Оқиға

Президенттік "Айбын" полкында әскери қызметкер жұмбақ жағдайда көз жұмды

© Sputnik / Владислав ВодневПрезиденттік полк
Президенттік полк - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.07.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 9 шілде – Sputnik. Мемлекеттік күзет қызметі "Айбын" президенттік полкі" 0112 әскери бөлімінің кіші сержанты Дархан Мәлік жұмбақ жағдайда қаза болды.
Жігіттің ата-анасына 8 шілде таңертең ұлы әріптесінің қолынан қаза тапты деген суыт хабар жеткен. Бірақ Дарханның туыстары бұл ақпарат шындыққа жанаспайды деп отыр. Өйткені марқұмның әкесі Аман Шөкеевтің айтуынша, суық хабарды естірткен командир әртүрлі ақпарат берген. Біріншісінде Дархан өзіне тиесілі автоматтың оғынан мерт болды десе, екіншісінде полигонда шатыр ішінде тамақтанып жатқан кезде әріптесі ойнап отырып оқ атып жіберген депті. Ал үшіншісінде, қоқыс төгуге шыққанда әріптесінің қолынан қайтыс болды деген, деп хабарлайды halyq-uni.kz.
Қайғыдан қан жұтып отырған ата-анасы мен жақын туыстары қай нұсқаға сенерін білмей дал болып отыр.
"Әділдік қайда? Екеуі де соқталдай азамат, абайсызда атып жіберді дегенге кім сенеді? Мойындата салды. Солай мойындата салады. Отанына адал қызмет етемін деген азамат өлім құшып отыр. Кім жауап береді? Шындық айтылсын, оқ атты деген жігіттің туыстарымен сөйлестірмей жатыр", - деп ашынды марқұмның әпкесі Айзада Сейдахметова.
Марқұмның туыстары елордадағы "Айбын" президенттік полкі ғимаратының алдына жиналып, шындықты талап етті.
Айрықша мақсаттағы күштер қолбасшысының орынбасары Ерлан Джаркенбаевтың айтуынша, кіші сержант әріптесіне ойнап отырып оқ атқанын мойындап, қылмысты мойнына алған.
"2019 жылы екі азамат әскери борышын өтеп, артынша келісімшарт негізінде Мемлекеттік күзет қызметі "Айбын" президенттік полкіне жұмысқа орналасты. 4 желтоқсанда полигонға барған. Күдікке алынған жігіттің айтуынша, асханада әріптесімен жалғыз қалғанда ойнап отырып, атып өлтірген. Басқа мәлімет жоқ. Екеуінің де тәртібі жақсы еді, - дейді Джаркенбаев.
Ал марқұмның әпкесінің айтуынша, Дархан бір күн бұрын туыстарынан ақша сұраған.
Биыл отау құрған 21 жастағы азаматтың артында жүкті келіншегі қалды.
Жаңалықтар
0