Әлем

АҚШ президентінің ұлы Хантер Байденнің басы дауға қалды

© AFP 2024 / DREW ANGERERХантер Байден
Хантер Байден - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.07.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 17 шілде – Sputnik. Күзгі сайлау қарсаңында республикашылдар АҚШ президентінің ұлы жөндеуге қалдырып кеткен және ішінде Американың бірінші отбасына қатысты түрлі әшкере ақпарат бар лэптоп жайын қайта көтерді. Жақында ғана демократтарға жұмыс істейтін БАҚ та ол деректердің шынайы екенін мойындады, деп жазды РИА Новости.
Хантер Байден туралы бұған дейін қоғам назарына өте көп ақпарат ұсынылды. Оның қатарында президент ұлын есірткіге тәуелді, парақор, ішімдікке салынған және тағы басқа айыптаулар болғанымен, ноутбуктан тағы да тың деректер анықталып жатыр. Америкалықтар Хантердің кейбір әрекетіне көз жұма қараса, кейбіріне наразылық білдіріп жатыр.
Мысалы, кіші Байденнің Украинадағы әскери биозертханалар мен қауіпті вирустарды әзірлейтін жобаға инвестиция салуы туралы әңгіме америкалық қоғамды елең еткізе қоймады. Зертханаларда немене айналысты, адамдарға қандай сынақ жүргізілді, неге Хантер Пентагон атынан миллиондаған долларды аударды, тағы қандай қауіпті вирусты таратпақ болды – бұл сұрақтар бүкіл әлемді толғандырғанмен, Американы алаңдатып отырған жоқ.
"Есесіне, Хантер қонай үй нөмірінде жалаңаш күйде қолына мылтық ұстап жүргені қоғамда қызу талқыланды. Үлкен Байден мүшеліктегі демократиялық партия қару-жарақ саудасына тыйым салу немесе шектеуді тұрақты насихаттайды. Ал кіші Байденнің үнемі тапанша сатып алуы және мұның қоғам назарына ұсынылуы америкалық президентті де, демократиялық партияны да ыңғайсыз жағдайға қалдырып тұр", - деп жазды автор.
Алайда америкалықтар қызу талқылаған тақырып – ақша. Кіші Байден өз өмірінде бірнеше рет тақырға отырып, тіпті бір жолы қызының колледжіне деп жинаған қаражатты жұмсағаны белгілі. Бірақ ол барлық кезде қайтадан табысқа кенеліп, ақшаны оңды-солды жұмсай берген.
Жалпы америкалықтар "АҚШ-та жемқорлық жоқ" дегенге әлемді отыз жылдан бері сендіруге тырысып келеді. АҚШ-та бұл "лобби жасау" немесе "заңгерлік қызмет көрсету" немесе "бизнесті жүргізуге көмек" деп аталады.
Хантердің бұрынғы әйелі Кейтлин Буле "If We Break" ("Егер біз ажырассақ") атты кітабында күйеуінің АҚШ Салық қызметіне үлкен берешегі болғанын жазған. Бірақ кіші Байден мәселені шу шығармай шешіп тастаған. Ал кез келген америкалық салық қызметіне үрке қарайды және бұл салада әділетсіздік көп екенін үнемі айтумен келеді. Сондықтан қоғам талабына бацланысты Делавэр штатының федералдық прокурорлары Хантер Байденнің салық саласындағы іс-әрекетіне қатысты тексеруді бастауға мәжбүр болды. Алайда Делавэр штаты – АҚШ-тағы классикалық офшор саналады. Себебі мұнда әлемнің ең дәулетті корпорация иелері салықтан өз табыстарын жасырып келеді.
Лэптоптан 2018 жылдың желтоқсанында үлкен Байденнің "Нью-Йорк Таймсте" мақала жарық көргенін, ұлының теріс әрекеті құпия қалғаны туралы аудиожазбасы табылды. Расына да 2018 жылдың 12 желтоқсанындағы "Нью-Йорк Таймстегі" мақала Хантер Байден мен қытайлық бизнесмен Патрик Хо арасындағы байланысты сипаттайды. Күні кеше белгілі болғандай, Патрий Хо Хантерге заңгерлік қызметі үшін миллион доллар ақша аударған. Бірақ, заңгерлік қызмет көрсетуі күмән тудырып отыр. Сондықтан кіші Байден қытайлық кәсіпкерге түрлі мәселеде қолдау көрсеткені үшін қаражат алғаны анық. Оның үстіне, 2017 жылы Кеннеди әуежайында федералдар қамауға алған кезде Хо ең алдымен Джеймс Байденге телефон соққан.
New York Post газетінің мәліметі бойынша, Хантер, оның әкесі және Джеймс Байден Хомен бірлесіп мұнай саласында бірлескен серіктестік құрған. Электронды хат алмасу кезінде Хантер ақшаның бір бөлігі АҚШ-тың болашақ президенті Джо Байденге берілетінін ескерткен. Сондықтан үлкен Байден Хантердің қытайлармен іс-әрекеті туралы біліп қана қоймай, оған тікелей қатысты болуы қоғамда үлкен дау тудырды.
"Байденнің Қытайға қатысты саясаты Хантер Байден мен оның әкесі қытайлармен тығыз байланыс орнатқанын аңғартады. Себебі бұл Дональд Трамп жүргізген қатаң саясатқа қарама-қайшы. Сөз жүзінде вашингтондық әкімшілік Қытайды сынға алып, Тайвань төңірегінде шу шығаруға тырысқанымен, екі елдің бірлескен жобаларының арқасында америкалық олигархтар табысқа кенеліп жатыр", - деп жазды автор.
Күзде өтетін Өкілдер палатасына сайлау қарсаңында республикашылдар қазіргі америкалық президенттің ұлына қатысты тың деректерді жариялаумен Байденнің, жалпы демократтардың рейтингін төмендетіп жатқаны анық.
Жаңалықтар
0