Қоғам

"Құтыруға қарсы вакцина" қажет: депутат азық-түлік карточкасын енгізуді ұсынды

© Sputnik / Абзал КалиевАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.07.2022
Жазылу
Мәжілісмен бағаның өсуі қазір ел экономикасының басты проблемасына айналғанын айтты
НҰР-СҰЛТАН, 13 шілде – Sputnik. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов қымбатшылық мәселесін көтерді. Ол азық-түлік карточкаларын енгізуді ұсынып, жеңілдігі бар тауарларды тек әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға сату қажет екенін айтты.
Депутат бүгінгі таңда бағаның өсуі экономиканың басты проблемасы екенін және инфляция қазақстандықтардың табысын "жеп қоймауы" үшін батыл шаралар қажет екенін атап өтті.

"Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қолдаудың ең тиімді құралы – атаулы шаралар. Сондықтан, ең дұрысы – жеңілдікті тауарларды дәл осы халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына сату. Ол үшін әртүрлі экономикалық құралдар бар. Мысалы, азық-түлік карточкалары. Адам карточкасын ұсынып, тауарды төмен бағамен сатып ала алады. Сол кезде қолдау шынымен де мұқтаж адамдарға көрсетіледі", - деп жазды Жамалов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Депутат бағаны ұстап тұру мәселесіндегі батылсыздығы мен тоңмойындығы үшін Ұлттық банк пен үкіметті жиі сынға алатынын айтты. Бірақ бұл проблеманың үшінші тарапы да бар – бұл сауда желілері, дейді ол.
"Қазіргі уақытта сөрелердегі тауарлардың бағасы "құтырып" кетті. Үкімет бұл жағдайды шешу үшін шұғыл түрде "құтыруға қарсы вакцина" әзірлеуі қажет", - деп санайды мәжілісмен.

"Айналым схемасының" кемшіліктері

Жамаловтың айтуынша, қазір бағаның өсуін тежеудің негізгі шаралары сауда желілерінің өздері арқылы іске асырылып жатыр. Негізгі құрал – "айналым схемасы". Бұл бағаны ұстап тұру жөніндегі міндеттемелерді өзіне алатын сауда желілеріне жеңілдікпен кредит беру. Оған 81 млрд теңге жұмсалған, бірақ оң әсері байқалмайды. Баға өсіп жатыр.
Біріншіден, "айналым схемасына" тауарлардың шектеулі тізімі қатысады. Ол алдын ала келісілген. Мәселен, Магнумда 19 әлеуметтік маңызы бар тауардың бағасы ғана тежеледі.
Екіншіден, "айналым схемасының" нақты тиімділігін есептеу мүмкін емес. Өйткені тауарлардың қанша көлемі жеңілдікпен сатылғаны туралы мәлімет жоқ.
"Магнум тауарларды бөлінген несиеге ғана сатып алып, содан кейін оларды өз дүкендерінде сатады. Яғни, дүкенде жеңілдетілген бағамен тауарлар сатылуы мүмкін. Сонымен бірге, дәл осы тауарлар бір мезгілде әдеттегі нарықтық бағамен де сатылады. Әрине, жеңілдігі бар тауарлар тез сатылып кетеді де, олар қысқа уақытқа ғана жетеді, сосын бағасы жоғары дәл осы тауарлар қалады. Әрине, бүкіл ел бойынша осы 81 млрд теңге – бұл "теңізге тамған тамшыдай" тәрізді", - дейді Жамалов.
Үшіншіден, "айналым схемасы" халықтың барлық санатының пайдасына жұмыс істейді. Яғни, дүкенге кірген кез келген адам, кірісіне қарамастан, тауарды жеңілдетілген бағамен сатып ала алады. Жеңілдік жасалған тауарлар сөрелерге қойылады. Оны көтерме саудамен айналысатын бір адам немесе жай ғана ауқатты адамдар сатып әкетуі мүмкін. Осыдан кейін дүкенге келген табысы төмен отбасыларға арзан тауарлар жетпей қалады.
Төртіншіден, заңда әлеуметтік маңызы бар өнімдерге 15%-тен аспайтын шекті үстеме баға белгіленген. Бірақ сауда желілерінде "ретробонус" деп аталатын нәрсе бар.
"Бұл саудагерлер ойлап тапқан, өндірушілерді өз еңбегінің жемісін болмашы ақыға беруге мәжбүр ететін және оларға "ретробонус" деп аталатын ақыны есепке жазу арқылы сатып алушыларды осы тауарларды өздерінен анағұрлым жоғары бағамен сатып алуға мәжбүрлейтін "тонаушылық" құрал", - деп мәлімдеді Жамалов.
Іс жүзінде бұл тауар сөрелерге түсуі үшін өндірушілердің дүкенге тауарды сатқаны үшін төлейтін ақысы. Егер осы бонустарды ескерсек, онда сауда желілеріндегі үстеме баға заңда белгіленген 15% емес, 40%-ке жақындайды.
Мысалы бір бөтелке минералды суды алайық. Шартты түрде оның өзіндік құны – 100 теңге. Бұл сомаға 20 теңге "ретробонус" қосылады. Оған қоса 15% немесе 18 теңге – үстеме баға. Сонда минералды судың соңғы бағасы – 138 теңге. Тауар сатылғаннан кейін 120 теңге өндірушіге кетеді, ол оның 20 теңге "ретробонусын" сауда желісіне қайтарады. Сонда сауда желісінің қорытынды үстеме бағасы – 38 теңге немесе 38%. Бірақ заңмен бекітілген 15% емес.
Бесіншіден, азаматтар қандай тауарлардың жеңілдетілген бағамен сатылатынын білмейді. Тізімдегі әрбір өнімде осы тауардың әлеуметтік маңызы бар тауар екенін және бағасы арзан екенін көрсететін арнайы таңбалау бар. Бірақ бұл таңбалау әрең көрінеді, тым ұсақ жазылған әрі көзге бірден түспейді.

"Айналым схемасын" қалай жақсартуға болады

1) "Айналым схемасының" тиімділігін, яғни жалпы тұтынудағы тауарлардың қандай көлемі жеңілдетілген бағамен сатылатынын талдау қажет.
2) Егер "айналым схемасының" оң әсері төмен болса және тауар жетпесе, қаржыландыру мөлшерін ұлғайту қажет.
"Әрине, барлық сатып алушыны бағасы төмен тауарлармен қамтамасыз ету мүмкін емес. Бірақ "айналым схемасы" бойынша сатылатын тауарлардың бағасы басқа сауда желілері мен дүкендер үшін "шамшырақ" болуға тиіс. Олар осы бағаларға қарап және бәсекелестікті ескеріп, өздерінде сатылатын тауарлардың бағасын тым көтермеуге тиіс. Ол үшін басқа ритейлерлердің бағалары мен көлемдерін де талдау қажет", - дейді мәжілісмен.
3) Тауар тізімін кеңейту жағын ойластырған жөн. Қазақстандықтардың тұтыну себеті 19 тауардан ғана тұрмайды.
4) Сауда желілері қолданатын "ретробонустар" деп аталатын жүйені зерделеу және "ретробонустарды" ескере отырып, тауардың үстеме бағасын бақылауға қатысты әдіснамалық шешім қабылдау қажет.
5) Мемлекет субсидиялайтын жеңілдетілген тауарлардың стандартты таңбалануын әзірлеу керек.
Жаңалықтар
0