Денсаулық

Күнге күюдің алдын алу үшін не істеу керек

© AFP 2024 / William Westархив
архив - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.07.2022
Жазылу
Ұзақ уақыт күн астында жүру зиянды болуы мүмкін
АЛМАТЫ, 19 шілде – Sputnik. Жаз - шомылу маусымы екені белгілі. Бұл – кез келген жастағы адамның сүйікті ісі. Жүзу білмесе де, аяғын салқын суға салып, денесіне су шашып отырудан ләззат алатындар бар. Ал суға сүңгіп кететіндердің рахатын сезінудің өзі ғажап. Бірақ шомылудың ережелерін дұрыс сақтау керек.
Күнге күйіп, салдарымен ұзақ уақыт күресуіңіз де ғажап емес. Осы орайда Sputnik Қазақстан тілшісі косметолог маманның пікірін білді.
"Күнге күю – терінің қабынуы. Қызарып, ісініп, күлдіреп белгі береді. Әрі қол ұстатпай ауыртады. Күн сәулесінің шамадан тыс мөлшерінің әсері қандай? Біріншіден, терінің жағдайы нашарлайды. Тері өзі бөлетін коллаген, гиалурон қышқылының мөлшері азаяды. Организмде осы компонеттердің жетіспеушілігінен птоз, әжім, терінің құрғақтығы пайда болады", – дейді тәжірибелі косметолог Саида Гасанова.
Маманның айтуынша, күн сәулесінен қорғанбаған жағдайда меланин пигменті өз жұмысын дұрыс атқармайды. Яғни, теріде қара дақтар пайда болады. Бұл дақтарды кетіру ұзақ процесс. Кей жағдайда тіпті кетіру мүмкін емес.

"Сондай-ақ күнге күюден купероз пайда болады. Күн сәулесінің әсерінен тамырлар зардап шегіп, жарылып, бетте қызыл тор қалыптасады. Бұл жағдайда уақытында маманға жолығып, емдемесе, жайылып, ушығып кетуі мүмкін", – дейді маман.

Сондай-ақ, ол күнге шамадан тыс күюдің пайдасынан гөрі зияны көп дейді. Айтуынша, күннің астында ұзақ жүру терінің фото қартаюына әкеледі. Егер адам күнге қайта-қайта күйе берсе, терінің рак ауруына шалдығу қаупі бар.
"Көлге болсын демалуға барған уақытта өзіңізбен бірге пантенол, бепантен сынды кремдерді алып жүріңіздер. Одан бөлек парацетамол да жақсы көмектеседі. Көп мөлшерде су ішуді ұмытпаңыздар. Міндетті түрде spf және теріні ылғалдандыратын әсері бар кремдерді қолдану қажет", - деген Саида Гасанова күнге күймеудің алдын алу әдістерімен бөлісті.
Косметолог күн сәулесінен қорғайтын жақсы SPF (Sun Protection Factor) мөлшері бар крем алу қажеттігін ескертті. Айтуынша, жазғы кезде әр үш сағат сайын SPF 50+ жағып жүрген дұрыс. Қыс айларында – SPF 30. Теңіз жағасына барған кезде SPF 100 кремін қолдану керек. Жағажайдан келген соң күнге күйгеннен кейінгі крем жағу қажет.
"Далаға шығардан 20 минут бұрын SPF кремді бүкіл денеңізге, бетіңізге жағып алыңыз. Күн астында бас киімсіз жүруге болмайды. Көбінесе көлеңкеде жүріп күю керек, сонда зиянды әсері болмайды. Күнге таңертең сағат 10.00-ге дейін және 16.00-ден кейін күйген дұрыс. Басқа уақытта күн астында жүруге болмайды. Десе де тікелей күн сәулесі түспейтін көлеңкеде жүріңіз".
Саида Гасанова ұзақ уақыт күн астында жүруге болмайтынын жеткізді.
"Әжім, қара дақтар ерте пайда болуы мүмкін. Ұсақ тамырлар қызарып кетеді. Күннің әсерінен қатерлі ісікке шалдығу қаупі бар. Мұндай болмауы үшін міндетті түрде SPF крем жағып, көбінесе көлеңкеде жүріңіз", – дейді маман.

Алғашқы көмек

Теріге және денеге арналған алғашқы көмек шаралары күйіктің деңгейіне қарамастан дереу көрсетілуге тиіс. Себебі терінің зақымдану дәрежесін бірден анықтау мүмкін емес. Егер бет немесе дененің басқа бөлігі күнге күйсе, күн сәулесінің тікелей түсуінен жасырыну керек. Салқын бөлме болса тіпті жақсы. Егер ондай бөлме болмаған жағдайда ағаштардың арасы немесе кез келген көлеңкелі жер ыңғайлы болады.
Өз жағдайыңызды бағалаңыз. Егер сіз қалтырап, қатты бас ауруы мен бас айналуын, жүрек айнуын және әлсіздікті сезінсеңіз дереу жедел жәрдем шақыру керек. Өйткені бұл белгілер қатты күйік пен жылу соққысы болғанын көрсетеді.
Организм мен теріге күннен күйік шалудың әсерімен күресуге көмектесу керек. Яғни терінің зақымданған жеріне суық суға суланған стерильді дәкені немесе матаның қиындысын қойыңыз. Оны 15-20 минут сайын ауыстырып отырыңыз. Немесе сулы төсек жаймасына оранып алыңыз. Мұндай әрекеттер екі есе әсер етеді. Ауырсынуды және күюдің әсерін азайтады, сондай-ақ теріні ылғалдандырып, оның қабаттарының одан әрі зақымдануына жол бермейді. Егер ыңғайы келсе, салқын душ қабылдауға болады.
Сонымен қатар сұйықтықты жеткілікті мөлшерде қабылдау қажет. Мысалы, газдалмаған минералды су немесе кәдімгі ауызсу. Бірақ ешқандай жағдайда да мұз болмайды. Ауырсынуды азайту үшін ауырсынуды басатын дәрі қабылдауға болады.
Ішке қабылдауға және теріге қолдануға арналған препараттар жайлы дәрігермен кеңескен дұрыс.
Ауыр жағдайларда күйік шалған адамның жағдайы нашарлауы мүмкін. Егер дененің қызуы немесе қалтырау, жүрек айныса, ауыздың құрғауы және бас ауруы (дегидратация белгілері) пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгіну немесе жедел жәрдем шақыру қажет.
Халық медицинасында да күнге күюдің салдарымен күресуге бағытталған бірнеше әдіс бар.
1.
Айран. Әрине, сүт қышқыл өнімдері күйікті емдемейді, бірақ теріні біраз тыныштандырады. Сүт қышқылы ылғалдандырады, ал олардың құрамындағы май тітіркенген теріні қорғайтын және ылғалдың булануына жол бермейтін микро қабықша жасайды. Сарапшылар күйік орындарын қаймақ сияқты қышқыл сүт өнімімен майлаудан аулақ болу керек дейді. Өйткені ол жылу беруді бұзуы мүмкін.
2.
Көк немесе қара шай, түймедақ қайнатпасы. Көк немесе қара шайға малынған компрестер терінің күйген жеріне қолданылады. Жапырақ шайын қайнатыңыз немесе дайын шай пакеттерін қолдану керек. Сондай-ақ, балғын жалбыз жапырақтарын да қайнатуға болады. Жалбыз жапырақтарын шамамен бір сағат тұндырып қоясыз. Содан кейін сұйықтықты арнайы ыдысқа құйып, суытыңыз. Сұйықтық суыған соң дәкені сулап, терінің күйген жерлеріне қоясыз.
3.
Қияр. Бұл көкөніс күннің күюіне жақсы көмектеседі. Ол үшін қиярды кесіп, ботқа күйіне дейін езу керек. Оны күйік орындарына жағып, бірнеше минутқа қалдырыңыз. Осылай ауырсыну басылғанға дейін бірнеше рет жасауға болады. Айта кетері, қиярдың құрамына азотты және күлді заттар, талшықтар кіреді. Қияр шырыны антипиретикалық, қабынуға қарсы, анальгезиялық әсерге ие. Сондықтан көкөніс күйіктерді емдеуде дәрілік қоспаларды өндіруде қолданылады.
4.
Қырыққабат. Күннің күйіп қалуын емдеу үшін балғын немесе тұздалған қырыққабат жарамды. Тұздалған қырыққабатты тұздықпен араластырыңыз. Бір уыс қырыққабатты дәкеге салып, ораңыз. Мұндай компрестерді терінің жерге 5-7 минут бойы қолдану керек.
Жаңалықтар
0