ҰҚК жыл басынан бері 2 террорлық актінің алдын алды - Тоқаев

© Sputnik / Тимур БатыршинЗдание департамента КНБ РК по городу Алматы
Здание департамента КНБ РК по городу Алматы - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.07.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 13 шілде - Sputnik. Жыл басынан бері комитет қызметкерлері экстремистік әрекеттерге қатысқан және терроризмді насихаттаған 42 адамды ұстады. Екі террорлық актінің алдын алды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
"Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қарқынды жүргізіліп жатыр. Ұлттық қауіпсіздік органдары полициямен бірлесіп, бірқатар аса қауіпті қылмыстық топты құрықтады, бандиттік ұйымдардың 22 мүшесі тұтқындалды. Нәтижесінде 700-ге жуық қару-жарақ, 54 граната, 17 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. Жарты жылдың ішінде елімізде 15 есірткі лабораториясы, 23 халықаралық және 40 аймақтық есірткі каналдары жойылды", - деді мемлекет басшысы.
Шетелдік серіктестермен бірлесіп, халықаралық есірткі тасымалына қарсы күрес аясында 14 халықаралық арнайы операция жүзеге асырылған.
Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздік органдарының екі мыңыншы жылдары терроризм мен радикалды діни экстремизмге қарсы күреске қосқан үлесіне тоқталды. Сондай-ақ сыртқы барлау қызметінің ұлттық мүддені қорғау жолында өз міндетін табысты орындап келе жатқаны және комитеттің "А" арнаулы қызметі мен шекара қызметінің жұмыстары туралы айтты.
Президенттің айтуынша, Қазақстан шекарашылары шекара және аумақтық сулар режимін бұзған 7 мыңнан астам адамды ұстаған. Жалпы құны 8 миллиард теңгеден асатын валюта, алтын және басқа да тауарлардың заңсыз тасымалының жолы кесілген.
Еліміздің маңызды инфрақұрылымдық нысандарына жасалған 1,5 мың DDoS шабуылына сәтті тойтарыс берілді.
Тоқаев күшейіп келе жатқан геосаяси шиеленіс, бұрын-соңды болмаған санкциялық текетірес, гибридті қақтығыстардың таралуы ұлттық қауіпсіздікке жаңа сын-қатерлер қаупін төндіреді деп санайды. Оның пікірінше, қарқынды жаһандану мен жаппай технологиялық төңкеріс елдер арасындағы шекараның ашық болуына әкеп соқтырды. Мемлекеттердің бір-біріне тәуелділігі артады және мұндай жағдайда Қазақстанның ақпараттық және әлеуметтік-мәдени кеңістігіне сыртқы күштердің ықпалы күшейе түседі.
"Қаңтардағы қасіретті күндерде комитеттің бірқатар басшыларының намыссыздығы мен сатқындығына қарамастан, көптеген офицерлеріміз өз антына адал болып, батыл әрекет етті, нағыз ерлік көрсетті. Өзге елдерде жуырда болған ауқымды қақтығыстар тұрақтылық болмай, орнықты даму мүмкін емес екенін тағы да бір көрсетіп берді. Арнаулы қызметтер жұмысының табысты болуы мемлекеттердің ішкі саяси тұрақтылығына ғана емес, сондай-ақ олардың орнықты экономикалық дамуына байланысты", – деді мемлекет басшысы.
Президент мамыр айында Ұлттық қауіпсіздік комитетін реформалау, яғни оның қызметін түбегейлі трансформациялау және ұлттық қауіпсіздік жүйесін басқару сапасын арттыру жөніндегі жарлыққа қол қойғанын еске салды.
Жиын соңында президент ұлттық қауіпсіздік органдарының бірқатар қызметкерін мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Жаңалықтар
0