Экономика

Теңге әлі де әлсірейді: сарапшылар доллар бағамына болжам жасады

© Sputnik / Тимур БатыршинТеңге және доллар
Теңге және доллар - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.07.2022
Жазылу
12 шілдеде күндізгі сауда-саттық қорытындысы бойынша доллар бағамы 473,38 теңге болды. Айырбастау пунктерінде шетелдік валютаны орта есеппен 473 теңгеге сатып алып, 478 теңгеден сатып жатыр
НҰР-СҰЛТАН, 12 шілде – Sputnik. Доллар күн өткен сайын қымбаттап барады. Тиісінше теңге құнсызданып жатыр. Ал инфляция шарықтап тұр. Ел ішінде ұлттық валютаның девальвациясы әлі жалғасады деген қауесет бар. Sputnik Қазақстан тілшісі сарапшылардан доллар бағамына қатысты болжамын сұрап білді.

Доллар бағамы қазіргі деңгейде қалады

Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев 2022 жылғы республикалық бюджетте доллар бағамы 460 теңге болып бекітілгенін еске салды. Ал бюджет бәрін айқындайды. Яғни жыл соңына дейін доллар бағамы 450-470 теңге аралығында құбылуы мүмкін.

"Сыртқы жағдай дәл қазіргі күйде болып, қандай да бір экономикалық күйзеліс, соққы жасалмаса, онда доллар бағамы осы деңгейде қалады. Себебі бюджеттік параметрлерде доллар бағамы 460 теңге деп бекітілген. Әрине, тура сол 460 теңгемен қатып қалмайды, +/-10 теңге айырмашылық болуы мүмкін. Бұл жалпы қалыпты жағдай, өйткені валюта құбылады. Біздің елімізде бекітілген бағам емес, еркін айналым ғой. Сондықтан +/-10 теңге шамасында ауытқып тұрады", - деді Бейсембаев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Сарапшы биыл доллар бағамы 500 теңгеге дейін барады деп ойламайды.
"Егер мұнай бағасы құлап, әлемде ауқымды дағдарыс басталып кетсе, әрине, теңге одан сайын құнсызданады. Бірақ, дәл қазіргі жағдайды ескере отырып, мен доллар бағамы 500 теңгеге жетеді деп санамаймын. Мен үшін базалық сценарий плюс/минус 460 теңге", - деп атап өтті маман.
Алайда, Бейсембаев егер қазіргі экономикалық жүйе, ішкі экономикалық тетіктер өзгермесе, ерте ме, кеш пе, қазақстандықтар 1 долларды 800, тіпті 1000 теңгеге сатып алуы мүмкін екенін айтты. Ұлттық валютаның бұлай құнсыздануы тек уақыт еншісіндегі мәселе. Бұған жарты жыл немесе үш-төрт жыл кетуі мүмкін. Сол себепті теңгенің одан әрі әлсіреуіне жол бермеу үшін экономиканы өзгерту керек.
"Соңғы он жылда теңге қалай өзгергеніне зер салсақ, 10 жыл бұрын доллар бағамы 150 теңге болды, қазір – 460-470 теңге. Міне, осыған қарап-ақ үш-төрт жылдан кейін доллар 800 теңгеге жететінін пайымдай беруге болады", - дейді сарапшы.
Осы орайда Бейсембаев бағам – ел экономикасының жай-күйінің көрінісі екеніне назар аударды.
"Ал біздің экономикалық жүйеміз сондай, бізге үнемі әлсірейтін бағам керек және біз оны аз-аздап үнемі әлсірете береміз. Келесі жылы бюджеттік параметрлерге сәйкес, бюджеттің кірісі мен шығысына қарай, бюджетте доллар бағамы 480 теңге деп бекітілуі мүмкін. Тіпті, 500 теңге болуы да ғажап емес. Ал бір жылдан кейін 520 теңге, сөйтіп көтеріле береді. Ерте ме, кеш пе, біз бағамның 1000 теңгеге жеткенін де көреміз", - дейді қаржы сарапшысы.

Жыл соңына дейін 500 теңгеден асуы мүмкін

Ал экономист Арман Байғанов доллардың қазіргі бағамы инфляцияның жоғары деңгейіне сай келмейтінін мәлімдеді.

"Бағамды қазір нарық реттесе де, менің ойымша, ол бәрібір төмен. Қазақстанның экономикалық жағдайына сәйкес келмейді. Бәлкім, теңге күрт әлсіреп кетпес үшін Ұлттық банк қандай да бір шаралар қабылдап жатқан шығар. Қазір теңгеге әсер етіп жатқан негізгі фактор – рубль. Кросс-бағам үлкен, бұл экономика үшін жақсы нәрсе емес. Сол себепті әзірге бір нәрсе болжау қиын. Бірақ бізде ішкі инфляция өте жоғары. Ал бұл ерте ме, кеш пе, ұлттық валютаның девальвациясына әкеледі", - дейді Байғанов Sputnik Қазақстан тілшісіне.

Оның айтуынша, бәрі Украинадағы жағдайға байланысты болады.
"АҚШ базалық ставканы көтеріп жатыр, мұнай бағасы тұрақсыз, рецессия күтілуде. Осы факторлардың бәрін ескерсек, егер соғыс әлі жалғасса, онда жыл соңына қарай доллар бағамы 500 теңге және одан жоғары өсуі ықтимал", - деп болжады экономист.
Байғанов "Украинадағы соғыс аяқталған күннің өзінде, теңге бұрынғы деңгейге түспейтінін, 460-тан төмен болмайтынын" атап өтті.
"Егер соғыс аяқталса, теңгенің құнсыздануы баяулайды. Ал егер соғыс жалғаса берсе, онда тез құнсызданады. Жалпы ұлттық валютаның бағамы экономиканың қазіргі шынайылығына жауап бермейді. Ерте ме, кеш пе, ұлттық валюта әлсірейді", - деп санайды сарапшы.

Доллар сатып алған дұрыс па

Сарапшылар дәл қазіргі уақытта доллар сатып алу тиімсіз екенін айтты.
"Егер сіз долларды қазір сатып алып, екі-үш айдан кейін қайта сатып жіберсеңіз, мұның ешқандай мәні жоқ. Долларды бір жыл сақтамайтыныңызды білсеңіз, сатып алудың да қажеті шамалы. Ештеңе ұтпайсыз. Қазіргі бағаммен сатып алған жағдайда оған үш-төрт жыл тиіспеңіз. Тек ұзақ мерзімге жоспарлап сатып алған тиімді. Долларға қаржы құралы ретінде қарау керек. Яғни, акция сияқты сатып алып, ұмытып кеткен дұрыс", - деп кеңес берді Арман Бейсембаев.
Арман Байғанов та әріптесінің сөзімен келісті.
"Қазір доллар сатып алу керек деп ойламаймын. Одан да жұмыс істеп, дағдарыс жағдайында көбірек ақша табуға тырысу керек. Депозитті де теңгеде сақтаған жөн", - деді экономист.
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.06.2022
Рубль неге күшейіп жатыр – экономистер түсіндірді
Жаңалықтар
0