Нұр-Сұлтанда Елорда күніне орай отшашу болмайды

© Sputnik / Владислав ВодневЕлорда қала күніне орай безендірілді
Елорда қала күніне орай безендірілді - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.07.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 5 шілде – Sputnik. Биыл Астана күніне орай Нұр-Сұлтанда отшашу болмайды, деп хабарлады қала әкімдігі.
Нұр-Сұлтан 6 шілде күні өзінің 24 жылдығын тойлайды. Қала күніне орай концерт, спорттық фестивальдер сынды оннан аса іс-шара жоспарланған.
Астана күнінде қалада бірқатар әлеуметтік нысанның (кезекте тұрғандарға пәтер кілтін тапсыру), зауыттың, скверлердің, қоғамдық кеңістіктердің, 80-нен астам ауланың ашылуы өтеді.
1-6 шілде аралығында "Атамекен" этно-мемориалдық кешенінде "Елорда пейзаждары" атты арт-көрме жұмыс істейді. Мерекеге орай біріккен мұражайлар дирекциясы бірден бірнеше экспозиция ұйымдастырады: 1-8 шілде аралығында – "Ел тірегі – Елорда" көрмесі, 1-5 шілде аралығында – "Киелі менің Елорадам" фотокөрмесі. 5 шілде күні "Әлем картасындағы жаңа елорда" ашық есік күні өтеді.
4-6 шілде аралығында орталық саябақта "Mereke Street" қалалық мәдениет фестивалі өтеді.
5 шілде күні сағат 19:00-де филармонияның концерт залында "Әзіл әлемі" әзіл кеші ұйымдастырылады. Осы уақытта "Астана Опера" опера және балет театры күміс дәуірінің "Шопениана" және "Шехерезада" балеттерін ұсынады.
5 және 6 шілдеде "Колизей" спорт кеңістігінде "Отан Ана" монументінің жанында стритболдан "Nur Sultan Cup" турнирі ұйымдастырылады. 5-9 шілде аралығында "Астана Балет" театры "Орфей және Эвридика" балетінің премьерасына шақырады.
Астана күні, 6 шілдеде сағат 11:00-де Триатлон саябағында "Elorda Tolqyny" спорттық жарысы басталады. Осы уақытта "Қазанат" ипподромында шабандоздар "Астана кубогы" үшін бәйге түрлерінен бақ сынайды. Кешке, сағат 21:00-де Амфитеатр сахнасында Ұлықпан Жолдасов "Ақ қанат – ақ құсым" бағдарламасымен өнер көрсетеді. Сағат 18:00-ден 22:00-ге дейін "Астана-Арена" стадионының тұрағында "Халықпен бірге" дәстүрлі Open air өтеді. Сол күні кешке "Қазақстан" ОКЗ "Дос-Мұқасан" ансамблінің шығармашылығына арналған "Далам менің" концерті ұйымдастырылады.
8 шілдеде Амфитеатрда "Мен сені сүйемін, Астанам" атты концерттік қойылым өтеді. "Барыс Арена" мұз сарайының жанында 12 сағаттық "You Fest" Open air шарасын өткізу 20 шілдеге ауыстырылды.
Айта кетейік, Елорда күніне арналған іс-шаралар маусым айында басталды. Мәселен, Ермұрат Үсеновтың 70 жылдығына арналған "Өмір дастан" концерті, ерлер мен әйелдер арасындағы бокстан "Елорда кубогы" халықаралық турнирі, көрмелер ұйымдастырылды, сондай-ақ Ұлттық домбыра күні мерекеленеді.
Жаңалықтар
0