Нұр-Сұлтанда ақылы тұрақтар дауы басылмай тұр – кәсіпкерлер тың ұсыныс жасады

© Photo : Пресс-служба ТОО "Парковочное пространство Астаны" / @roma.rawПарковки в Нур-Султане
Парковки в Нур-Султане - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.07.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 20 шілде – Sputnik. Елорданың кәсіпкерлері ақылы тұрақтардың кесірінен кірістің азайғанын мәлімдеді, деп хабарлайды КТК арнасы.
Бизнесмендердің айтуынша, көк сызық пайда болғалы бері клинеттер артық ақша төлегісі келмей, көп бөгелмейді. Тезірек кетуге тырысады. Соның нәтижесінде ойын-сауық, бизнес орталықтар, асхана, дүкендерде сауда азайған. Кәсіпкерлер тұрақтарды жалға алу мерзімін ұзартуды сұрап отыр.
"Qaz Property" басқарушылар және сервистік компаниялар қауымдастығының төрағасы Қайрат Кәкенов ақылы тұрақтардың санын қайта қарастыру қажет дейді. Кәсіпкерлер бизнес нысандардың жанындағы тұрақтарды ұзақ мерзімге жалға алуға дайын.

"Әкімдік ақылы тұрақтардың санын қайта қарастырса дейміз. Бизнес объектілердің жанындағы тұрақтарды кәсіпкерлерге ұзақ мерзімге жалға беруді сұраймыз. Осылайша кәсіпкерлер кәсібін сақтап қала алады. Өйткені, клиенттің бәрі көлікпен келеді. Бізге осы тұрақтарды берсе өз ақшамызға оны жөндеу, қарын тазалау, бардюр қою, асфальт салу сияқты жұмыстарды өзімізге алар едік", - дейді Кәкенов.

Қаланың жоспарына сәйкес, қоғамдық нысандарда келушілер мен жұмысшыларға арналған арнайы норма бар. Оған сәйкес, коммерциялық-іскерлік орталықтар мен офистік ғимараттар үшін 60-70 орын берілуі тиіс. Алайда бұл қаулы ескерілмей қалды дейді кәсіпкерлер.
Бұған дейін бизнес субъектіге берілген аумақтың "Астана көлік тұрағы кеңістігіне" қалай өтіп кеткені де белгісіз. Ал олар жыл соңына дейін Нұр-Сұлтанда 10 мың орындық ақылы тұрақ сызбақшы.
Ақылы тұрақтың құны - таңертеңгі 10-нан кешкі 20:00-ге дейін сағатына 100 теңгеден. Түнгі уақыт және демалыс күндері тегін. Әкімдік қызметкерлері 100 теңге көп емес дейді. Есесіне көшеде тәртіп орнап, кептеліс азайып, жүргізуші көлігінің қауіпсіз жерде болатынына сенімді.
"Кәсіпкерлер жалға алған көлік тұрағына шлагбаум қояды. Оған тек арнаулы адамдарды ғана кіргізеді. Кей адамдарға ғана қолайлы жағдай жасағысы келеді. Ал біз тәртіптің бәріне ортақ болғанын қалаймыз. Тұрғындар тарапынан үй жанындағы ақылы тұрақтарға шағым көп түсіп жатыр. Қазір санау қайта жүргізіліп жатыр" – дейді Нұр-Сұлтан қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы бастығының орынбасары Ержан Диханбаев.
Жаңалықтар
0