Тренд болған тренинг: пайдалы ма, зиян ба?

© Photo : РixabayИллюстративті фото
Иллюстративті фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.06.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым – Sputnik. Елімізде 200-ге жуық тренинг орталығы бар. Бұл – тіркелгені. Ал тіркелмегені қанша? Оған шет елден келіп, тренинг өткізетіндерді қосуға болады. Барлық жиын ақылы. Соған қарамастан, тренинг – тренд. Тіпті әлеуметтік желі арқылы онлайн өтетіндер де көп. Тақырып ауаны әртүрлі. Қазіргі кезде таптырмас дүние дерсіз. Неліктен? Sputnik Қазақстан тілшісі тренинг, әртүрлі тақырыпқа бағытталған курс, онлайн марафондар тақырыбын зерттеп көрді.
Бүгінде әлеуметтік желіде "подписчигі", яғни тіркелушісі көп екі адамның бірі тренер, мотиватор, ұстаз болып кеткен. Қаласаң да, қаламасаң да, қазіргі қоғам осыны қажет етіп отыр. Бақытты әрі бай болудың жолын шындап "меңгергіңіз" келсе, онлайн-тренингке қатысуға болады. Байығысы келмейтін адам жоқ. Тренинг оңай және жылдам баюдың жолын үйретер болса, неге байымасқа?
Әмина ұзақ уақыт бойы күйзелісте болды. Жұмысын істегісі келмеді, жігітпен сөзі жараспады. Кейбір таныстары жиналған мәселеден толық арылтатын тренингтерге шақыра бастады. Сөйтіп ол психологиялық тренингке қатысуға шешім қабылдады.
Әминаны тренинг өткізетін коучтың басынан өткен оқиға қызықтырған. Коуч оқырмандарына онкологиялық аурудан аман қалғаннан кейін ендігі мақсаты басқа адамдарға өмір сүруге көмектесу екенін айтқан.
Тренингте қандай да бір нәтижеге қол жеткізу үшін бірнеше сатыдан өту керек болған. Оның бірі тура бір айға созылды, құны – 90 мың теңге. Жалпы алғанда, кейіпкер жарты миллионнан астам ақша төледі. Қарызға батқан жоқ. Себебі Әмина сол кезде коммерциялық банктердің бірінде жұмыс істеп жүрді. Ата-анасымен бірге тұрғандықтан, артық шығын шықпады, пәтер жалдап тұрмады. Жалақысы осындай "оқуды" жабуға жеткілікті болды. Тренинг аяқталғанымен, ол өзінің психологиялық проблемаларын шеше алмаған. Керісінше өзіне деген сенімсіздік, фобия және күйзеліс одан сайын ушығып кетті.
"Бірінші сабақта бізді кезекпен аудиторияның ортасына отырғызып, жұрттың алдында өзінің жарақаттарын айтқызды. Яғни балалық шақпен байланысты жарақат. Сол кезде маған көмектесуді сұрап, өмір сүргім келетінін айтып жылағаным есімде. Осындай "терапиядан" кейін өз-өзіме әрең келдім. Одан кейін тапсырмалар орындау басталды. Арбатта жүріп, музыка қосып, бейтаныс адамдарды билеуге шақырдық. Тренерлер бізге осылайша бойымыздағы қорқынышты жеңетінімізді айтты. Осы тәріздес тапсырмалар көп болды. Қайыршы, жезөкше болып көшеде жүрдік. Барлығының көзінше қоқыс жәшігімен сөйлесу немесе бейтаныс адамдарға арманыңды айту керек. Бізді осылайша соңына дейін жететін-жетпейтінімізді тексерген секілді", – деді Әмина.
Сондай-ақ бұл психологиялық тренингтің тағы бір шарты – танысыңды әкелу болды. Әмина соңына жетпей, орта жолдан тастап кетті. Өйткені оның психологиялық жағдайы одан сайын қиындай түсті. Курстардан кейін өз-өзінен қашып, тұйықталды. Құрбысы гештальт-терапия бойынша курс ашқан кезде тренингтен көңілі мүлдем қалды. Тағы бір риелтор танысы оған хабарласып: "Білесің бе, менің әлеуметтік желідегі қарым-қатынас туралы жазбам оқырман көңілінен шықты. Бәлкім психологиялық курс ашсам қалай?" деп сұраған көрінеді.
Одан қалса әлеуметтік парақшаңызды дамытқыңыз келе ме? Оп-оңай, 6 күндік онлайн курстан бастап, 1 айдан асатын марафонға қатысып-ақ керек білімді меңгеріп шығасыз. Абзал есімді кейіпкеріміз SMM маманы курсына қатысып, бүгінде қосымша табыс тауып отыр.
"Сол кезде мен мамандығымды ауыстыру туралы ойланып жүрген едім. Ағылшын тілі мұғалімі немесе SMM маманының бірін таңдау керек едім. Сөйтіп қазіргі уақытта сұранысқа ие SMM-ді таңдадым. Шамамен сол кездегі курс бойынша 100 АҚШ долларын төледім. Курсты шамамен алты айдан бір жылға дейін оқыдым. Курсты аяқтаған соң SMM мамандығын игердім бе? Иә", – деген кейіпкеріміз алғашқы клиенттерін табуда қиындық көргенін жеткізді.
Әуел баста ол тегін клиенттерді табуға тырысты. Себебі курста солай үйреткен. Іздеу нәтижесінен түк шықпаған. SMM-мен байланысты алғашқы жұмысы курсты аяқтағаннан кейін төрт айдан кейін басталды. Танысы жеке брендін әлеуметтік желіде дамыту туралы ұсыныс білдіріпті. Осылайша теорияны білген кейіпкеріміз тәжірибе жинақтауға кірісті. Бағасына келіскеннен кейін әлеуметтік желідегі парақшасын әрлеп, контент-жоспар құра бастады.
"Әлеуметтік желі үшін фотосессия ұйымдастырдым. Барлығы дұрыс келе жатқан сияқты көрінді. Алғашқы олқылықтар 2-3 айдан кейін көріне бастады. Клиентім әлеуметтік желілер арқылы тегін вебинарлар мен курстардан өткен. Ары қарай өзі жалғастыратынын айтты. Ол үшін қуанғаныммен, егер тегін үйренуге болса, не үшін ақша төледім деп ойланып қалдым", – дейді ол.
Десе де бұл оқиға оның ары қарай дамуына кедергі келтірмеді. Фото-видео контент, пост жазу, сторис жасауға қатысты түрлі курстарға қатысты. Тәжірибесі мен білгенін бөлісу үшін вебинарлар өткізіп, контексті жарнама жасады.
"Мен SMM мамандығын қосымша алып жүрдім. Өзімнің негізгі жұмысымды тастамадым. Өйткені бастапқыда тұрақты клиенттер базасы қалыптаспады. Ертеңгі күнімді ойладым. Осылай жүргенімде тағы да жарты жылдан кейін жаңа SMM маманының жұмысын таптым. Оған дейін ондаған кездесуге барып, тапсырмалар орындадым. Бірақ бір сәтті тестік тапсырмаларды орындаудан бас тарттым. Өйткені онда компанияның маркетингтік стратегиясын құру қажет болды. Одан бөлек әлеуметтік желіні жүргізудегі қателіктердің орнын толтыру үшін қандай жұмыс істеу керегін тізіп жазуым керек екен. Бас тартуымның себебі – олар менің ақы алатын жұмысымды тегін жасатқысы келді", – деген Абзал бүгінде SMM маманы ретінде айына 200-300 мың қосымша табыс тауып отыр.
Тренинг, марафон, коучинг сабақтардың құны бірдей емес. Бірі бағасын ашық айтса, енді бірін менеджеріне, жекесіне шығып қана білуге болады. Мәселен, "Мотиватор-коуч" сабағын алғыңыз келсе, 400 мың теңге төлесеңіз жетеді. Ал 3 айлық марафонға қатысу құны – 150 мың теңге. Қазіргі сұранысқа ие мобилограф және ютубты дамытуға бағытталған оқу құны – 200 мыңнан кем емес. Соның өзінде бұл баға дәл қазір сатып алсаң ғана. Баға осылай жалғаса береді. Онлайн-сабақтардың да тақырыбы әртүрлі. Бірі – сананы өзгертуге жол сілтейді, бірі – оңай баюдың жолын үйретеді, кейбірі – жетістікке жетудің кілтін көрсетеді. Одан қалса, әдемі фото жасап, видеоны өңдейтіні бар. Бизнес ашып, кәсіп бастағысы келетіндерді де ұмытпайық. Бастысы – мақсат пен қалтаңыз көтерсе болғаны.
Медиа саласына қатысты 6 күндік марафон құны – 50-60 мыңның айналасында. 6 күннің ішінде сіздің миыңызға интернет-маркетинг, SMM, дизайн, копирайтинг, мобилография, жеке бренд тақырыбын құйып шығады. Ұзаса 2 сағат болатын, жиынтығы 12 сағаттың ішінде осы тақырыптың барлығын меңгеріп шығу мүмкін бе? Бұл жөнінде ұстаз Жансая Қабден:
"Өз басым мұндай дүниеге қызықпаймын. Сол үшін мән бермеуге тырысамын. Сондықтан керек емес деп ойлаймын. Өйткені бір адам ойлаған затты екінші адам да ойлай алады. Біреудің қолынан келген нәрсе екіншінің де қолынан келеді емес пе? Ол үшін ақша төлеп, білетініңді қайта тыңдау дұрыс емес деген пікірдемін. Егер адам шын ниетімен қалап, мен осыны үйренемін десе, оның басқа да тәсілдері бар. Дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз. Қажетіңді интернетке, ютуб желісіне жазсаң, алдыңнан шыға келеді", – деген пікірде.
Ал мамандар болса "тренинг өткізу – алаяқтықпен тең" дегенді алға тартады. Ал кейбіреулер мұндай тренингтердің пайдасы бар дейді.
"Тренингтің екі түрі болады: бизнес тренинг және әлеуметтік-психологиялық тренинг. Бизнес тренингтердің дамуы жаһандық проблемаларға байланысты. Заман адамдардан белгілі білімді талап етеді. Сондықтан бизнес тренингтер сұранысқа ие болып жатыр. Бизнес тренинг – сыртқы қажеттіліктер. Ал әлеуметтік-психологиялық тренинг – ішкі қажеттілік. Сондықтан бұл мәселеге басқаша қарауымыз керек. Ең қауіптісі де осы жерде. Әлеуметтік-психологиялық тренингтердің аудиториясын қарайтын болсақ, көбінесе әйелдер, жастар. Психологиялық тренингтердің көбеюінің тағы бір факторы – саясат. Психологияның саясаты бойынша адамдарды бір-бірден жинағаннан олар аз келеді. Сондықтан топтық психология пайда болды. Мысалы, адамдарды бір топқа жинап, бір мәселені талқылау", – дейді психолог Ләззат Азаматова.
Жалпы адамдардың тренингтерден неліктен опық жейтінін түсіну үшін психолог маманға бірнеше сұрақ қойған едік.
– Курсты жүргізетін адамның мотиватор емес, алаяқ екенін қалай ажыратуға болады?
– Көп жағдайда мотиваторлар өз аудиториясына әлеуметтік желі арқылы шығады. Ең бастысы – кез келген адам әр ақпаратты қайта-қайта тексеруге тиіс.
Мотиватордың өзі не істейді, оның бизнесі қандай, отбасы қандай, ол осы нарықта қанша уақыт жұмыс істеп келеді дегенге бірінші кезекте назар аударуыңыз керек. Біз кез келген жаттықтырушының үлкен өмірлік тәжірибесі мен білімі болуы керек екенін түсінуіміз керек. Екіншіден, әдемі жарнаманың артында әрдайым дәмді "кәмпит", яғни жоғары сапалы өнім бола бермейді. Сондықтан біз курс қатысушылары қалдырған пікірлерді оқимыз, егер мүмкін болса, біз осы тренингтерден өткен адамдардың жекесіне шығып, байланысамыз. Егер мотиватордың әлеуметтік парақшасында тек оң пікір болса, сіз одан теріс пікір сұрай аласыз. Жаттықтырушы жоқ деп айтқан кезде, бұлай болуы мүмкін емесіне көңіл бөліңіз. Өйткені барлығына бірдей ұнау мүмкін емес. Кез келген тренингте кез келген тыңдаушы курсты жүргізетін адаммен келіспейді.
Осы нарықта ұзақ уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан саналы мотиватор көп нәрсені тегін үйретеді. Өйткені бұл оның ішкі элементі, ол өз тәжірибесін бөліскісі келеді. Кәсіби емес жаттықтырушыларда көптеген патология болады. Мысалы "Мен осындай болдым, сосын сәттілік пен байлыққа қол жеткіздім. Мен сізді ынталандырамын" деген сияқты.
– Осындай мотивациялық тренингтерден зардап шеккен адамдар сізге жүгінді ме?
– Иә, олар жеке терапияға жиі келеді, өйткені курстардан кейін эйфория бір айдан кейін бітеді. Олар сол курстарға қайта бару үшін тағы да көп ақша төлеу керек екенін түсінеді. Курстарда адамға сыртқы ынталандыру беріледі, ол оны "қабылдап", алысқа кете алмайды, өйткені ішкі талдау ұзақ уақытты қажет етеді.
Мұндай адамдар көбінесе өздерін түкке тұрғысыз сезінеміз деп айтады. Өйткені курста оларға көптеген құрал, мотивациялық заттар берілді. Олардың "мені" әлсіз болады және өзін-өзі төмен бағалау басталады. Салдарынан мұндай тренингтерден кейін ол көп бағаланбайды, нәтижесінде мүлдем жұмыс істей алмайды немесе жұмысынан ләззат алмайды. "Мен өте жаманмын, бәрі маған байланысты, мен ештеңе істей алмаймын" деп ойлайды.
– Неліктен ішкі проблемасы бар адамдар психологқа қарағанда тренингке баруды жөн көреді?
– Өйткені олар ішкі "менінен" қорқады. Міндетіміз – ішіндегі уайымды сыртқа шығару, адамның неге оған сәйкес келмейтін жағдайларда үнемі өмір сүретінін және оларды өзгерткісі келмейтінін, оны өзгерту үшін не істеу керектігін түсіндіру. Адам сыртқы әлемді қабылдау өзіне байланысты екенін түсінген кезде бірдеңені өзгерту қиынға соғады.
Мысалы, ол бәріне ашуланады, өйткені ол өзін кінәлі сезінеді немесе бірдеңе үшін ұялады және бұл сезімді сезінбеу үшін ол бәріне күлуге дайын. Немесе керісінше, бәріне әлемнің дұшпан екенін айтады. Осы сәттердің барлығын ашып, жою арқылы адам өмірі оңалады. Бірақ психологқа бару әрқашан қымбат, ұзақ және ауыр.
Шынымен де, адамның ішкі жан дүниесі мазасыз болады. Адамға қойылатын талап та артқан сайын, адамның күйзеліске ұшырауы жиілейді. Жан дүниесіне тұрақтылық табу үшін осындай тренингтер іздей бастайды. Психологқа бара алмайды, себебі ақысы жоғары және қоғамның көзқарасы да оңды емес. Сол себепті адамдар өздеріне қолайлы орын іздеп, өзімен пікірі бір аудиторияда тоғысады.
"Жақсы ойлары көп. Санаңыз жаңа дүниеге, өзгеріске, тұлғалық дамуға ашық болса, пайдалы болары анық. Мұның бәрі ниетке байланысты. Сынап, мінеу үшін тыңдасаңыз, негатив табасыз. Үйрену, білу, сезіну үшін тыңдасаңыз позитив, өзіңізге қажет нәрсе аласыз. Не үшін тыңдағыңыз келеді, пікір соған байланысты өрбиді. Жеке бастың өсуіне қатысты тренингтерге қызығамын. Ішкі түйсік, визуализация сынды дүниелер ұнайды", – дейді тыңдаушылардың бірі Аяулым Әсембекқызы.
Ақылы жолмен білім үйретуге болады. Экономикалық сауат ашуға болады. Қаржылық сауатыңызды арттыра аласыз. Тіл білуге де мүмкіндік бар. Тіпті тігінші немесе шаштараз болғыңыз келсе де, курсқа барыңыз. Ал әлеуметтік ахуалыңызды тренинг арқылы түзеу мүмкін бе?
Қазақта "аңқау елге – арамза молда" деген жақсы сөз бар. Ел аңқау болса, ондайлар көбейе беретіні жасырын емес. Бұл да елдің бүгінгі даму деңгейін көрсетеді. Тренингке ешкім қатыспаса, мұндай онлайн сабақтар да көбеймес еді. Сұраныс болғаннан кейін барлығының саны артып келеді. Байқасаңыздар, тренинг өткізіп жүргендердің кейбірі нақты бір мамандықты терең меңгермеген.
Кей адам тренинг, курс, марафондарға қажеттілік үшін барады. "Үйренсем-білсем" деген талаппен баратындар тағы бар. Бірақ біреудің өмірін немесе тағдырын өзгерте алмайтынымыз анық. Мүмкін, дұрыс жол сілтеп, тура жолға салатын шығар. Бірақ барлығына бірдей баюға мүмкіндік туа қояр ма екен?..
Жаңалықтар
0