Дүниежүзілік ми күні: дәрігер аурулардың алдын алу жолдары туралы айтты
© Sputnik/Ертай Сарбасов Дүниежүзілік ми күні, дәрігер
© Sputnik/Ертай Сарбасов
Жазылу
Ми адамның орталық жүйке жүйесінің негізгі мүшесі болғандықтан, барлық ағзаның жұмысын басқарады. Дүниежүзілік неврологтар федерациясы 22 шілдені Дүниежүзілік ми күні деп жариялады
НҰР-СҰЛТАН, 22 шілде – Sputnik. Sputnik Қазақстан тілшісі маманмен сұхбаттасып, ми ауруларының қалай алдын алуға болатыны және дәрігерге қашан қаралу керектігі туралы білді.
© Sputnik/Ертай Сарбасов 2-ші емхананың жоғары санаттағы невролог дәрігері Шухрат Ахметов
2-ші емхананың жоғары санаттағы невролог дәрігері Шухрат Ахметов
© Sputnik/Ертай Сарбасов
Алматыдағы 2-ші емхананың жоғары санаттағы невролог дәрігері Шухрат Ахметов Дүниежүзілік ми күні 1957 жылдан бері аталып келе жатқанын айтты. Жыл сайын ғалымдар, неврология саласындағы жетекші мамандар, ота нейрохирургтері, невропатологтар мен неврологтар түрлі форумдар мен конференцияларда кездеседі.
Олар соңғы жылдардағы миға қатысты ашылған жаңалықтары мен зерттеулерді талқылап, тәжірибе алмасады, әзірлемелер мен емдеудің жаңа әдістерін бөліседі.
Шухрат Ахметов ғалымдар бүгінгі күнге дейін адамның жүйке жүйесін зерттеуді жалғастырып жатқанын айтты. Миға және оның қалай жұмыс істейтініне қатысты көп мәселе жұмбақ болып қалып отыр.
"Мен әрқашан миды бүкіл әлеммен салыстырамын. Біздің дүниежүзі де әлі соңына дейін зерттелмеген, ондағы көп нәрсе бүгінге дейін бақылау жүргізуге қолжетімсіз болып тұр. Ол шексіз. Ми да сол секілді. Миды толық зерттеп, оның қабілетінің барлығын анықтай алса, ауру да азаяды, адамдар мейлінше аз ауырады", - деді ол.
Дәрігер ең озық электронды машиналар күрделілігі, мінсіздігі және қабілеті бойынша адам миымен салыстыруға келмейтінін айтты. Робот ешқашан адам сияқты ойлай алмайды.
Бас не үшін ауырады
Шухрат Ахметов жүйке жүйесі мен бас миының аурулары адамға ауыр салдарын тигізетінін айтты. Осы аурулардың салдарынан адам қобалжу, қорқыныш сезімін бастан кешіреді, жұмыс қабілетін жоғалтады, мүгедек болып қалып, тіпті өлімге әкелуі мүмкін.
© Sputnik/Ертай Сарбасов Шухрат Ахметов жүйке жүйесі мен бас миының аурулары адамға ауыр салдарын тигізетінін айтты
Шухрат Ахметов жүйке жүйесі мен бас миының аурулары адамға ауыр салдарын тигізетінін айтты
© Sputnik/Ертай Сарбасов
Дәрігердің айтуынша, ең алдымен мидың жұмысына гипертония әсер етеді - жоғары қан қысымы мидың зақымдалуына әкелуі мүмкін. Гипертониямен ауыратындар кейінірек ишемиялық инсульт, мидың ишемиялық ауруларына тап болуы ықтимал. Бұл мидағы қан айналымының қатты бұзылысына алып келеді.
Сондай-ақ, невролог дәрігердің айтуынша, қант диабеті, семіздік, диабет энцефалопатиясы, диабет нейропатиясы және диабет ретинопатиясы ми жұмысына кері әсер етеді.
Үшіншіден, ми жарақаттары Паркинсон ауруы сияқты асқынуларға әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, бас-ми жарақатынан кейін эпилепсия қаупі артады.
Төртіншіден, балалар, жасөспірімдер басын төмен салып, телефонға үңіліп отырғанда мойын омыртқасындағы қан айналымының бұзылулары да байқалады.
"Мойын омыртқасының кифосколиозына (қисықтығы) шалдыққан балалар, жасөспірімдер мен жастар көп келеді. Кифосколиоз адам басын үнемі төмен еңкейткенде қалыптасады. Бұл қалыпта дене мүсіні, мойын омыртқасы дұрыс дамымайды. Балалар бас ауруына , бас айналуына шағымданады", - деп түсіндірді Шухрат Ахметов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Қай кезде МРТ жасау керек
Шухрат Ахметов барлық адамға бірдей МРТ жасаудың қажеті жоқ екенін айтты. Көп жағдайда МРТ бас миының ақауы жоқ екенін көрсетеді.
"Алдымен науқас не нәрсеге шағымданатынын анықтау керек. Екі тамыр - ұйқы артериясы және омыртқа артериясы миды қанмен қамтамасыз етеді. Омыртқа артериясы мидың артқы бөліктерін - мишықты, көру және есту орталықтарын қамтамасыз етеді. Мойын остеохондрозы, сколиоз, кифоз кезінде қан тамырлары қысылады да, науқас адам құлап қалады. Кейбіреулер бұл эпилепсия деп ойлағанмен, тексерулер эпилепсияның жоқ екенін көрсетеді. Бас ауруының себептерін анықтау үшін ми тамырларының ультрадыбысты допплерографиясын және мойын омыртқасының рентгенін жасау ұсынылады", - деп түсіндірді дәрігер.
© Sputnik/Ертай Сарбасов Ми ауруларының алдын алу үшін невролог салауатты өмір салтын ұстануды және жаман әдеттерден бас тартуды ұсынды
Ми ауруларының алдын алу үшін невролог салауатты өмір салтын ұстануды және жаман әдеттерден бас тартуды ұсынды
© Sputnik/Ертай Сарбасов
Ол МРТ жас ұлғайған кезде, ми ісігі, Паркинсон ауруына күдік туындағанда және инсульт алған адамдарға ұсынылатынын атап өтті.
Ми ауруларының алдын алу үшін невролог салауатты өмір салтын ұстануды және жаман әдеттерден бас тартуды ұсынды. Салауатты ұйқы мен дұрыс тамақтану, жаяу жүру, таза ауада серуендеу, сондай-ақ миды жаттықтыру ми жұмысын жақсартуға көмектеседі. Стандарттан тыс тапсырмаларды, сөзжұмбақтарды, ребустарды шешу де оң әсер етеді. Адам өзі миына қаншалықты көп жүктеме артса, ол соғұрлым жақсырақ және ұзақ өмір сүреді.