БҰҰ-ның даму бағдарламасы жаңадан құрылған үш облыстың дамуына ықпал етеді

Семей келбеті - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.07.2022
Жазылу
АЛМАТЫ, 16 шілде – Sputnik. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Нью-Йоркте БҰҰ бас хатшысының орынбасары, БҰҰДБ әкімшісінің көмекшісі Уша Рао-Монаримен кездесу өткізді, деп хабарлады Sputnik Қазақстан министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында экономика министрлігінің басшысы Қазақстан мен Біріккен ұлттар ұйымы даму бағдарламасының жемісті ынтымақтастығына тоқталды. Одан бөлек министр халықаралық ұйымның Нұр-Сұлтандағы елдік кеңсесінің айтарлықтай үлесін атап өтті.
Ведомство басшысы Монари ханымға 16-17 маусым аралығында Алматыда өткен Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) өңірлік саммитіне қатысқаны үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар министр екінші ерікті ұлттық шолудың негізгі тармақтарын атап өтті.
"Мен елдік бағдарлама әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету, еңбек өнімділігін арттыру, халықтың табысын арттыру, инвестициялық саясат пен қаржы секторын дамыту бойынша реформалар көзделген үкіметтің іс-қимыл бағдарламасын іске асыруға ықпал ететініне сенімдімін", - деді министр.
Министрдің айтуынша, Қазақстан БҰҰДБ-ның 2021-2025 жылдарға арналған жаңа елдік бағдарламасын қолдайды.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Министр Қазақстан мен БҰҰДБ арасындағы серіктестіктің негіздемелік бағдарламасын іске асыруды, президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалардың негізгі бағыттарын атады.
Әлібек Қуантыровтың пікірінше, Қазақстан өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі. Ведомство мәліметіне сүйенсек, Біріккен ұлттар ұйымының даму бағдарламасы үш жаңа өңір – Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын дамытуға өз үлесін қоса алады. Ал Уша Рао-Монари Біріккен ұлттар ұйымының Қазақстанның тұрақты дамуына қолдау көрсетуді жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Жаңалықтар
0