Оқиға

Шымкентте 12 жастағы қыз егіз бауырын өрттен аман алып қалды

© AP Photo / Noah BergerӨртеніп жатқан үй
Өртеніп жатқан үй - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.07.2022
Жазылу
Екі інісі ұйықтап жатқан бөлмеде басталған өртті сөндіре алмаған жасөспірім бауырларын сыртқа алып шыққан
НҰР-СҰЛТАН, 19 шілде – Sputnik. Шымкенттік үш баланың анасы Мария Саворовская қызының бір жасар екі егіз бауырын өрттен құтқарғаны туралы айтып берді. 12 жастағы қыз қорықпай, балаларды өрттен аман алып шыққан.
Бұл кезде ата-анасы көрші үйге сүт алуға кеткен. "Қайнарбұлақ" саяжайында орналасқан үйден 15 шілде кешке өрт шыққан, деп хабарлайды Оtyrar.kz порталы.
Мария Саворовскаяның айтуынша, үлкен қызы екі інісі жатқан бөлмеде диван жанып, өрт басталғанын байқаған. Өртті өз бетімен сөндіру әрекеті нәтиже бермеген соң, інілерін біртіндеп далаға алып шыққан.
"Балаларды қолынан ұстап, үйден шығарған. Одан соң маған келіп, "Анашым, кешіріңізші, мен інімді далаға алып шыққанда оны жерге отырғызып кеттім. Себебі үйге қайта жүгіруге тура келді, кешіріңіз" деді. Шынымды айтсам, мен өзім шошып кеттім, ол бала ғой, ол да қорқып кетуі, қашып кетуі мүмкін еді. Осы оқиғадан кейін ұзақ уақыт бойы оның аяқ-қолы дірілдеп тұрды. Қатты қорқып қалған. Содан кейін біз балаларды көршіге апардық, үй толығымен өртеніп кеткенін айтпадық", - деп еске алады Мария Саворовская.
Көршілердің көмегінің арқасында өрт сөндіру қызметі келгенге дейін өрт сөндірілді. Бұл қайғылы оқиғаның алдын алуға мүмкіндік берді. Егер өрт газ баллоны тұрған ваннаға жетсе, үй жарылып кетер еді. Мария Саворовскаяның болжауынша, өрттің шығуына кондиционердегі сымдардың қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін.
"Кондиционер диванның дәл үстінде ілулі тұрды. Менің ойымша, сымдар тұйықталып қалды. Ал диванның ішінде синтепон бар, ол әдетте тез жанады. Біз келгенде бөлмеде бәрі өртеніп жатқанын көрдік. Шлангтан су құя бастадық. Төтенше жағдайлар қызметі тез жетті, дегенмен ол уақытқа дейін өрт сөніп қалды", - дейді шымкенттік.
Қазіргі уақытта отбасы жанашыр азамат ұсынған уақытша баспанада тұрып жатыр. Қайырымды жан жанұяны біраз уақытқа жететін азық-түлікпен де қамтамасыз еткен.
Жаңалықтар
0