Инфографика

Қазақстанда қанша киік бар

Жазылу
Қазақстанда киіктердің үш популяциясы бар: Бетпақдала, Үстірт және Еділ-Жайық (Жайық). Батыс Қазақстан облысындағы киік популяциясы 800 мың басқа жетті. Әлемдегі киіктің 95%-і Қазақстанда болса, оның 65%-і Батыс Қазақстанда мекендейді.
2002 жылы Халықаралық табиғатты қорғау одағы "жойылу қаупі бар" деген санатпен Қызыл кітапқа енгізген киіктердің саны бүгінде 1 миллион 318 мың басқа жеткен. Әсіресе, киіктердің Орал популяциясы қатты өскен. Осыған байланысты Батыс Қазақстанда киіктер санын реттеу бойынша мәселе туындап отыр. Ал өңірлердегі шаруалар киіктер қаптап, егінді таптап жатыр деген шағым айтуда.
Сондықтан Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев киіктерді атуға рұқсат берілгенін мәлімдеді. Ол аяқталған биологиялық негіздеме бойынша киіктердің Орал популяциясын реттеу бойынша шешім қабылданатынын айтты. Ал киік санын реттеу шаралары жануарларды атуды да қамтиды.
"Ғалымдар киіктер мәселесін реттеу қажет екенін айтып отыр. Бұл - Орал популяциясы. Қазір Орал популяциясының саны 800 мыңнан асады, соның он проценті реттеледі. Яғни 80 мың бас киік атылады", - деді экология министрі.
Белгілі болғандай, ғылыми зерттеу жүргізу үшін 500 бас киік алынады. Ал реттеу жұмысы күзде қазан айында басталады.
Қазақ зоология институтының ғалымдары киік санын реттеу шаралары міндетті түрде зоологтар мен ветеринарлардың қатысуымен жүргізілуін талап етіп отыр. Ал жануарлардың өлекселері санитарлық-ветеринариялық бақылаудан өткеннен кейін әрі қарай сату үшін ет комбинаттарына өңдеуге берілуі керек, дейді ғалымдар.
Біраз бұрын ғалымдар қазақстандық ақбөкен популяциясын реттеуді мынандай есеппен жүзеге асыруды ұсынды: киіктер көп мекендейтін Оралда жыл сайын мал санының 10 процентін, яғни 80 мыңнан сәл астам бастан ату ұсынылады. Ал жарты миллионға жуық киік мекендейтін Бетпақдалада бұл көрсеткіш 2,5 проценттен аспауы керек. Ғалымдар Үстірттегі жануарлар реттеуді қажет етпейтінін алға тартты. Себебі бұл өңірде мекен ететін 28 000 бас киік шаруаларға зиян келтіріп отырған жоқ.
Жалпы 2022 жылдың көктемінде әуеден барлау арқылы жүргізілген есеп бойынша, Қазастанда 1 миллион 318 мың бас киік бар. Соның ішінде, Бетпақдалада 489 мың, Үстіртте 801 мың және Еділ-Жайықта (Жайық) 28 мың киік мекендейді. 2020 жылы пандемияға байланысты киіктердің авиаесебі жүргізілген жоқ.
Жаңалықтар
0