Бизнес бастағанда қандай қателік жасамау керек – кәсіпкермен сұхбат
16:21 13.07.2022 (жаңартылды: 16:37 13.07.2022)
© Photo : Назерке Берікқалиқызының жеке архивінен алындыНазерке Берікқалиқызы
© Photo : Назерке Берікқалиқызының жеке архивінен алынды
Жазылу
Тәжірибең жоқ болса, қолда бар соңғы жиған-тергенді кәсіпке салу - ақымақтық
АЛМАТЫ, 13 шілде – Sputnik. Кәсіпке жаңадан аяқ басқан кез келген адам оңай олжа, сиқырлы таяқша болмайтынын түсінуі керек. Оған қоса кәсіпті саналы түрде, жоспар құрып бастаған дұрыс. Мұндай пікірді отбасылық кәсіпті дөңгелетіп отырған Назерке Берікқалиқызы айтты.
Ол Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында кәсіпті қалай, неден бастау керектігін, дұрыс мақсат қою туралы айтып берді. Одан бөлек, кәсіп ашамын деген жанға оқуға пайдалы әдебиет тізімін ұсынды.
© Photo : Назерке Берікқалиқызының жеке архивінен алынды"Аз уақыт ішінде кәсіпті ұршықша айналдырып әкету мүмкін еместігін есте ұстаған жөн"
"Аз уақыт ішінде кәсіпті ұршықша айналдырып әкету мүмкін еместігін есте ұстаған жөн"
© Photo : Назерке Берікқалиқызының жеке архивінен алынды
Назерке Берікқалиқызы – кәсіпкер. Жас болса да, отбасылық кәсіптің алға басуына өз септігін тигізіп отыр. Қазіргі уақытта атасынан қалған мал шаруашылығын әкесі Берікқали Күсесов екеуі дөңгелетіп отыр. "Айкөркем", "Райымбек" атты шаруа қожалықта ірі қара малды бордақылау, өсіру, өнім шығарумен айналысады.
– Кәсіпті неден, қалай бастау керек?
- Кәсіп бастау үшін нақты жоспарың, әрі кездесетін кедергілерге төтеп берер иммунитетің болуы қажет. Одан бөлек, кәсіп бастағанда белгілі бір дәрежеде біліміңнің болуы шарт. Бастайтын ісіңді алдын ала зерттеп, жан-жақты білгеннен кейін ғана кірісу керек.
Кәсіптің қай түрі болмасын базалық білімің болуы шарт. Бастаймын деген кәсібіңді алдын ала зерттеп, толық білгеннен кейін ғана қолға алған дұрыс. Одан бөлек бастаймын деп жоспарлап жүрген кәсібіңде кішкене болсын тәжірибе жинақтап, ішкі атмосферасынан хабардар болу маңызды.
Мысалы, мал шаруашылығына қатысты кәсіп бастаймын деген жоспар болса, алдын ала мал дәрігері қызметін атқаруға болады. Мейрамхана ісіне кірісемін десеңіз, даяшы болып жұмыс істеп көрген жөн. Барлығы тәжірибе арқылы келетінін естен шығармау керек.
"Білімдінің күні жарық" деп босқа айтылмады емес пе? Сондай-ақ алғашқы қиындыққа ұшырағанда қол бұлғап тастап кетер болсаң кәсіп ашудың қажеті жоқ. Өз ісін ашу немесе бизнесті бастау туралы шешім қабылдаған кезде бір ғана тілек аздық етеді. Осы орайда бірнеше маңызды дүниелерді ескерген жөн:
Тек уақытыңды ғана емес, қаражатты да жоғалтуың мүмкін екенін түсінуің керек;
Тәжірибең жоқ болса, қолда бар соңғы жиған-тергенді кәсіпке салу - ақымақтық;
Аз уақыт ішінде кәсіпті ұршықша айналдырып әкету мүмкін еместігін есте ұстаған жөн;
Барлығын алдын ала есептеп, форс-мажорлы сәттерге дейін жоспарлаймын деп ойлау – қателік.
– Кәсіпкердің мақсаты қандай болуы керек?
- Оның мақсаты отбасына, Отанына пайдамды тигізсем деген оймен ұштасуға тиіс. Кейбірі кәсіпті бастағаннан кейін қымбат көлік мініп, зәулім үй тұрғызуы мүмкін. Одан кейін кәсібі жүрмей, бастағандағы мотивациясын жоғалтып жатады. Бұл дегеніміз оның бастапқыдағы мақсаты – қымбат көлік пен үй болғанынан. Яғни ойланбай алдына қойған мақсатына жетіп, ары қарай не істерін білмейді. Сондықтан ауқымды дүниені мақсат тұтқан дұрыс.
Тағы да айтамын: мақсатың отбасы және Отанмен ұштасса, күймейсің.
– Кез келген адам кәсіпкер бола ала ма?
- Кез келген адам кәсіпкер болып кетеді деп айта алмаймын. Өйткені кәсіпкерлік те – ерекше қабілетті талап ететін іс. Мысалы, өз ісіңізді бастаған уақытта алдыңыздан түрлі қиындық кездеседі, оларды еңсере білу керек. Не істеймін деп бір орында отыру – кәсібіңді дамытпайтыны белгілі. Сондықтан да қорқынышты жеңе білу маңызды. Ал ол үшін табандылық қажет. Сізге еріншек, жалқау адамнан кәсіпкер шығады десе, сенер ме едіңіз?
– Бизнесменге қажет басты қасиеттер мен машықтар қандай?
- Еңбекқорлық, шыдамдылық және мейірімділік. Қарамағындағы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартып, тіл табысу, мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсету өте маңызды. Сондай-ақ, кәсіпкер ата-анасымен, отбасымен, ағайын-туыспен қарым-қатынасын реттеуі керек. Онсыз бастаған ісінің ешқандай берекесі болмайды. Оңай жерде нан жоқ екенін, ешқандай сиқырлы таяқша болмайтынын түсіну керек.
"Алма піс, аузыма түс" демей, отырған орнынан тұрып, істің тауқыметіне төзгенде ғана кәсіп жемісін береді.
– Жас кәсіпкердің тәлімгері болуы маңызды ма? Сіздің тәлімгеріңіз кім?
- Әрине маңызды. Мысалы, менің тәлімгерім, бағыт берушім – әкем. Жалпы кәсіпкер адам өзі де ізденіп, білімін жетілдіріп отыруы қажет. Білім инемен құдық қазғандай қиыншылықсыз келмейді. Айналамыздағы кез келген құбылыстан сабақ алсақ қана белгілі бір дәрежеге жетеміз. Бірақ адам шешімді өз пікірімен, өз ойымен шығаруы керек. Бізде отбасылық кәсіп болғандықтан, "бір жағадан бас, бір жеңнен қол" шығара отырып жұмыс жасау маңызды.
– Кәсіп ашамын дейтін кез келген адам неге дайын болуға тиіс?
- Шығынсыз кіріс болмайды. Бизнес те тірі организм іспеттес, нықтап аяққа тұрып кетуі үшін біраз уақыт қажет. Сондықтан бизнесін бастаған адам кез келген нәрсеге дайын болуға тиіс. Кәсіп бастау үшін адамда 100 процент нақты шешім және одан басқа қалау болмауы керек. Ал оның қосымша бір жоспарлары болса, кәсіпті соңына дейін апармайды. Кәсіп ашамын деген әр адам кездесетін қиындықтарға шыдамды, еңбекқор болуы қажет.
– Қандай жағдайда кәсіптен бас тартқан дұрыс?
- Қолайлы жағдай болмағанда. Мысалы шаруа қожалығын ашу үшін, ең алдымен, шұрайлы жер қажет.
– Қазір қазақстандық нарыққа қандай бизнес қажет деп ойлайсыз?
- Агроөнеркәсіптік секторды дамыту қажет. Алдыңғы кезекте халықты қажетті азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету керек. Бізде осы сала ақсап жатыр. Одан кейін мал шаруашылығы. Көпшілік мал шаруашылығы – кәсіптің ең оңай түрі деп ойлайды. Мал шаруашылығы қазақтың ата кәсібі екені сөзсіз. Десе де осы кәсіпті толық білмейтін адам ары қарай дөңгелете алмай, қиналып жатады. Сол себепті адам өзі білетін іспен айналысқанда ғана адам сенгісіз нәтижеге қол жеткізеді.
– Бизнеске қадам басқан адамдар оқуға тиіс топ кітаптарды айтып бере аласыз ба?
- "Самый богатый человек в Вавилоне", Саидмурод Довлатовтың "Долги тают на глазах" кітаптарын оқуға кеңес берер едім. Негізінен "кәсіп бастаймын, сол үшін ізденемін" деген адамға кітап та көп, автор да көп.