Президент Ақордаға апаратын жолды жамау-жамау құрақ көрпеге теңеді

© Sputnik / Владислав ВодневАқорда ғимараты
Ақорда ғимараты - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.07.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 14 шілде – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жол сапасын сынға алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, биыл 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған 600 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
"Жөндеу жұмыстарын созбалаңға салуға болмайды. Жобаларды жүзеге асыру барысын қатаң бақылауға алу қажет. Жолдың сапасына айрықша назар аудару керек. Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Тіпті, басқа жерді айтпағанның өзінде Ақордаға апаратын жолдың өзі жамау-жамау құрақ көрпеге ұқсайтын болды", - деді президент үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Ол бұл салада қордаланған мәселе көп екенін айтты. Тендерді жыл сайын бірді- екілі компания ғана ұтып алады. Мұндай жағдайдың қайталанып келе жатқанына ондаған жыл болды. Осының бәрін ретке келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдау керек, деп жалғастырды сөзін мемлекет басшысы.
"Жарты жыл өтті. Ал жол жөндеуге бөлінген қаражаттың 44 пайызына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалған жоқ. Бұл жұмыс Павлодар, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында өте баяу жүргізілуде", - деді Тоқаев.
Президент Қазақстанда жол құрылысына қажетті материалдың бәрі бар екенін, бірақ отандық өндірістің әлеуеті толық қолданылмайтынын мәлімдеді.
"Мұны, тіпті, қолдан жасалған тапшылық деуге болады. Мысалы елімізде битум өндіретін үш зауыт бар. Соған қарамастан 200 мың тонна битум жетіспейді. Құрылыс қарқынды жүрген кезде оның бағасы үш есе, яғни бір тоннасы 90 мыңнан 250 мың теңгеге дейін қымбаттайды", - деді ол.
Тоқаев үкіметке жол құрылысына қажетті ресурстарды өндіру және тұтыну барысын мұқият саралауды тапсырды.
"Соның негізінде құрылыс материалдарын шығаратын жаңа кәсіпорындар ашу қажет. Ал жұмыс істеп тұрған нысандарды жаңғырту керек , - деді ол.
Жаңалықтар
0