Қоғам

Депутаттар Назарбаевпен байланысты мерекелер туралы не ойлайды – видео

Жазылу
Қазақстанда тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевпен байланысты екі мереке бар: 6 шілде тойланатын Астана күні Елбасының туған күнімен тұспа-тұс келсе, 1 желтоқсан Тұңғыш президент күні аталып өтеді
Дәл осы қос мейрамға қатысты қоғамда әртүрлі пікір айтылады. Мәселен, қазақстандықтардың бір бөлігі Астана күнін басқа датаға ауыстыру қажет деп санайды. Ал жуырда өткен референдумнан кейін Конституциядан Елбасы мәртебесінің алынатынын ескерсек, Тұңғыш президент күнін жалпыхалықтық деңгейде атап өту қаншалықты қисынды деген сұрақ туындайды.
Sputnik Қазақстан тілшілері жұрттың көкейінде жүрген сұрақты парламент депутаттарына қойып, олардың ой-пікірін білді.
Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Астана күнін ешқашан Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстырмағанын айтты.
"Мен ешқашан бұл күнді белгілі бір тұлғаның туған күнімен байланыстырған емеспін. Дәлірек айтқанда, Елбасы туралы айтып отырсыз ғой. Мен үшін бұл әрқашан мереке, қала күні болды", - деп ағынан жарылды ол.
Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова Астана күнін басқа датаға ауыстыру мәселесі болашақта қайта қаралуы мүмкін екенін жоққа шығармады.
"Астана күні бәрібір де қажет. Меніңше, неге қайта қарамасқа? Оны қайта қарау және Астана күнін қандай да бір тарихи датамен байланыстыру болашақтың еншісінде шығар", - дейді сенатор.
Ал сенат депутаты Ләззат Сүлейменнің пікірінше, Тұңғыш президент күнін алып тастау Назарбаевтың еңбегін жоққа шығарғанмен бірдей.
"Ол кісінің мемлекеттің, халықтың алдындағы қызметтері бар екенін біз білеміз, оны мойындаймыз. Бірақ қоғамда қазір қойылып жатқан сұрақтар бар, қаңтар қасіреті бар. Ол сұрақтардың барлығына мен жауап беріледі деп ойлаймын. Ал енді бірінші президент, оның еңбегі, оны жоққа шығару туралы мәселені қоюды мен дұрыс деп есептемеймін", - деді ол.
Парламент депутаттарының пікірін толығырақ біздің видеодан тыңдаңыз.
Жаңалықтар
0