаңғы таяқшаларын тапты, одан кейін біраз жүргенде кішкентай шұңқырды қазып, үре бастады. Құтқарушылар барып ит белгілеген орынды тереңірек қазып едік, жоғалып кеткен адамның мәйітін таптық. Осы сынды жағдайлар көп болады. Құтқару операцияларында иттің көмегі көп. Кейде тура табады, кейде жанына қарай 5-10 метр территорияны көрсетеді", – деді құтқарушы.
Кинолог өзіне керекті итті таңдағаннан кейін оны үйрету бірден басталады. Ойын түрінде күшік экстремалды жағдайда адамға мойынұсынуға, содан кейін адамдарды іздеуге үйретіле бастайды. Құтқарушы-кинологтың айтуынша, оқу процесінің бірінші кезеңі шамамен бір жылға созылады.
Шамамен 1,5-2 жыл уақыт өткеннен кейін жануар шынайы іздеу-құтқару операцияларына дайын деп есептелінеді. Одан кейін кинолог иттің кәсіби дағдыларын одан сайын жетілдіре түседі.
© Ертай СарбасовКинологтардың құтқарушы иттерді дайындаудағы басты ұстанымы – мейірім мен қайырымдылық.
құтқарушы иттер - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.07.2022
Кинологтардың құтқарушы иттерді дайындаудағы басты ұстанымы – мейірім мен қайырымдылық.
Алматы қаласындағы республикалық жедел құтқару жасағының аумағында иттердің күнделікті жаттығуына арналған арнайы алаң бар. Ол жерде иттер арнайы кедергілер жолағынан өтеді. Айта кетерлігі кедергілер шынайы төтенше жағдайда кездесетін жағдайлардың имитациясы ретінде жасақталған.
Мысалы көпқабатты тұрғын үйге баспалдақ арқылы өрмелеп шығу үшін арнайы кедергі құрылған. Сол сияқты үйінді арасында кішкентай тесік болса, содан өтуге арналған кедергі бар. Жаттығу алаңынан қирайын, құлайын деп тұрған баспалдақтың имитациясы да табылады Қорыта айтқанда иттер баспалдақтан, тосқауылдан, қоршаудан және траншеядан өтіп, кедергілер жолағынан өтуге үйретіледі.
Сондай-ақ ғимараттардың құлауы жағдайында және табиғи ортада іздеу дағдыларын пысықтау бойынша жоспарлы көшпелі жаттығулар өткізіледі. Көп жағдайда қала сыртына, тауға шығып, иттердің шынайы төтенше жағдайға дайындығын тексереді.
Қорыта айтқанда құтқарушы ит бірнеше кезеңнен сәтті өтсе, қызметке дайын деген сөз.
Яғни:
техникалық кезең;
қиранды арасынан жоғалған адамды іздеп-табу;
табиғи кезеңде: орман, іздеуге қиын ортада іздеу шаралары;
кедергілер жолағы;
жүріс-тұрысы, иіс сезу деңгейі.
Жаңалықтар
0