Білім

Оқу-ағарту министрлігіне ата-аналар мен балалардан 500-ден аса өтініш түсті

© Sputnik / Абзал КалиевАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.07.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 11 шілде – Sputnik. Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің Bala Qorgau телеграм-ботына 500-ден астам өтініш түсті.
Сұрақтардың басым бөлігі отбасындағы жанжалға, балалар мен мұғалімдер арасындағы қарым-қатынасқа, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларға, буллинг және жазғы демалысты ұйымдастыруға қатысты болды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Мысалы, телеграм-чатқа әкесінен тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген баланың анасы шағымданған. Әйелдің өтінішімен Алматы облысында тұратын отбасына қамқоршылық органдары, аудан әкімдігінің қызметкерлері және полиция қызметкерлері шұғыл түрде жөнелтіліп, жағдай бақылауға алынды.
"Біз өтініш берушілердің сұрақтарына мүмкіндігінше жылдам жауап беруге тырысамыз. Түскен өтініштер бойынша ата-аналар мен балаларға құқықтық және психологиялық көмек жетіспейтінін байқауға болады. Әрбір өтінішті пысықтап, қажетті көмек көрсетіп, барлық мән-жай анықталып, жағдай толық шешілгенше әр жағдайды ерекше бақылауда ұстаймыз", - Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули.
Әр өтініш 24/7 форматында шұғыл қаралады. Телеграм-чат балалардың құқығын бұзу, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық немесе қатыгездік көрсету жағдайларын жылдам анықтауға және шешуге көмектеседі, дейді оқу-ағарту министрлігі.
Телеграм-чат арқылы оқушылар арасындағы буллинг фактісі де анықталды. Мәселен, Bala Qorgau telegram-ботына қысқа бойы мен ерекше келбеті үшін сыныптастарының мазағына қалған оқушыдан хат түсті. Мамандар баламен және оның сыныптастарымен әңгімелесіп, жанжал шешілді.
Сондай-ақ оқушылар арасындағы ақша талап ету жағдайларына қатысты өтініштер де түседі. Мысалы, телеграм-чатқа облыстардың бірінен 11-сынып оқушысы хабарласты. Комитет өкілдері оқушылар арасында қажетті жұмыстарды жүргізіп, педагогтердің назарын осы мәселеге аударды. Нәтижесінде бұл мәселе шешілді.
"Балаларға психологиялық қолдау қажет. Көптеген ата-ана жұмыстан қолы босамайды және балаларына көп уақыт бөле бермейді. Сол себепті ата-аналардан балаларына көңіл бөліп, әңгімелесуін, олармен жақын болуын сұраймыз. Осылайша қайғылы жағдайларды болдырмауға болады", - деп түсіндірді Элина Паули.
Балалардың құқықтарын қорғау комитеті өтініш берушінің барлығына құқықтық және психологиялық қолдау көрсетеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.
Жаңалықтар
0