ҰҚК Нидерландымен бірге халықаралық арнайы операция өткізді

© AFP 2024 / FRENCH CUSTOMSГероин, архивтегі фото
Героин, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.07.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 7 шілде – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ауғанстаннан Нидерландыға Қазақстан аумағы арқылы есірткі тасымалдайтын халықаралық есірткі синдикатын жою бойынша арнайы операция өткізді, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
"ҰҚК ірі халықаралық есірткі синдикатының қызметін тоқтатуға бағытталған көп сатылы халықаралық операцияны іске асырды. Бұл қылмыстық топта Таяу Шығыс пен Азия азаматтары болған. Есірткі контрабандасы арнасының бағдары Ауғанстаннан басталып, одан әрі Қазақстан аумағы арқылы өтіп, ақырғы баратын жері Нидерланд болған", - делінген комитеттің хабарламасында.
ҰҚК топтың әрекет ету географиясы ауқымды екенін ескере отырып, Нидерланд Корольдігінің құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл ұйымдастырды.
Операцияны табысты іске асыруға Орталық Азия өңірлік есірткіге қарсы күрес жөніндегі ақпараттық-үйлестіру орталығы мен Қазақстан Бас прокуратурасының жәрдем беруі ықпал етті.
"Бірлескен жедел іс-шаралар нәтижесінде халықаралық есірткі синдикатының басты қатысушылары анықталды. Нидерланд аумағында жеткізу барысында курьер ұсталып, одан Ауғанстанда өндірілген 30 килограмм героин тәркіленді", - делінген хабарламада.
Одан әрі Амстердам қаласы құқық қорғау органдары тінту барысында ірі есірткі плантациясын анықтады.
Сарапшылардың дерегі бойынша жеткізілетін елде алынған есірткі құралдарының құны 2 миллион АҚШ долларына бағаланған.
Анықталған фактілер бойынша Нидерланд құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
Жаңалықтар
0