Қоғам

"Тапқаным күнкөрісіме жетеді": Алматы көшесіндегі қайыршылардың тірлігі - фото

© Sputnik / Ертай СарбасовАлматы көшесіндегі қайыршылар
Алматы көшесіндегі қайыршылар - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.07.2022
Жазылу
АЛМАТЫ, 8 шілде – Sputnik. Күн сайын қайыршыларды көреміз. Базарда, көшеде, вокзалда болсын, олар үлкен де, кіші де қалалардың ажырамас бөлігіне айналды. Саны азайғанның орнына, қатары толып келеді. Алматы көшелерінде тіленшілер қалай жанын бағып жүр? Олар кімдер және олардың күн сайынғы "табысы" қандай? Садақа сұрап, алақан жаюға не себеп? Осы сұрақтарға Sputnik Қазақстан тілшісі жауап іздеуге тырысып көрді.
Көшеде жай серуендеген күннің өзінде қол жайып тұрған тіленшіні кезіктіресің. Аянышты түрі, тозығы жеткен киім, қолында ақша салуға ұстаған ыдысы немесе мүгедек арбасы арқылы олар өзіне қалай да көңіл аудартады. Олар үшін ең табысы көп жер - базар, мешіт айналасы, саябақтар, жерасты маңы. Базардың қайсысына барсаң да, тіленшінің біреуін болсын кезіктіресің. Әр қайыршының өз "жұмыс орны" бар.
© Sputnik / Ертай СарбасовАлматы көшесіндегі қайыршылар
Алматы көшесіндегі қайыршылар - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.07.2022
Алматы көшесіндегі қайыршылар
Бұл жерде жергілікті тұрғындар не болмаса сырттан келген тіленшіні таба аласың. Алақан жайып, садақа сұрау – олар үшін әдетке айналған. Күннің ыстық-суығына қарамастан, таңның атысынан кештің батысына дейін көп мөлшерде ақша жинауды көздейді. Базардағы, көп адам жүретін жерлердегі қайыршының табысына көпшілік таңданыспен қарары сөзсіз. Орта есеппен айына 150-200 мың теңге табатын көрінеді.
Бірі мүгедек баласын арбамен сүйресе, екіншісі сәбиін құшақтаған күйі базар жағалауда. Бізді олардың тірлігі қызықтырды. Бір-екі сұрақ қойып едік, тіл қатпады. Қолдарын қимылдатып, ақша деп ишара білдіріп тұр. Ақшаның шетін көрсетпейінше сөйлеспейтінін түсіндік. Содан алақанын толтырып едік, күлімдеп, әр сұрақты жауапсыз қалдырмады. Олардың айтуынша, баласыз жүрсең, пайда түспейді. Ал көпшілік ересек адамға емес, балаға жаны ашығанынан алақанды құр қалдырмайды екен. Мұны тәжірибе жүзінде іске асырып көрген олар табыс табу үшін біреудің баласын алып шығуға да барады екен.
© Sputnik / Ертай СарбасовНадежда есімді әйел көшеде екі баласымен отырады
Алматы көшесіндегі қайыршылар - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.07.2022
Надежда есімді әйел көшеде екі баласымен отырады
Базар мен орталық мешіттің арасында келе жатқанымызда қатар отырған тіленшілерді байқадық. Біреуіне барып едік, жауап беруден бас тартты. Арасынан қызы және 3-4 жасар баласымен бірге қайыр сұрап отырған келіншекті байқадық. Жанына барып, әңгімеге тартуға тырыстық. Басында жауап беруден қашқан әйелдің есімі - Надежда, 34 жаста.
"Шымкенттің тумасы болғаныммен Алматыда өмір сүріп жатқаныма жиырма жылдан асты. Туған-туысым, ата-анам бар. Бірақ ешқайсымен араласпаймын. Сезімнің жетегіне еріп, отбасылы азаматтан сәбилі болдым. Ер адамым мені де, баламды да қабылдамады. Баланы алдыртып тастауға қимадым. Содан тағдырыма көніп, қызымды және баламды жетектеп, осы тірлікті кәсіп етіп жүрмін. Тапқаным пәтерақыма, күнкөрісіме жетеді", – деді ол.
Айтуынша, тіленшілікке екі баласын асырау үшін барған. Қызы есейгенде оны да көмек болсын деп жанына алып шыққан. Өйткені жаныңда бала болса, соған жаны ашып садақаны да көп тастайтын көрінеді.
"Тұрақты табыс жоқ. Бірде 5-6 мың, ал кей күні 10-15 мың теңге табамын. Кейде таныстарымды көріп қаламын. Маған емес, қызым мен балама жандары ашып, қолыма жасыл, қызыл ақшаларды қысып кетіп жатады. Болашақта не істейтінімді әзірге ойластырмадым. Қатты қиналып кеттім. Тапқаным күнкөрістен артылмайды. Жақындарыма барып, кешірім сұрайын десем, қабылдамайтындарын білемін. Тағдырым осы шығар?! Көнемін. Басқа амал жоқ, балаларым үшін өмір сүріп жүрмін", – деп аяқтады әңгімесін.
Осылайша ағынан жарылып әңгімесін айтқан ол көз жасын көл етті. Жүрегіне беріш боп қатқан ауыр тағдыры оны біраз жасқа қартайтыпты. Өкінішті.
© Ертай СарбасовВиктор есімді тұрғын 60 мың шамасындағы зейнетақы күнкөріске жетпейді дейді
Алматы көшелеріндегі қайыршылар - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.07.2022
Виктор есімді тұрғын 60 мың шамасындағы зейнетақы күнкөріске жетпейді дейді
Надеждаға жақын маңда арбаға таңылған Викторды әңгімеге тарттық. Өмірден түңілмеген адам екен. Әңгімелесу кезінде бізбен қалжыңдасты да.
"Мен ешқашан ұрлық жасаған емеспін. Жасыратын ештеңем жоқ. Кәуәп пісіруші болып жұмыс істедім. Білесіздер ме, мен кез келген кәуәп маринадын жасай аламын. Қалауыңыз бойынша. Осында тудым, оқыдым, шоқындым. Аспаз мамандығына оқыдым. Сосын 2008 жылдары аяғым істемей қалды. Кесіп тастамағанына шүкір дедім. Үйленгенмін. Бірақ әйелім мүгедек мені қараудан бас тартып, кетіп қалды. Ол кезде мен балдақпен жүрдім. Одан кейін арбаға отырдым. Балдақтан гөрі арба жеңіл.
60 мың шамасында зейнетақы аламын, оның 50 мыңын пәтерақыға жұмсаймын. Бесағашта тұрамын. Арбаға таңылған адамды ешкім жұмысқа алмайды екен. Білімім де орта ғой. Адамдар аз да болсын көмек қолын созады. Бұл жерде күнде отырмаймын. Адамдар көп өтеді, мешіттің жанына жақын. Үш-төрт сағаттың ішінде 10-15 мың табамын. Сосын бұл ақшаға қажетті азық-түлік, етімді алып үйге қайтамын", – дейді Виктор.
© Sputnik / Ертай СарбасовБалаларына масыл болғысы келмеген Зәуре есімді зейнеткер көшеге қайыр сұрауға шыққан
Алматы көшелеріндегі қайыршылар - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.07.2022
Балаларына масыл болғысы келмеген Зәуре есімді зейнеткер көшеге қайыр сұрауға шыққан
Ары қарай жүрдік. Көшелердің қиылысында арбада отырған апаны байқадық. Күнге күйіп кетпес үшін барынша киінген ол қолы бос уақытта телефонын шұқылап отыр екен. Әлеуметтік желіде отырған болуы керек. Жақындап, Зәуре есімді зейнеткермен таныстық. Бізден басқа ешкім жоқ болған соң ба, уақытты өткізу үшін бе, қойған сұрақтарымызға жауап берді. Бірақ көзімен арбасындағы ақшаға арналған шелегін көрсетіп қояды. Ақша салыңдар дегені болуы керек деп түсініп, мың теңгемізді ұстаттық. Содан бізбен емін-еркін ашылып сөйлесті.
"Дәрігерлер маған сенде қант диабеті деп ескерткен болатын. Ем алып, диета сақтау керек деді. Мен болсам өзі басылар, өзі кетер деп жүре бердім. Содан осыдан төрт жыл бұрын ауру асқынып, аяқтарыма шапты. Буындарымда сұйықтық жинала бастады, саусақтарым қарая бастады. Кесу керек деді. Алдымен екі аяқтағы саусақтарымды кесті. Содан кейін бір аяғымды тіземе дейін алып тастауға дейін жетті. Дәрілерді қабылдай бастадым, бірақ уақытты өткізіп алдым. Қазір аяғымда ашық жара, бір-бір жарым жылда жазылып кетеді деп болжаған дәрігерлер. Күнделікті таңып, жақпаларын жағып жүрмін. Сонда да жара жазылатын түрі жоқ.
Бұл көшеде отырғаныма бір жарым жылдан асты. Пәтер жалдап тұрамын. Балаларыма да масыл болғым келмейді. Бірақ олар менің тіленшілікпен ақша табатынымнан хабардар. Аяқталмаған экономист мамандығым бар. Аяғымды кеспес бұрын кәдімгі ел қатарлы жұмыс істедім. Қалада өзім сияқты бір келіншекпен пәтер жалдап тұрамын. Екеуіміз бір бөлмелі пәтерге 50 мыңнан шығарамыз. Менімен салыстырғанда оның дене мүшесі бар. Арасында қиналған уақытта маған көмектеседі. Мұнда күнделікті келемін. Демалыс күні демаламын. Егер демалыс күні ауа райы жақсы болса, түске дейін шығуым мүмкін. Қиын. Аяқтарым, буындарым ауырады", – деді ол.
Айтуынша, күніне он мыңға дейін табуға болады. Бірақ пандемия, қаңтар оқиғасынан кейін ақша азайған көрінеді. Біреуінің кәсібі жабылды, біреу болса вирустан қайтыс болды. Бәрінің жағдайы мәз емес, дейді ол.
© Ертай СарбасовМақпал апа марқұм қызының екі баласын садақа ақшаға бағып отыр
Алматы көшелеріндегі қайыршылар - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.07.2022
Мақпал апа марқұм қызының екі баласын садақа ақшаға бағып отыр
Биыл 65-ке келген келген Мақпал есімді зейнеткер 8 жасында анасынан айырылып, балалар үйінде тәрбиеленген екен.
"Қазіргі Тараз қаласында үлкен балалар үйі болған еді. Сонда өстім. Жолдасым да "детдомский" болған. Ерте қайтыс болды. Тігінші болып істедім. Тәуелсіздік алғаннан кейін жұмыссыз далада қалдым. Қызымның қайтыс болғанына биыл он жыл толады. Артында қалған екі баласын балалар үйіне өткізуге қимаймын. Өйткені ондағы жағдай менің де басымнан өтті ғой. Менің тағдырымды қайталамасыншы деймін", – деген ол көзіне жас алды.
"Күйеу балам болса қызым қайтыс болғаннан кейін екі баланы тастап кетіп қалды. Қазір басқаға үйленген, балалы-шағалы. Менің екі немереме көмектесуді де ойламайды. Келмейді, бір тиын да бермейді. Екеуіне мемлекеттен берілетін көмек, ақша, киім-кешек ештеңеге жетпейді. Өзім болсам зейнеткермін. Екеуін көршінің үйіне тастап кеттім. Баққаны үшін көршіге де ақша төлеуім керек. Қазір үлкені жоғары сыныпта оқиды. Демалыс кезінде даяшы болып жұмыс істеп жүр. Кішісі енді ғана 11-ден асты", – деп күрсінді тіленші әйел.
"Күніне бір нан, бір "китайский лапша" алып жеймін. Менің қазіргі қорегім сол ғана. Қуаныштысы, пәтерге ақша төлемеймін. Ескі болса да өзіміздікі. Тапқанымды керек-жараққа, балалардың қажетіне жинаймын", – дейді Мақпал апа.
© Sputnik / Ертай Сарбасов"Алтын Орда" базары маңында қайыр сұрап жүргендер
Алматы көшесіндегі қайыршылар - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.07.2022
"Алтын Орда" базары маңында қайыр сұрап жүргендер
Ары қарай "Алтын Орда" базарына қарай жолға шықтық. Бұл базар қай уақытта болмасын кептелісімен таныс. Ал кептеліс бар жерде тоқтап тұрған көліктен қайыр сұрайтындар да баршылық. Бірі қоларбасына таңылса, бірі он екі мүшесі сау жұмысқа қабілетті-ақ жандар. Енді бірі баласын жетектеп жүр, басқасы баласын бір бағытта, өзі басқа бағытта қайыр тілеп жүр.
Айта кетейік, базарда қайыршылардың негізгі бөлігі – Өзбекстан мен Тәжікстан азаматтары. Олардың тегі – люли. Бұл – сығандардың шығыс жақтағы бір тармағы. Люли, көбінесе Тәжікстан, Өзбекстан, Қазақстан мен Қырғызстанда көшіп-қонып жүреді.
Сондай-ақ оларды Ресей мен Ауғанстанда көптеп кездестіруге болады. Тілдері дом-сығандардан (бұл да бір этникалық топ – авт.) бастау алады деген дерек бар. Қазір олардың диалектісінде тәжік сөздері көп. Содан болар, көбісі люлиді тәжік деп санайды. Алайда олар өздерін "мугат" (арабтың сөзі "муг"– "отқа табынушы", "пұтқа табынушы") немесе "гурбат" (арабтың сөзінен – жалғыздық, жат елдік, тексіздік) деп атайды.
Айтпақшы, люлидің "заңы" бойынша отағалар "түк бітірмейді" деуге болады. Ол рас. Отбасыны қайыршылықпен асырау – әйелдердің міндеті. Десе де, сол люлилерге қазақтың да қосылғаны көңілге кірбің ұялатады.
© Sputnik / Ертай Сарбасов"Алтын Орда" базары маңында қайыр сұрап жүргендер
Алматы көшесіндегі қайыршылар - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.07.2022
"Алтын Орда" базары маңында қайыр сұрап жүргендер
Олар өтіп бара жатқан адамдарға құрметпен қарап, ақша сұрайды, әрине, жаны одан сайын ашысын деп Алланы да еске салады. Құқық қорғау қызметкерлері оларды таратуға тырысады, бірақ әзірге еш нәтиже шығар емес. Біраз уақытқа жоғалған олар көп ұзамай өз орындарына қайтадан шыға бастайды. Тіпті соңғы уақытта автобус ішіне кіріп, Құран аяттарын, уағыз оқу сәнге айналғандай.
Күні кеше ғана үйге қайтайын деп 92 нөмірлі автобусқа отырдым. Бірнеше аялдамадан соң жасы 10-11 шамасындағы ұлты сыған ба, тәжік пе бір бала кірді. Жерге отыра кетіп, аят оқи бастады. Қолында тиын-тебен салуға арналған пластик шынысы бар. Әйел тіленшілер болса қолындағы емшектегі баласын көрсетіп, ақша сұрайды. Қанша қарасақ та, әлгі сәбидің қыңқ етіп жылаған даусын ести алмайсың. Осыған байланысты ел арасында неше түрлі әңгіме өрбіп жүр. Кейбірі бала күні бойы тыныш ұйықтауы үшін есірткі немесе арақ береді дейді.
© Ертай Сарбасов"Алтын Орда" базары маңында қайыр сұрап жүргендер
Алматы көшесіндегі қайыршылар - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.07.2022
"Алтын Орда" базары маңында қайыр сұрап жүргендер
Тіленшінің өзінен мұны сұрағанымызда олар бұл сұраққа жауап беруден қашты. Жалпы халықтың тіленшіге деген көзқарасы да әртүрлі. Көбі олардың тіленшілікті кәсіп көзіне айналдырғанын білсе де, жылаған бала, арбаға таңылған қартқа қалай жаның ашымасын? Қайыр сұраған жанға 5-10 теңгесін болсын тастап кетуге тырысады.
Тілші түйіні: Хакім Абайдың "Есектің артын жусаң да мал тап" деген нақылы еріксіз ойға оралады. Қазір мұндай сөзді айтатын, оны құлаққа құятын адам тым сирек. Тегінде, қазақ бала-шағасын, ағайын-туысын қаңғытып, қол жайып, қайыр сұратуды ар, намыс санайтын халық емес пе еді? Тіленшілікті тірлік етіп жүргендер жақыннан қайыр болмаса, намысқа тырысып, жұмыс істеп, еңбек етіп өз күндерін өздері көруге әрекет жасаса қуанар едік.
Жаңалықтар
0